Мекеменің есепке алу, сақтау, көрме және оқу залдары жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анар Баймағамбетова ұсынған мәліметке жүгінсек: «Бұл көне жазбаны ғалымдар ежелгі түркілердің генеалогиялық тамыры деп таниды. Ал біздің қорда тұрған нұсқа парсы тіліндегі аудармасы. Кітаптың түпнұсқасы Гарвард университетінің (АҚШ) Хоутон кітапханасында сақталған», дейді.
Сондай-ақ зерттеуші В.Тизенгаузен «Шаджарат әл-Атрак» қолжазбасы шамамен ХV ғасырдың ортасында құрастырылып, кейін Мырза Ұлықбектің «Улус-и арба-йн» шығармасы негізінде кейбір толықтырулар енгізілген деп түсіндіреді.
Жалпы, шығармада Шыңғыс хан және түріктер шежіресі немесе түркі билеушілерінің тарихы және олардың шығу тегі туралы мифологиялық тарихи түсініктер баяндалыпты. Атап айтсақ, қолжазбада түркілердің шығу тегін Нұх пайғамбардың ұлы Яфеттен таратады. Оғыз хан дәуірі, одан Шыңғыс хан дәуірі баяндалып, қағанның төрт ұлы Жошы, Шағатай, Өгедей, Толуйдың патшалық құрған кезеңі туралы мәліметтер бар.
Сонымен қатар кітапта, түркі тайпаларының саяси одақтары, олардың атаулары, туыстық қатынастары және қоныстанған аймақтары мен билеуші әулеттері туралы мәлімет берілумен қатар, этнографиялық түсініктер, әдет-ғұрыптар, тұрмыс-салты, әлеуметтік дәстүрлері туралы сипаттамалар бар.
Бұл туынды зерттеушілер үшін үлкен құндылыққа ие. Себебі ежелгі түркілердің этностық тарихын біліп, шығу тегі туралы ортағасырлық түсініктерді қалпына келтіру, түркі генеалогиясы мен тайпалық құрлымын зерттеу үшін таптырмайтын еңбек.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталық мамандары болашақта аталған туындыны ХІ ғасыр мұрасы Әбу Саид Гардизидің «Зайн әл-ахбар» («Жаңалықтардың інжу-маржандары»), Махмұд Қашқаридің «Диван лұғат ат-түрк», Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих» еңбектерімен салыстырмалы талдау жүргізуді қолға алып жатыр екен.