«Қан мен тер». Сүйеу қарт – Сәбит Оразбаев, Ақбала – Фарида Шәріпова
Мұқағали осылай деп өтіп еді. Одан бері заман өзгерді. Шүкір, қазақтың талай жақсысы мен жайсаңы тиісінше қадірленбей келген кешегі кездегідей емес, тәуелсіздік тұсында асылдарымызды ардақтау, қасиеттілерімізді қастерлеу тұрғысынан талай шаруа тындырылды, мерейтойлар тұсында елдікті танытудай-ақ танытатын болдық. Сөзді неге Мұқағалидан бастадық? Себебі, Мұқағалидың сол өлеңіне жарасымды саз шығарған, оны өзінің қоңыр домбырасына қосып, қоңыр дауысымен шырқаған атақты актеріміз Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев дәл бүгін – 2026 жылғы 29 қаңтарда 90 жасқа толып отыр.
Бала шақтан – болашаққа
Атақты адам жайында жазуға кірісерде әуелде көп ойланғаныңды, көп толғанғаныңды, көп қиналғаныңды, ақыр аяғында осы іске тәуекел еткеніңді айтып қалу қалыпты жайға айналып барады. Әйтсе де, дәл Сәбит Оразбаевқа келгенде өз басымыз олай дей алмаймыз. Тіпті осы мақаланы жазу үшін Алматыға ат басын тағы бір бұрып жатуды артық көргенімізді де жасырмаймыз. Мәселе Сәбеңмен аралас-құралас бола бастағанымызға тұтастай жарты ғасыр толғанында, осы елу жылдың кемінде қырық жылында ағалы-інілі күйде жүргенімізде, әйгілі актердің бүкіл өмірі мен өнері көз алдымызда өріліп жатқандай көрінетінінде. Ай аралатпай сөйлесетініміз де, әр жылдардағы әңгімелердің жазбалары диктофонда сақталып қалғаны да жүгімізді жеңілдеткелі тұр. Олардың біразы актер 75 жасқа толғанда, 2011 жылғы 29 қаңтарда «Егемен Қазақстанда» «Өрелі өнер өзіңді де өсіреді» деген атпен берілген екі беттік сұхбатта қамтылған. Орынды деген жерінен ойып алып отырармыз.
«Болашақ бала шақтан басталады. Көп нәрсе адамның өскен ортасына байланысты...» деп келетін әуелгі сұраққа жауабын актер былай қайтарған еді: «Адам алдымен табиғаттың перзенті. Мен бәрінен бұрын өзім өскен жердің табиғатына қарыздармын ба деймін. Туған жерім – ғажайып сұлу жер. Оңтүстігі – Алатау, солтүстігі – Қаратау, күн батысы – Қазығұрт. Осы үш таудың ортасында тұрған, Арыс пен Ақсудың құйылған жері. Сол ғажайып табиғат қиялыма қанат бітіріп, сезімімді сұлуландырған шығар. Ал енді адамдарға келсек, ауылдағылардың бәрі ұстазым болды ма деп те ойлаймын. Жас кезімізде ауылдағы жиын-тойдың бәрі керемет қызықшылықпен өтетін. Жұрт шетінен әнші, шетінен айтыскер еді. Әйтеуір маған солай көрінетін. Бірімен-бірі сөзбен қақтығысып, қыран күлкі болып жататын. Біреулер жеңеді, біреулер жеңіледі, сол екі ортада күтпеген жерден өзінше әділқазылар шыға келіп, өзінше «приз» береді, онысы кішкентай орамал, құрт-май сияқты нәрселер. Соның өзіне жұрт мәз-мейрам. Осының бәрі маған әсер етті-ау деп ойлаймын».
