Төскейде малымыз қосылған көрші Арал ауданының тумасы Қыдырбай Ыбыраймовтың әңгімесінен осы көмескіленіп бара жатқан аңшылық өнеріне қатысты сауалдарымызға жауап алғандай болдық. Бала кезінен аңшылықтың жілігін шағып, майын ішкен оның қолында қазір жиырмаға жуық қақпан бар. Оны құру жолдарын ауыл мектебінде көп жыл ұстаздық еткен әкесінен үйренген.
Кейіпкеріміз иығына қасқыр қақпандарын іліп, еліміздің әр өңірін аралаған. Себебі мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар бұл азаматты жиі шақыртады. Түз тағысы төрт түлікке қауіп төндіргенде, Қыдырбай ағаның қандыауыз қақпандары талай жерде тосқауыл болған. Қасқыр алған олжалы сәттері әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, оған хабарласушылар қатары арта түскен.
Кезінде әкесі ұлына қақпанды әрдайым тақ қылып құруды өсиет етіпті. Сол ақылмен Қыдырбай аға әлі күнге дейін барған жеріне үнемі 13, 15, 17 қақпаннан апарып құрады. Қасқыр қақпанын құрудың өзге аңдарға қарағанда күрделілігі де бар екен. Қақпаншының айтуынша, қасқырдың ізіне түсіп, оның жүретін аумағын, қыс мезгілінен былайғы уақытта су ішетін жерін алдын ала мұқият барлап алу керек. Қасқыр жемтігін жегеннен соң, ол арадан әрегірекке барып сарып, жерді тырнап, белгі салады. Бұндай жерді «бөрісоқпақ» деп те атап жатады. Сол белгі салған тұсқа қасқыр бірнеше күннен соң қайта келіп сариды. Осындай жерлерге немесе қасқырдың жортатын жолдарын дәл тауып құрған дұрыс. Жалпы, қасқырға көктем мезгілінде қақпан құрған тиімді. Бұл уақытта олар күшіктейді, баласына тамақ тасу үшін енесі көп кезіп, бұрынғыдан сақтық қасиеті әлсірейді екен.
«Қақпанның тоқпағы мықты болу керек. Тоқпақ дегеніміз – шынжырына байланатын ауыр темір. Сол ауыр зат жерге сүйретіліп ізі түседі, сонымен барып тұзаққа түскен қасқырды табасың. «Түлкі түптеп қуғандікі, қасқыр қақ басқа ұрғандікі» деген сөз бар. Қақпанда жатқан тірі қасқырмен бетпе-бет келгенде ауыр тоқпағын өзіне қару ретінде қолдануға болады. Арландары қақпандағы аяғын мүжіп сындырып, босанып кетеді. Мұндай жаны сірі мықтыларын қасқырдың абаданы атайды», дейді Қыдырбай Саражадинұлы.
Аралдық Қыдырбай қақпаншының әңгімесін тыңдаған соң өз өлкемізден де қақпан құрудың әдісін білетін жандар бар ма екен деп, іздестіре бастадым. Көпшілік бірауыздан Шалқар ауданының жасы үлкен қариясы, Жылтыр ауылының тұрғыны, 95 жастағы Жұмабай Жансүгіровке жолығуға кеңес берді. Жұмабай ақсақалдың есімі елге күйшілігімен етене таныс. Ол – қазақтың әйгілі күйші-композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының музыкалық мұрасын көздің қарашығындай сақтаған жан. Оның көпшілік біле бермейтін қырларының бірі – аңшылық өнері. Қырық жыл шопан болып еңбек еткен ақсақалдың аңшылық жолдағы оқиғалары туралы айтқан әңгімелері аңызға бергісіз.
«Қақпанды он жеті жасымнан бастап құрдым. Оны ермек еткеніміз жоқ. Бала күнімізде бұл күнкөрістің құралы болды. Таңнан кешке дейінгі бейнетіңнің еңбегіне бір тостаған бидай ғана берілетін. Ол заманда аң терісі бағалы. Қасқырдың терісі бір қойға бағаланған. Бірақ қақпанмен аң аулауға екінің бірінің қолы жете бермеді. Өйткені құрал тапшы болды. Үйімізде бір ғана қақпан бар еді, сонымен талай қоянды да, киікті де алдық. Кейін тағы үшеуін тауып, барлығын күні бүгінге дейін көзімнің қарашығындай сақтап келдім. Өткен замандарда осы қақпандар әулетіміздің өзегін жалғаған, алтыннан қымбат құралы болды», дейді Жұмабай қарт.
Ардагердің айтуынша, нағыз қақпаншы өз сырын көпке жаймайды. Ол ауылдан алысқа, мал тұяғы баспайтын жерге құрылады, орнын тек қақпан иесі білуге тиіс. Бұл өнер шеберлікті, шыдамдылықты қажет етеді.
– Қасқырды қақпанмен де, атпен де соғып алдым. Тақымдаған аттарымның жүйріктігін ауылдастарым жақсы біледі. Ал қазіргі аңшылар атқа ұзақ отыруға шыдамайды, олжаға тез жетуді қалайды. Түзде жортқанға техникамен жетіп, төбесінен төну аңшылыққа жатпайды.
Былтыр күзде жылдар бойы биікке іліп келген төрт қақпанымды аяқ баспайтын жерге апарып көміп тастадым. Қимадым! Бірақ оның қадірін өзімдей енді кім біледі? Жастардың мүлдем оған қызығушылығы жоқ, деп терең күрсінді ақсақал.
Ғасыр ғұмыр иесінің бұл шешімі «Жеті қазына» ұғымындағы «қара қақпанның» оқтай жылдамдықпен дамыған мына өркениет көшінен сусып түсіп, Жер-анаға аманатталып, адамзат танымынан өшіріліп бара жатқанын сездіргендей болды.
Расында да, телефонға телмірген бүгінгі буынға қақпан құрудың қыр-сырын ұғындыру үлкен іс. Ал күні кешегіге дейін ауылдағы әр үйден табылатын дәстүрлі аңшылық құралының дені тиынға бағаланып, темірге тапсырылып кеткен. Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде санаулы қақпан тұр. Еліміздегі этнографтар музейге қойылатын қақпандар толық күйінде болу қажеттігін айтады. Яғни оның темір құрсауынан бөлек, түңлігі, тиегі, қысқышы, шынжыры, тоқпағы түгел болғанда ғана ол толық жәдігер ретінде саналады.
Қалай десек те, қақпаншылық — қазақ халқының этнографиялық мұрасы. Ұмыт бола бастаған осы өнер болашақ ұрпақтарға жетіп, ұлттық құндылық ретінде сақталуға тиіс.
Мұхтар МЫРЗАЛИН
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы