Мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Конституция мәтіні қоғаммен бірлесіп әзірленгенін әрі бұл құжат Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ауқымды реформалар бағытының заңды жалғасы екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция халықпен ашық диалог жүргізу барысында қалыптасып, жұртшылықтың шынайы мүддесін айшықтайды. Сондықтан Ата заңның жобасын «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар. Ол – еліміздің орнықты дамуының берік негізі болары анық. Ұлтымызды ұйыстыратын факторға айналуы керек. Жаңа жобаның әр бабын, әр нормасын халыққа кеңінен түсіндіруіміз керек. «Amanat» партиясы осы жұмыстың бел ортасында болуға тиіс. Бұл біздің – маңызды міндетіміз, тарихи миссиямыз», деді Е.Қошанов.
Партия төрағасы Конституция жобасына билік пен қоғамның ашық талқылауларының нәтижелері енгенін, құжатта отандастарымыздың арман-тілектері мен ұмтылыстары көрініс тапқанын атап өтті. Осыған байланысты, жаңа жобаның кіріспесінде кейінгі жылдары әрбір тұрғынға жақын бола түскен құндылықтар – Заң мен тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан көрініс тапты. Бұл құндылықтар Конституцияның барлық нормасын бойлай өтіп, мемлекеттің алдағы дамуына негіз болатын қуатты моральдық-құқықтық қалыбын қалыптастырады.
Е.Қошанов мемлекеттің болашақ заң шығарушы органы – Құрылтайға арнайы тоқталды. Конституция жобасына сәйкес, жаңа бір палаталы Парламент айтарлықтай күшейтілген өкілеттіктерге ие болып, билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін түбегейлі жаңғыртады. Жаңартылған Құрылтай Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын түпкілікті бекітеді.
Сондай-ақ Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының Халық кеңесін құру жөніндегі бастамасы дер кезінде қабылданған аса маңызды шешім екенін атап өтті. Жиында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция жобасы алғаш рет адамға бағдарланған мемлекет моделіне көшуді заң жүзінде бекітетінін, қоғамды жаңа деңгейде біріктіруге бағытталған «Біртұтас Қазақстан халқы» ұғымын енгізетінін атап өтті.
Мемлекетті жаңғырту негізіне алғаш рет адами капиталды дамыту қадамы алынып отыр. Яғни мемлекеттің барлық ресурсы азаматтардың әлеуетін ашу мен қолдауға бағытталады. Президенттің барлық шешімінде көрініс тауып келе жатқан осы озық идея енді ең жоғары конституциялық деңгейде бекітіледі.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция жобасы алғаш рет адамға бағдарланған мемлекет моделіне көшуді заң жүзінде бекітетінін, қоғамды жаңа деңгейде біріктіруге бағытталған «Біртұтас Қазақстан халқы» ұғымын енгізетінін атап өтті. Сонымен қатар Негізгі заң жобасында дербес деректерді қорғауға ерекше назар аударылып, процессуалдық мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде адам құқығын қорғаудың нақты нормалары айқындалды.
Депутаттар жаңа Конституция жобасындағы озық новеллалар жөнінде өз көзқарастарын білдірді. Бақытжан Базарбек пропорционалды сайлау жүйесін енгізудің маңызын атап өтіп, ол саясаткерлердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыратынын айтты. Қайрат Балабиев «Заң мен тәртіп» қағидаты жазалаудан емес, отбасындағы тәрбиеден және зорлық-зомбылық пен құқықбұзушылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудан басталатынын жеткізді. Снежанна Имашева жаңа Конституция жобасы адам және оның құқығы мемлекет басымдығы ретінде алғаш рет Негізгі заң деңгейінде бекітетінін атап өтті. Юлия Кучинская жаңа Конституция ұрандарға емес, атсалысуға, жауапкершілікке және нақты ықпал ету тетіктеріне негізделген кемел азаматтық патриотизм моделін қалыптастыратынын айтты.
Нұртай Сабильянов бір палаталы Парламент ең алдымен жедел шешім қабылдау мүмкіндігін, ашық жауапкершілік пен қоғамның билікке деген сенімін арттыратынын атап өтті. Нартай Сәрсенғалиев ғылым, білім мен инновацияның Конституцияда бекітілуі адами капиталды мемлекеттің басты байлығы ретінде нақты мойындау екенін айтты. Никита Шаталов Парламенттің келісімімен тағайындалатын Вице-президент институты билік жүйесінің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ететін жаңа архитектураны қалыптастыратынын атап өтті. Фракцияның барша депутаты алдағы ауқымды конституциялық өзгерістердің маңызын атап өтіп, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.