Ал енді сондай бала мектеп бітіргенде қандай оқуға барушы еді? Әрине, әртістің немесе әншінің оқуына барады да дерсіз. Қателесесіз. Ол бала мал дәрігерінің оқуына барған. Мергенбай, Әбдіқадыр, Әмірсейіт деген көкелері солай шешкен: «Елге қайтып келесің деді. Мына жалғыз шешеңе біз қарайласамыз, сен мал дәрігері болып ауылға орал, мұндағы жағдайды көріп жүрсің ғой, маман жоқ деді… Ол кезде үлкендер айтты – бітті. Айтқандары – заң. Сөйтіп, малдәрігерлік институтына келдім. Құжаттарымды өткіздім, емтихандарымды тапсырдым. Ол кезде абитуриент аз, конкурс деген жоқ, құлап қалмасаң болды студент атанасың. Әне-міне оқуға түскелі тұрсам да көңілім күпті... АЗВИ-дің жатақханасында жаттым. Жатақхана дегені кәдімгі үлкен спорт залы. Күнде кешке төбелес. Екі күннің бірінде ұрлық. Сол ортаны жатсынып жүрдім. Енді «әртістер дайындайтын институт» іздей бастадым»...
Қысқасы, Сәбит ауылдағы ағаларының аманатын орындамай, түсіп тұрған зооветті тастап, консерваторияға барады. Актер оқуына ма? Тағы қателестіңіз. Әншілікке. Неге? Бала күнінде радиодан ауылдас ағасы Құрманбек Жандарбековтің орындауындағы әндер ертелі-кеш берілетін де жататын. «Қарттар ортаға алып, «ән салшы» десе, шырқап жiберетiнмiн. Аудандық оқу бөлiмiнiң бастығы Молдияр Оразалин дейтiн ақсақал: «Айналайын, сен Құрманбектiң жолын қу, бойыңда өнерiң бар екен» деп ылғи айтып жүретiн. Сол кiсiнiң сөзi әсер еттi ме, әйтеуiр iштей Құрекеңдей әншi болуды қаладым». Алдымен вокал факультетіне, Бекен Жылысбаевтың класына түседі.
«Емтиханға бардық. Проректор Лебедевтен бастап, атағынан ат үркетін талай адам отыр. «Ғайниді» айтатын болдым. Сүйемелдеуші тональносты дәл тапты да, әнді бастап жібердік. Неге екенін білмеймін, жұрт ауық-ауық күле береді. Және ең жоғары нотасына көтеріп, «Ғайни-и-и-оу» деген жеріне келгенде күледі. Нотаны төмен түсіргенде күлкі тыйылады. Ән өзі үш куплет қой, сол үш куплет қайырмасымен айтылып біткенше жұрт үш рет күлді. Сөйтсем, мәселе мынада екен. Жадау-жүдеу кезіміз ғой, базардан шама келген арзан бірдеңелерді алып киіп жүреміз. Аяғымдағы тері туфли емес, брезенттен тігілген башпай болатын. Аузы сөгілген екен. «Ғайни-и-и-оу» деп қайырманы созып, күшке салған кезде бойымды көтеремін ғой, сонда бойыммен бірге башпайымның аузы да көтерілетін, төмендегенде қайтадан жабылатын көрінеді…». Әншілікке бір жыл оқыды. Сол оқудың пайдасын кейін көп көрді. Бір-ақ жыл десе де, кәсіби оқудың аты – кәсіби оқу ғой, театрға келгенінде, кейіпкері ән салатын рөлдерге актер іздегенде таңдау алдымен Сәбитке түсетін болды.
Студенттік жылдарына оралайық. «Келесі жылы театр факультеті ашылды. Енді аңсарым соған ауды», дейді өзі. Кімнен оқыды деңіз? Асқар Тоқпановтан! Кіммен оқыды деңіз? Асанәлі Әшімовпен, Райымбек Сейітметовпен, Фарида Шәріповамен, Нүкетай Мышбаевамен, Матан Мұратәлиевпен! Осылайша, Сәбит Оразбаевтың салған беттен-ақ ұстаздары жағынан да, тұстастары жағынан да жолы болған. Әсіресе Асанәлімен, Райымбекпен достығы жан тебірентерлік. Студент кезінде қайта-қайта киноға түсе беріп, сабаққа қатысуы кеміп, Асанәліні оқудан шығарып жіберген кезді Сәбең былай әңгімелейді: «Оның бір жылдай біздің бөлмеде тұрғаны бар. Қожамияров пен Шәкеннің арасы нашар екен, ректор «Ашимовты жатақханаға жолатпаңдар» деп пәрмен беріпті, содан Асанәлі түн ішінде біздің бөлмеге терезеден түсіп, ұйықтап, таңертең ертемен терезеден шығып кететін. Бір жолы кәдімгідей «облава» жасалды. Біреулер Асанәлі Сәбиттің бөлмесінде жасырынып түнеп жүреді деп жеткізіпті. Таң атпай есікті дүрсілдетіп әкетіп барады. Асанәлі де сабаз ғой, біз «Бұ кім? Бұ кім?» деп асықпай жүріп есікті ашқанша киініп үлгеріп, терезеден тайып тұрды… Тура кинодағыдай болды».
