Фото: Қаржы министрлігі
Қытайдың Сиань қаласында өткен жиында ШЫҰ-ға мүше және серіктес елдердің экономикалары мен инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландырудың қосымша тетіктері талқыланды. Басқосуға қаржы министрлерінің орынбасарлары мен ұйым хатшылығының өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил қатысып, ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі екінші консультативтік кездесуде ел ұстанымын жеткізді.

Кездесу барысында болашақ қаржы институтының негізгі өлшемшарттары, қаржыландырудың басым бағыттары және капиталдандыру тетіктері жан-жақты қарастырылды. Вице-министрдің айтуынша, бұл банк жаңа буын технологияларын қолдауға бағытталған маңызды институтқа айналуға тиіс.
Басым бағыттардың қатарында жасанды интеллект, биотехнология жобалары, сондай-ақ Қытайдан трансферттелетін өнеркәсіптік және «жасыл» технологиялар бар. Сонымен бірге тәуелсіз қаржыландыру, жергілікті валюталарды пайдалану және баламалы қаржы құралдары арқылы жарғылық капитал қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы қолдады
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консультацияларды жалғастыруға уағдаласты. Келесі жиын 28-29 мамыр күндері Бішкек қаласында өтеді.
Іс-шара аясында Дәурен Кеңбеил Қытай Халық Республикасы Қаржы министрінің орынбасары Ляо Минмен кездесіп, Қытай нарығында панда-бондтарды шығару рәсімдері мен Астана қаласында сорғы-сүзгі стансасын салу жобасын қаржыландыру мәселелерін талқылады.
Жалпы, аталған бастамаларды жүзеге асыру:
– Қазақстанның Қытай нарығына және ШЫҰ аясындағы жаңа қаржы көздеріне қолжетімділігін кеңейтеді;
– өнеркәсіп, инновация және «жасыл» технологиялар саласындағы жобаларға қосымша мүмкіндік береді;
– капитал көздерін әртараптандырып, экономиканың технологиялық дамуын жеделдетуге ықпал етеді.
Қытайдағы ШЫҰ саммитінде Тоқаевтың ұстанымы несімен ерекшеленді?