Ата заң • Бүгін, 08:48

Байыпты мемлекетшілдік қадам

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халық назарына ұсынылған жаңа Конституция жобасында айтылған ауқымды бастамаларға еліміздегі сая­си партиялар үн қосып жатыр. Олар әрбір өзгерістің артында елдің тағдыры мен болашағы тұрғанын атап өтті. Сондықтан бұл талқылауға әрбір азамат атсалысуға тиіс.

Байыпты мемлекетшілдік қадам

Сурет: Sputnik / Владислав Воднев

Жалпыұлттық социал-де­мократиялық партиясында Конституцияның жаңа жобасын талқылауға арналған Саяси кеңес отырысы өтті. Қа­тысушылар Конституция­ға енгізілетін өзгерістер мен он­дағы ұсы­нылған түрлі жоба­ның елді дамытуға деген мүм­кіндігін саралады. Сондай-ақ саяси жүйенің қоғам мен мемлекет арасын­дағы ынтымақ пен жаңартудағы маңызын қарастырды.

Саяси кеңес мүшелері Ата заңды тал­қылау қоғамның жаңа­­руға және еліміздің қазір­гі даму кезеңіне сай тұрақ­ты шешімдер мен мүмкіндіктерді іздеуге деген сұранысын жоға­рылатқанын атап өтті. Соны­мен бірге жиынға қатысушы­лар Конс­ти­туцияда бекітілетін норма­лар әлеуметтік салада, еңбек қатынастарында және азаматтардың өмір сапасын арттыруда нақты жұмыстарды алға қойып отырғанына тоқ­талды.

Реформаның институ­цио­налдық қырла­рына да ерек­ше на­зар аударылды. Қатысу­шылар билік тармақ­тары арасындағы өзара іс-қи­мылдың тұрақты моде­лін қалыптастырудың маңы­зы­на тоқталып, өкілетті орган­дардың рөлін күшейту мен мемлекеттік институттарда қабылданатын шешімдерге деген жауапкершіліктерінің жоғары болуы қажет екенін еске салды.

Елордада Respublica партиясы активінің кеңейтілген отырысы өтіп, ол Негізгі заңға салмақты көзқараспен қарап, ортақ партиялық ұстанымды қалыптастыруға арналған ашық диалог алаңына айналды.

Отырысты ашқан партия төрағасы Айдарбек Қожа­на­за­ров ұсынылып отырған құ­жат­ты мемлекеттің дамуы үшін са­палық тұрғыдан жаңа кезең деп бағалап, талқылау­дың ба­ғытын айқындады. Ол құ­жатта унитарлы құрылым мен аумақтық тұтастықтың мыз­ғымай сақталғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар жаңа жобаның өзегінде адамға бағыт­талған, азаматтың құқы­ғы мен қадірін алдыңғы орын­ға қоятын көзқарас бар екенін айтты.

Өңірлік партия жетек­шілері рефор­маның прак­ти­калық қырларына тоқтал­са, Re.Women әйелдер қауым­дастығы мен ReJastary жастар қозғалысының өкілдері реформаны азаматтық қатысуды кеңейте­тін нақты тетік ретінде қолдайтындарын білдірді.

Отырыста Мәжіліс депутаттары, Respublica партиясы фракциясының мүше­лері, аймақтық филиалдар төраға­лары да сөз сөйлеп, ой-пікір­лерін ортаға салды.

Кеше Қазақстан Халық партиясы фрак­циясының отырысында да депутаттар жаңа Конституциясының жобасын талқылады. Отырыс барысында ҚХП фракциясының жетек­шісі Магеррам Магеррамов Мем­лекет басшысының бас­тамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар азаматтарды белсенді әрекетке, сон­дай-ақ елдегі шешім қабылдау үдерісіне жаппай қатысуға ынталандыратынын атап өтті.

Депутат Ирина Смир­нова Конститу­цияның толық жаңар­тылған преамбула­сын ерек­ше атап өтті. Депутат Асыл­бек Нұралин елдің жаңа Конституциясы еңбек ету құ­қы­ғын қамтамасыз ететініне, бұл құқық Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағ­дарламасында бекітілгеніне назар аударды.

Кенжеғұл Сейтжан аза­мат­тардың құқық­тары мен бос­тандықтарын негізгі құнды­лық деп санайтын мем­­лекеттік саясатты әлеу­метке бағдарланған саясат деп жоға­ры бағалады. Депу­тат Ислам Сұңқар отырыс ба­рысында ұсынылып отыр­ған жаңа Конституция еліміз­дің жаңа ғылыми және инно­вациялық бағытын айқын­дайтынын атап өтті.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фрак­циясының төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен фракция отырысын­да Конституцияның жаңа жо­басы мен оған енгізіл­ген өзгерістер кеңінен талқы­ланып, маңызды құжатты ел ішінде  белсенді түсіндіру жұмыс­тарының қажеттілігі айтылды.

С.Егізбаев жиналған қауым­­ды ел бола­ша­ғы үшін маңыз­­ды құжаттың басым бағыт­­тарымен таныстырып, ұсы­­нылған Конституция жоба­­сын мұқият зерделеу­ге және шындыққа сәйкес кел­­мей­­т­ін аран­датушылық жа­рия­­ланымдардың ықпа­лына түс­пей, тек ресми құ­жат­­қа сүйе­не оты­рып, сындар­лы пікір қалыптастыруға шақырды.

«Ауыл» фракциясының депутаттары Ата заң жобасын бірауыздан қолдап, оның құқықтық мемлекетті нығайту мен еліміздің одан әрі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

Жаңа Конституция бойын­ша нақты шешімді халық жалпыұлттық референдумда қабылдайды. 

Соңғы жаңалықтар

Байыпты мемлекетшілдік қадам

Ата заң • Бүгін, 08:48

Май зауыты шикізатқа зәру

Экономика • Бүгін, 08:45

Ұлтты ұйыстырар фактор

Саясат • Бүгін, 08:43