Сәбит Оразбаевтың біз өзіміз студент шақтан (ол кезде премьераға бармай қалуымыз сирек еді, спектакль төрт-бес рет қойылған соң ғана пісіп-жетілетінін кейін білдік қой) көре алған жетпісінші жылдардан бері сахнада сомдаған бейнелерін жай ғана тізіп айтсақ та, тұтас бір тамаша галерея тізіліп көз алдымызға келе қалар еді. Әуелде «Бөлтірік бөрік астындағы», «Құдағи келіптідегі», «Беу, қыздар-айдағы» комедиялық рөлдерінен кейін актер «Абайдағы» Мағауияны, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Жантықты, «Ана – Жер-анадағы» Майсалбекті, «Көктөбедегі кездесудегі» Исабекті, «Анттағы» Әбілқайыр ханды, «Қан мен тердегі» Сүйеуді, «Жолы болғыш жігіттегі» Асанды, «Тыныштық күзетшісіндегі» Демесінді, «Сүйікті менің ағатайымдағы» Серебряковты, «Төрт тақта – жайнамаздағы» Әбдінәсімді, «Өмірзаядағы» Әлиді, «Абылайдың соңғы күндеріндегі» Бұқар жырауды... бірінен бірі өтетін етіп шығарған еді-ау. Қайсы бірін айтарсың, қайсы бірін талдарсың. Жоқ, қанша жерден орын аз десек те, біреуін айтайық, біреуін талдайық.
Ол – Сүйеу қарт бейнесі.
Сахнаны сүйеген Сүйеу
Сөз басында аталған сұхбатта «Сіз Сүйеу образының кілтін қалай таптыңыз?» деген сұрағыма актердің қайтарған жауабы былай шыққан: «Не дейін? Мен Сүйеуге өзімнің бойымдағы бар қабілетімді ғана емес, өмір бойы халқым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін салдым-ау деймін. Адам болып, жер басып жүргеніміз тек ата-ананың арқасы емес қой. Біз бәріміз ең алдымен, халықтың бір баласымыз, ұлттың бір бөлшегіміз ғой. Сол халықтың үшінші мыңжылдыққа осындай тазалығын сақтап жетуіне Сүйеу сияқты қарттардың әсер-ықпалы ерекше болған шығар. Мен Сүйеуге қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым».
Сәбит Оразбаев әуелде Сүйеу рөлінен бас тартып та көреді. Қырыққа да толмаған кезі ғой. Ал Сүйеу – кем қойғанда алпыстан асқан ақсақал. Мұны да өзі айтсын: «Сүйеудің рөлін ұсынды, естіген бойда, шошынғаным сонша, көздерім бағжаң етіп, кейін қарай серпілдім. «Жо-о-оқ, атамаңыз!». Бір күні түнгі сағат үште Әзекең телефон шалады: «Әй, идиот, не істеп жатырсың?». «Ұйықтап жатырмын». «Идиот, мына спектакль құлағалы тұр, ал сен ұйықтап жатырсың. Адам емессіңдер, адамға жаны ашу деген болмайды ғой сендерде» деп менің бас тартатынымды біліп, алдын ала соққының үстіне соққы беретін боксшы сияқты тілге келтірмей төпелеп жатыр мені. Бас көтертпей төпелеп-төпелеп алып: «Ертең тоғыздан кешікпей кел, гримге отырасың» деді. Бітті». Бас тартпай да қайтсін?! Қандай сұрапыл бейне Сүйеу деген! Басқасын былай қойғанда, қызы Ақбаланың Еламаннан кетіп, өзінің ата жауының баласы Тәңірбергенге әйел үстіне барғанында қорланған кезін, жиен немересінің дүниеге келген хабарын, нәрестеге қойған атын естігенде: «...Құдайберген дейді, ә? Бұл күшігі – Құдайберген... Әкесі – Тәңірберген. Ал, ал, әнебіреулері Алдаберген... Жасағанберген...» деп ызалы сөздер алқымына тығылғандай, үзіп-үзіп сөйлеген сәтін сахнада ойнау тұрмақ, қағаздан оқудың өзі оңай емес. Соны ақыры шығарды ғой Сәбит Оразбаев. Шығарғанда да қандай шығарды десеңізші! Классикалық образ. Арты-кемі жоқ.
