Аспанмен тірескен зәулім ғимараттар идеясы АҚШ-та пайда болды. Бұл ірі қалалардағы жердің тапшылығы мен қымбаттығына байланысты ғана емес, сонымен қатар америкалықтардың ерекше ұлттық рухына сай келді. Супер жетістіктер, табыс көрсеткіші, көшбасшылық пафос «америкалық арманмен» үйлеседі. Көптеген қаладағы ескі ғимараттарды сырып тастап, қайта салды. Әрине, экономикалық тұрғыдан көпқабатты үйлердің бағасы арзанырақ болды.
Ал еуропалықтарға халық тарихын, адамдар үшін маңызды оқиғаларды еске салатын ескінің көзі маңыздырақ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаның көптеген қаласы қирады, ғимараттарды бүтін сақтап қалу мүмкін болмады. Алайда олар қалаларының бейбіт уақыттағы келбетін қайтарғысы келді. Осылайша, ұлттық құндылық идея арқылы қайта жаңғырды. Олар толығымен қираған ғимараттардың орнына жаңасын салмай, ескі ғимараттардың көшірмелерін тұрғызды. Ескі жоспарлар бойынша, фотосуреттер, кейде тіпті суретшілердің картиналары және қариялардың естеліктерімен тарихи нысандар қайта бой көтерді. Мәселен, олар Варшаваның, Дрезденнің, Кельннің ескі аудандарымен ең үлкен сәулет ескерткіштерін, Монте-Кассино ғибадатханасын, Сен-Жерве шіркеуін, т.б. нысандарды қалпына келтірді. Қалалардың сыртқы келбетінің осылайша қайта жандануы тұрғындарға бірігіп, соғыстағы шығынды аман алып қалуға мүмкіндік берді. Үйлер көбіне ғасырлар бойы бір отбасының меншігінде болды. Ал тұрғындар оларды «бет-жүзі жоқ жәшік үйлер» үшін бұзбай, біртіндеп электр желісімен, кәріз жүйесімен, ауызсумен жабдықтау арқылы жаңартуды жөн көрді. Осылайша, Еуропа елдері төл тарихи құндылықтарын ұлттық идеяға айналдыра білді.
Біз де америкалықтар секілді ескі ғимараттарды сақтауға құлықсыз халықпыз. Мәдениеттің ошағы саналатын Алматы қаласының өзінде кейінгі 5-6 жылда бірқатар тарихи нысан қиратылып, жекеменшіктің қолына өтті. Мәселен, Пушкин көшесіндегі 44-үйде орналасқан Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектеп ғимараты қазір KFC қоғамдық тамақтану орнына айналған. Қоғам белсенділері мұндай мәселелерді депутат, жергілікті билікке айтып шағымданды да. Сондай-ақ мамандар Алматы қаласындағы Республика сарайы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Республикалық қуыршақ театры қайта жаңғыртудан өткен соң тарихи келбетін жоғалтып алғанын айтады.
Сонымен қатар өткен жылы туристерді тамсандырып, балаларға ұлт болмысын танытқан Шымкенттегі ұлттық құндылықтар орталығы бір мезетте қиратылғанын түрлі БАҚ жариялаған еді. Орталық мамандарының айтуынша, этно-дизайн сәулетіндегі ғимарат кезінде өлкетану мұражайы, атшабар, Қазақ хандығының ескерткіші мен Наурыз алаңы бар этносаябақтың құрамдас бөлігі ретінде салынған. Ал қазір бұл Түркістан облысы әкімдігінің қаладағы кеңсесі. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы аталған орталыққа арналып домбыра мүсінді үлкен, қаланың ең биік жерінен еңселі ғимарат салынып жатқанын айтып ақталды.
Ал өткен жылы ұлы Абайдың 180 жылдығында Абай облысының әкімі Берік Уәли: «Мен сіздерге бір тарихи шындықты айтайын. Семей қаласында 1981 жылдан бері жаңа мәдени ошақ бой көтермеген екен. Соңғы салынған ғимарат – Абай театры. Содан бері 44 жыл бойы біздің облысымызда бірде-бір мәдениет үйі салынбапты. Президенттің «Абайға құрмет» акциясы осы олқылықтың орнын толтырар деген үміттеміз», деді.
Абайдың 180 жылдығына орай облыстар уәде еткен Маңғыстаудың Достық үйі, Шымкенттің шығармашылық орталығы, Түркістанның көрме орталығы, Астананың «Келешек мектебі», Ақтөбенің жекпе-жек орталығы, Павлодар облысының Үстел теннис орталығы ұлттық құндылығымызды алыстан асқақтатып тұрса игі.
Қазір шыны керек, елімізде зәулім, бір-бірінен асып түсетін мейрамхана, тойханалар күн санап бой көтеріп жатыр. Ұлттық құндылығымыз, ұлттық идеямыз, жалпы мәдениетіміз қала орталықтарында орналасқан тойханалардың тасасында қалып қойып жатқан жоқ па?
Қалай десек те, қалаларымызда көз жауын алар көрікті ғимараттар бой көтеріп жатқанымен, тарихи құрылыс нысандарына тән көне құндылықтардың көмескіленіп бара жатқаны көңілді күпті етіп тұр. Ұлттық құндылық тек нысан салумен өлшенбейді, әрине. Дегенмен, егер жаңа ғимараттар тарихи жадымен, рухани сабақтастықпен ұштаспаса, олар ұлттық идеяның емес, тек уақытша сәулеттік идеяның жемісі болып қала бермек. Сондықтан сәулеттік даму мен жаңғыру өткенді өшірмей, оны жаңа мағынада жалғап жатса, керемет емес пе?