Еліміздің бейбіт атомды дамыту бағыты өткен жылы ҰЯО қызметінен айқын көрінді. Ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту, халықаралық серіктестік пен қауіпсіздік стандарттарын сақтау бағытында бірқатар маңызды нәтижелерге қол жетті. Бағдарламалық-нысаналы әрі гранттық жобалар толық орындалып, халықаралық міндеттемелер уақытылы атқарылды. Бұл орталықтың ғылыми менеджменті мен институционалдық тұрақтылығын көрсетті.
Тоқаев: Бірнеше атом станциясын салу – тарихи олқылықтың орнын толтыру
«Атом энергетикасын қауіпсіз дамытуға ерекше назар аударылды. Жапония мен Францияның ғылыми ұйымдарымен сұйық металл жылу тасығышы бар реакторлардың қауіпсіздігін негіздеу жұмыстары жалғасын тапты. Қытайдың Атом энергиясы институтымен ықтимал жобалар талқыланса, АҚШ-пен бірлескен зерттеу реакторларын конверсиялау және жоғары байытылған уранды пайдалануды азайту бастамалары сәтті орындалды. Пайдаланылған ядролық отынға арналған SILO қоймасының салынуы МАГАТЭ алаңында оң бағаланып, ядролық қауіпсіздік мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетті», дейді Ұлттық ядролық орталықтың Бас директоры Ерлан Батырбеков.
Термоядролық энергетика бойынша КТМ токамагында жүргізілген зерттеулер плазманы ұстап тұру мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында маңызды нәтижелер берді. ITER жобасы аясындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Жапония мен Қытаймен ғылыми байланыстар Қазақстанның басқарылатын термоядролық синтез саласындағы орнын нығайтты. Бұған қоса сутегі энергетикасына қатысты технологиялық зерттеулер дамып, халықаралық жобалар іске асырылып жатыр.
«Экология мен радиациялық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұрынғы Семей сынақ полигонына іргелес аумақтардың бір бөлігінде кешенді зерттеулер аяқталып, нақты экологиялық ахуал бағаланды. Полигон аумағында радиациялық мониторинг жүйесі тұрақты жұмыс істеп, қажетті ақпаратты үздіксіз қамтамасыз етуде. Сонымен қатар өндірістік нысандарды радиациялық сүйемелдеу мен республика бойынша экологиялық мониторинг күшейді», деді Бас директор.
Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп атом энергетикасы саласына қажетті кадрлар дайындайды
Таратпау саласында Семей полигоны объектілерінің қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жалғасып, Ядролық сынақтарды бақылаудың халықаралық жүйесіне кіретін 17 мониторинг стансасының тұрақты қызметі қамтамасыз етілді. Бурабайдағы негізгі станса жаңғыртылып, Шүлбі ГЭС аумағында сейсмикалық зерттеулер жүргізілді. Бұл шаралар Қазақстанның жаһандық жауапкершілігін нақты көрсетті.
«Халықаралық ынтымақтастық аясында жыл ішінде 80-нен астам шетелдік делегация қабылданып, жаңа келісімдер жасалды. Қазақстан ядролық салада сенімді әріптес мәртебесін тағы да дәлелдеді. Кадр даярлау ісі де назарда болды: жас мамандарға арналған ғылыми іс-шаралар өтті, «Жас физик» жазғы мектебі ұйымдастырылды, жапон серіктестерімен оқу курстары жүргізілді. Университеттермен ықпалдастық күшейіп, үздік қызметкерлер мемлекеттік және салалық деңгейде марапатталды», деді Ерлан Батырбеков.
Жасанды интеллект және атом энергетикасы мамандары «Болашақпен» білім алады
Ұлттық ядролық орталықтың өткен жылғы жұмысы ғылым, қауіпсіздік және халықаралық сенім тұрғысынан салмақты нәтижелер берді. Бұл елдің бейбіт атомды дамытудағы тұрақты ұстанымын айқындап, ядролық саладағы жауапты рөлін бекіте түсті.