Оразбаевтың Сүйеуі – кешегі кеңестік кезеңде он бес республика өнері бір-бірімен бейресми бәсекелесіп, жариясыз жарысып жататын уақытта ұлттық сахнаның абыройын асырып берген бейне. Осы арқылы қазақ сахнасындағы актерлік мектептің мәртебесі Одақ көлемінде даусыз мойындала түскен еді. Мойындала түскені емей немене, егер сахна мен экранның ұлы шебері, өнер әлеміне князь Мышкинді, Гамлетті, Деточкинді, Чайковскийді, Сальериді, Ивановты, патша Федор Иоанновичті алып келген Иннокентий Смоктуновскийдің өзі Мәскеудегі гастроль кезінде «Қан мен терді» көрген соң «Где мой казахский степной старик?» деп, сахна сыртына іздеп келсе, «Замечательный артист! Артист, отражающий не только дух нации, но и глубину характера, тонкость этого характера, обобщенного характера своего народа. Только так я могу расценить его успех, его удивительно народную, современную актерскую культуру. Как замечательно, что есть такие мастера сцены!» деп баға берсе, онысы ауыздан-ауызға тарап қана қоймай, одақтық журналға жазылып, тасқа да басылса, деректі фильмге түсіп, таспаға да басылса! Сәбеңнің Смоктуновскиймен жақын араласуы, қазақ актерін өмірден өтерінің алдында ғана қолы жеткен төрт бөлмелі үйіне (ойпырмай, Иннокентий Михайлович оған дейін ескі әрі шағын пәтерде тұрып келіпті) қонаққа шақыруы – өз алдына бөлек жазатындай жай.
1974 жылы «Қан мен тер» спектакліне КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Жарияланған Жарлықта лауреаттар тізімінде сахнаны сүйеп тұрған ұстынның біреуіндей Сүйеу қарт бейнесін жасаған Сәбит Оразбаев болмай шықты... Қалайша? Лауреаттыққа кандидаттарды түзгенде ұлт саясаты деген нәзік мәселе көңілдегідей ескерілмеген екен. Мұны қалай түзеу керек? Кандидаттар тізімін көп ұлтты ету керек. Сөйтіп, аяқ астынан тізімнен «басты рөлде ойнамаған» Сәбит Оразбаев сызылады да, орта жолдан спектакль суретшісі қосылады. Болды. Бітті. Ұлт саясатының талабы сақталды. Мейлі, өткен – өтті, кеткен – кетті. Тіпті ол қоғамның өзі келмеске кетті. Лауреат болса да, болмаса да, Сәбит Оразбаев сахнада жасап берген Сүйеу – қазақ театрының ең ғажап бейнелерінің алғашқы ондығына кіреді. Бұл – басы ашық ақиқат. Әйтсе де, сонау замандағы әділетсіздіктің өтеуі толар күн болар ма екен дегенді ойлап-ойлап та қоятынбыз. Тәуелсіздік таңы атқан тұста ондай мүмкіндік те туды. Актер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Отан», «Парасат» ордендерін кеудесіне тақты.
