Қоғам • Кеше

Кітаптың қырғызша аудармасы таныстырылды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ош қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» («Атам жөнүндө баян») атты қырғыз тіліне аударылған кітабының таныстырылымы өтті.

Кітаптың қырғызша аудармасы таныстырылды

Кітап қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған, елдік пен ерлік жолында қалам тербеген көрнекті жазушы, қайраткер тұлға Кемел Тоқаевқа арналған.

Іс-шара Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігінің конференция залында өтті. Оған Қазақстанның  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Аскаралы Мадаминов, Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаев, ОшМУ ректоры Қудайберди Кожобеков, Қырғызстан Жазушылар одағының бұрынғы төрағасы Нурланбек Калыбеков және Қырғызстанның шығармашылық зия­лы қауым өкілдері қатысты.

Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева екі ел Президент­терінің достық пен сенімге негізделген тығыз қарым-қатынасы саяси және эко­но­микалық салалармен қатар, мәдени-гума­ни­тарлық байланыстарға да тың серпін беріп келетінін атап өтті.

«Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты терең мағыналы еңбегінің қырғыз тіліндегі таныстырылымы – екі ел арасындағы әдеби байланыстарды жаңа белеске көтеретін мәні зор қадам. Туындының қазақ тілінен қырғыз тіліне аударылуы – біздің ортақ тарихи-мәдени кеңістігіміздің табиғи жалғасы және руха­ни сабақтастығымыздың көрінісі. Бұл кітаптың оқырманға қуат, тәрбие, ой және жүрек жылуын сыйлайтынына сенім білдіремін», деді министр.

Бұл кітап – ғұмыры ХХ ғасырдың бар ауыртпалығын арқалаған барша қазақтың тағдырымен астасып жатқан халқымыздың көрнекті жазушысы Кемел Тоқаев жа­йында. Майдан жылдарының қасіреті, соғыстан кейінгі жаңару кезеңі, адамдық пен адалдық туралы түсінік – осының бәрі кітапта шынайы бейнеленеді.

«Бұл кітап қырғыз және қазақ халық­тарының достығын нығайтуда зор маңызға ие. Қазақ тілінен қырғыз тіліне аударылып, қырғыз оқырмандарына ұсынылуы – екі ел арасындағы рухани байланыстың белгісі. Бұл – халықтарымыздың мәдени бірлігі мен бауырластығының айқын дәлелі», деді Аскаралы Мадаминов.

Тұсаукесерге жиналған көпшілікке Президент кітабының желісі бойынша түсірілген «Бауыр» атты деректі фильм көрсетілді. Айта кетейік, «Әке туралы ой-толғау» кітабы румын, араб, моңғол, түрік және қырғыз тілдеріне аударылды.