Алмастың алуан қыры
Сәбит Оразбаев таланты – сан қырлы талант. Оның әр қыры ақ алмастай жарқырайды. Киноға аз түскен. Бірақ саз түскен. Телефильмдердегі күйші Сейтек, Жамбыл, «Көшпенділердегі» Төле би ел есінде қалған еді. Кейінгі бір рөлі – Досхан Жолжақсыновтың «Біржан салындағы» би. Сол жұмысы жайында Әбіш Кекілбаев былай деп жазды: «Жер түбінен келе жатқан бейсауат жолаушы көрінді. Асықпай аяңмен келеді екен. Кәрі би екен. Ұсталып қалған хабаршысының соңынан келеді. Жаппай құрақ ұша қарсы алды. Дәулет, Жанбай қайтіп орағытса да Кәрі би міз бақпады. Ақырында сөзден жеңіп, тұтқынын босатып әкетті. Бұл Қазақ жұртындағы билік өнерінің шоқтығын асырған әйгілі сахна еді. Халық әртісі Сәбит Оразбаев халық ынтымағының діңгегі кәрі бидің рөлін майын тамызып орындады. Не қимылынан, не сөзінен селкем-шалыс ештеңе байқалмады. Бәрі де алтын табаққа құйылған сары балдай аса дәмді шықты». «Алтын табаққа құйылған сары балдай»...
Жетпісінші жылдарда көрермен көзайымына айналып, апта сайын телеэкранға шығып тұрған «Қымызханадағы» әнші жігіт Шөңгебайды да ел аузынан тастамайтын.
Сәбит Оразбаев – жыршы. Оның айтуымен қаншама жыр-дастан теледидардың, радионың алтын қорына жазылып қалған. Әсіресе «Айман-Шолпан» жырын төгілтуі бөлекше. Сүйінбай мен Қатағанның айтысын ағылтқанда да айызыңыз қанады. Айтқандай, осы айтысты Сәбеңнің орындауын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қатты ұнатып, екі рет арнайы алдыртып тыңдаған. Жалпы, Сәбең – қазақтың игі жақсысымен көп араласқан адам.
Сәбит Оразбаев – сазгер. Мұқағали өлеңдеріне шығарған «Тоқта, балам, атаң келеді артыңда!», «Сүрініп кетпе», «Бүгін менің туған күнім» әндері кезінде радиодан жиі берілетін. «Мен ән шығаруды еш уақытта мақсат тұтқан емеспін, – дейді актердің өзі. – Өлең кітаптарын көп оқимын. Мұқағали өлеңдерін де оқи беремін, оқи беремін. Кейбірін домбырамен сүйемелдеп отырып оқимын. Сөйтіп, шертіп отырғанда өлеңнің ырғағынан ба, ішкі сазынан ба, әйтеуір, бір дыбыстар шыға бастайды. Сол дыбыстардың кейбірі кәдімгідей әнге айналып кетеді. Бары сол. «Көңілімде жүргені-ай бір қауіптің, Сабағындай шырмайды шырмауықтың. Арманменен, үмітпен, тілекпенен, Па, шіркін, барады өтіп зырлауық күн» – Мұқағалидың осындай өлеңдері жай оқығанда-ақ өзінен-өзі әндеткелі тұрған жоқ па? Тіпті әннің қандай ыңғайда шыққаны жөн болатынына дейін аңғарылып тұрған жоқ па?». Солай ғой. Тұманбай Молдағалиевтің актерге арнаған өлеңі «Сарыағашта саңқылдаған дауысын, Ташкент естіп таңырқайды ақ таңнан» деп аяқталады. Мұның мәнісі былай. Талай жыл бойы Сәбеңнің орындауындағы «Айман-Шолпан» жырынан үзінділер, Мұқағали өлеңдеріне шығарған саздары, «Төле бидің толғауы» Ташкентке тиіп тұрған «Сарыағаш» санаторийінде басты бювет түбінде ала таңнан қара кешке дейін орындалатын да жататын. Демалысқа барғанның Оразбаевтың орындауындағы аудиокассетаны алмай кететіні сирек еді.
Жастау кезінде о баста күнкөріс қамымен (балабақшаларға барып, ата-аналар үшін сурет түсіріп, табыс табады ғой) қолға алған фотографтық өнерінен хабардар болғыңыз келсе, Әуезов театрының музейіне барыңыз. Сонда қойылған суреттердің 70-80 пайыздайы бір адамның – Сәбит Оразбаевтың түсіргендері. Демек, Сәбеңді академиялық театрдың фотошежіресін жасаушы ретінде де құрмет тұтуға болады. «Бұл өнерімнің кәдімгідей көмегін көрдім. Кейін театрдағы репетиция, премьера, гастрольдік сапар атаулы менің фотоаппаратымсыз өтпеуге айналды. Түсіргенімнің бәрін музейге өткізе бердім. Бірте-бірте үлкен қазына жиналды. Қазір осы жұрт жариялап жатқан альбомдардың талай фотосы менікі», дейді өзі. Бейнекамера шыққанда оны да жұрттан бұрын ұстап, театрда өткен түрлі мерейтойлық кештерді, бенефистерді, кездесулерді түсіріп, бай видеотеканы музейге тапсырғаны тағы бар. Оны айтасыз, кезінде біздің газетте Жұмагүл Солтиева «Таныс адамның бейтаныс қыры» деген айдармен Сәбеңнің... тігіншілік хоббиі жөнінде жазған. «Негізінен киім тігуді кейін үйрендім, – дейді актер. – Сатып алуға қымбат болған соң өзім тігуге кірістім. Жатақханадағы комендант әйел қолы қалт етсе, «Зингер» мәшіңкесімен іс тігіп отыратын. Сол кісі үйретті. Қол орамалдан бастап, жейде тігуге көштім. Жейде дегенді гастрольге барған жерде матасын алып, мәшіңке табылса, бір кеште тігіп тастайтынмын. Сол кезде театрдағы актерлерден мен кемі бір көйлек тігіп бермеген ешкім жоқ шығар. Бара-бара шалбарға, костюмге ауыстым. Пальтоға дейін жеттім. Мырзатайға да біреуін тігіп бергенмін. Содан кейін қойдым, өнерді үйрен де жирен деп». Мұның өзі де талантты адам қай істе болсын талантты деген қағиданы қуаттай түседі.
Қазақтың көптеген қайраткерінде өмірден оқыған-тоқығанын, көкейге түйгенін қағазға түсіре жүру дәстүрі қалыптаспай-ақ келеді. Алысқа бармай-ақ өзімізге етене орыс жұртын алсақ та, ондағы ел таныған тұлғалардың талайының қолынан шыққан тамаша кітаптарды атай аламыз. Шетінен жазғыш. Өйткені шетінен оқығыш. Осындайда Асқар Сүлейменовтің бір сөзі еске түседі. Театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі кезі. Бөлмесіне жиналып қалдық. Қолдағы барымыз таусылған соң жігіттер буфетке бастады. Оның алдында Асекеңнің үстелінің үстінен алып, Мандельштамның 1929 жылы «Академиздатта» басылған, былғары мұқабалы кітабын қызыға қарап отыр едім. Ол кісі кабинетінен шығарда есігін кілттемей, жай жаба салды. «Асеке, Мандельштам ашық қалып барады ғой?» дедім. Сондағы айтқаны: «Бұл театрда Мандельштамды керек қылатын адам жоқ»... Рөлінің мәтінінен басқа қағазға қарамайтын актер аз емес.
Сәбит Оразбаев – қаламгер. Араға жылдар сала келе, ағамыз тағы бір тың қырынан танылды. Жасы сексенге жақындағанда әрқайсысының көлемі 300 беттен асып жығылатын, көркем безендірілген «Өмірдің өзі – театр», «Тазарғың келсе, театрға бар» атты екі кітап жариялап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Негізінде, Сәбеңнің бұл қырын тың деуге де бола қоймас. Өйткені ол кісінің ауызша әңгіменің айтулы шебері екенін зиялы қауымның талайы біледі. Кітаптарында сол әңгімелерді актер қарапайым ауызекі сөйлеу мәнерімен, қазақтың қара тілімен қағазға әсерлі түсіріп шыққан. Кейбірі ойлантады, кейбірі күлдіреді, кейбірі таңдандырады. Қай-қайсысында да автордың қазақтың асыл перзенттеріне деген құрметі тәнті етеді. «Ағаларымыздың қолына су құйғандай қызмет еттік, гастрольдерде осы Асанәлі, кешегі Райымбек бәріміз Серағаңдар мен Елағаңдардың, Қапан ағаның шабадандарын көтеріп жүретінбіз», дейді.
Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Камал Қармысов, Асқар Тоқпанов, Хабиба Елебекова, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков сияқты саңлақтарды сағынышпен еске алады, талантын тағылым тұтады, кісілігін, кішілігін үйренетін үлгі етеді. «Жалпы, қазақ театрының өткен ғасырдағы ең шұғылалы шақтарының бәрі ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің есімімен байланысты. Оны біреуіміз кезінде білдік, біреуіміз білмедік, біреуіміз бағаладық, біреуіміз бағаламадық, бірақ шындық осы. Әзірбайжан Мәмбетов біздің театр өнерімізді провинциализмнен арылтты, алдымен одақтық, одан кейін әлемдік деңгейге көтерді. Меніңше, мұны оның қазақ мәдениеті алдындағы ерен еңбегі, тіпті ерлігі деуге әбден болады» – осылайша Мәмбетов режиссурасының қадір-қасиетін санаулы сөйлемге сыйғызып айтады. Тұстастарынан да жылы сөзін аямайды. «Шынтуайтында, кезінде көрермен театрға тек Фариданы көру үшін келетін» – әріптесін осылайша аспандату үшін қанша көңілдің кеңдігі керек десеңізші. Оның консерваторияда үздік оқуының себебін былай түсіндіреді: «Фарида өте шоқтықты актриса еді. Қабілеті қайран қаларлық. Өзі Қытайдан келген, бірауыз орысша білмейді, оны айтасың, әуелде біздің жазуды да оқи алмайтын, төте жазумен келген ғой, сөйтіп жүріп Батыс Еуропа театрының тарихы, бейнелеу өнерінің тарихы деген сияқты пәндерді «беске» тапсыратын. Қалай дейсің ғой? Жауаптарды сұрап, түп-түгел жаттап алады»...
Жалпы, Оразбаевтың Жаратқан Ие дарытқан табиғи талантына қоса тағы бір қымбат қасиеті ретінде актердің адал жанын, жақсыға жайылып түсетін жүрегін, ақтарылған ақ көңілін айтудың жөні бар. Сәбеңнің театр туралы толғаныстары естіген сәтіңде толқытпай қоймайды. Неге «естіген сәтіңде» дегенді қадап айтып отырмыз? Себебі ол кісінің әңгімесінің мәніне, мәтініне дауысы, дикциясы, мимикасы, пластикасы қосылады. «Бір актердің театры» болады да шығады. Жарайды, жай-ақ оқып көріңізші: «Ал мұндағы адамдар қандай ғажап! Театрдың іші қашан көрсең айтыс-тартыс, бітпейтін де қоймайтын интрига, атақ үшін, рөл үшін мылтықсыз майдан жүреді де жатады. Театрда тартыс көп. Біреуге атақ ерте беріледі, біреуге кеш беріледі, біреуге тіпті берілмейді, біреуге рөл көп беріледі, біреуге аз беріледі, біреуге тіпті берілмейді дегендей. Сахна сыртындағы өмірде кейде ашық, кейде жасырын алысып-жұлысып жүретін сол адамдар сахнаға шыға сала өзгеріп сала береді, керек болса бір-біріне өліп-өшкен ғашық жандарға айналады. Соның бәріне сізді сендіреді. Тіпті екі сағатқа болса да өздері де бір-біріне ғашық болып кетеді. Құдірет емес пе?». Құдірет.
Өнерге өстіп, өліп-өшіп ғашық болған жан ғана асқаралы биіктерді бағындыра алса керек. Менің Сәбит ағам асулардан осылай асқан.
Алаштың ардақтысы, сахна абызы Сәбит Оразбаевтың торқалы тоқсанның төріне көтерілуі – ұлттық мәдениеттің мерейлі оқиғасы. Сахна қайраткерлерінің арасында кісі қызығарлықтай ұзақ жасау бақыты бұған дейін жүз жас жасаған Хабиба Елебекованың (1916–2016), тоқсан алты жас жасаған Қапан Бадыровтың (1904–2000) маңдайына бұйырғанын бадырайтып айтсақ, бүгінгі мерейтойдың бағасы бедерлене түседі. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Алаш жұрты ардақ тұтқан Асанәлі де күні кеше ғана сексеннің сегізінен аса бергенде аһ ұрғызып аттанып кете барған жоқ па арамыздан?
Барымызды бағалай білейік.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