Зерде • Бүгін, 08:20

Алтайдың аңыз батыры

100 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тау мен таста көкжалдай жортып жүретін Балтабай батырдың бергі беттегі ерліктерін бала күннен естіп өстік. Солақай саясатқа қарсы шыққан Балтабай Әлханұлының батырлығы Шығыс жұртына белгілі болғанымен, әмбеге беймәлім. Қуғынға ұшырап, Қытай асып кеткен батыр бабамыздың арғы беттегі өмірінен де осы уақытқа дейін хабарсыз едік. Алдыңғы жылы батырдың көзін көрген келінімен аз-маз сұхбаттасып, бұрын-соңды айтылмаған аңызға бергісіз әңгімелерін түртіп алған едік.

Алтайдың аңыз батыры

Суретті түсірген – автор

Абдолла ақсақалдың айтқаны

Бала кезімізде үйге Алтайдың белгілі ше­­жірешісі Абдолла Шегірұлы келіп, екі-үш күн қонақ болды. Түн ауғанша әкем екеуі әң­­гімелесетін. Таң атар-атпастан саң­қыл­дап отыратын. Сол кездегі біз ұйып тың­даған Балтабай батыр туралы әңгімесі есімізде.

Алтайда аты аңызға айналған Балтабай батырды әуелде «қашқын» деп білдік. Тағы бірде «бандит Балтабай» дегенді құлағымызға құйды. Кейін батыр болған деп, мектептегі өлке тарихынан оқыдық. Мектеп демекші, ол заманда директорымыз Александр Христофорович Похомов еді. Оны айтып отырғаным, Балтабай батыр қақ маңдайдан атып өлтірген қызылдардың қолбасшысы – Христофор Пахомов директорымыздың әкесі-тұғын...   

Абдолла Шегірұлы алдымен бізге ұрыса сөйледі-ау деймін; «жыртың-жыртың жар­нама көргенді қойыңдар, газетке жазы­лыңдар, кітап оқыңдар» деп барып, әң­гімесін тарқатқан. – Балтабайды білесіңдер, аталарыңмен ағайын. Ағайынды болған соң да атаңды өлтірмей мүкпен жасырып, бағып жүрген жылқыларын Қытай асырып, айдап кеткен» дей бергенде, біз «қалай-қалай?» деп, жақын жайғастық. «Егін піскен уақыт. Балтабай нөкерлерімен жасырын келіп, бригаданың жылқысын жа­йып жүрген екі баланы мүкпен жасырған да, жылқыларын алдарына салып, қытайға тартып тұрған. Сол екі баланың бірі – Яуадан Қысекин. Сендердің аталарың, – деген.

– Балтабай бандит емес, батыр. Айта­й­ын, қызылдардың қолбасшысы Пахомов арғы бетке босып бара жатқан 300 қазақты Өрел ауылынан аса бергенде алдарынан күтіп алып, қырып тастаған. Сонда бесіктегі балаға дейін аман қалдырмапты. Қытайда жатқан Балтабай мұны естіп, дереу атқа қонады. Түн жүріп, үйренген жолымен елге келеді. Бар ойы, қазақты қына­дай қырған отряд басшысын өлтіру еді. Келе сала Пахомовтың шаңырағына жеткен. Түс әлеті болса керек, аңдап басып, тере­зесінен қараса, Пахомов балаларымен шай ішіп отырған көрінеді. Көрегендігі, тектілігі ғой. Бала-шағасының көзінше жай­ратып салғаным жарамас деді ме, кек алуды кейінге қалдырыпты. Кейінге қал­дыр­ғанмен, оның келгенін біліп қойған Пахо­мов қол бастап, ізіне түседі. Балтабай да сезсе керек, Шабанбай жақтағы жалғыз аяқ жолдың өр жағындағы Тесіктаста шапанын жайып, жаратқанға сыйынып, енді ұйықтай бергенде аттылардың дүбірі естіледі. Қашанда қаруы қасында жү­ретін сұрмерген ортада ерекшеленіп, ақ­боз­ атқа мініп келе жатқан Пахомовты қақ маңдайдан көздеген. Көздегені мүлт кетпейтін ол Похомовты атып түсірген. Оған дейін де Пахомовтың отряды Жаңа үлгі ауылы мен Мойылдының арасындағы аңғарда ел азаматтарын қинап, жауап алып жүріпті. Ақыр соңы атпалдай азаматтарды аяусыз жарып жібергенді шығарған. Мұның бәрін Балтабай жоғарыдағы арша арасындағы үңгірде жатып алып, аңдыған. Бірақ, өш алудың оңтайлы жолын ұзақ күткен, – деп, Абдолла ақсақал естігенін, білгенін айтып, бізге батырдың рухын сезіндіріп қойғандай болды.

 

Батырдың үңгірі

Бертінде Берел қорық музейінің қыз­меткері Азат Мұхтархановпен әңгіме­лес­кенімізде «Балтабай батырдың үңгірі біз­дің ауылдың өр жағында» демесі бар ма. Баяғыдан айтпайсың ба деп мен де елең ете қалдым.

Жаздың күні еді. Жалма-жан Азаттың жол бастауымен Балтабай батыр мекен қылған үңгірге аттандық. Мойылды бағы­тындағы жолдың бойына ұшып жетіп, құзар шыңның басына қарай көз тастадық. Бытысқан арша, қарағанның арасынан көрін­бейді. Жоғарыға қарай өрмеледік. Кейбір тұстары жалама жартас. Батырдың басқа жолы болмаса, бұл жолмен жүру қиын­ның қиыны. Сүрініп, жығылып үңгір­дің аузына дөп түсіппіз. Он шақты адам дөң­геленіп отыратындай іші кең екен. Қабыр­ғалары ыс, күйе. Біз де от жақтық. Батыр бабамыз­дың ізі қалған үй тастың ішінде жамбастап жаттық.

пр

– Бала күнімізде ойнап, осында келе­тінбіз. Сол кезде темір ыдыс-аяқтар жататын. Оған мән бермеппіз. Сөйтсек, Балтабайдың мекені екен. Алмағайып заманда төмендегі Бұқтырма бойымен ел көшеді. Сонда ғой, Пахомовтың әскері бас көтереді-ау деген азаматтарды дәл осы тұста дүре соғып, қинайды екен. Ол туралы жазушы Қалихан Ысқақ та жазған. Сондықтан бұл жер қазақтың қаны төгіл­ген қасіретті жер, – дейді тарихшы Азат Мұхтарханов отты көсеп қойып.

Шіркін дедік, тарихи жерді туристік нысанға айналдырып жіберер ме еді? Табиғатты тамашалап қана емес, таным көкжиегіңді кеңейтетін жер екен бұл.

 

Балтабайдың қытай еліндегі өмірі

Алтайда аты аңызға айналған Балта­бай батырдың келіні Ырысалды апа Өс­кеменге келіпті дегенді естіп, жолы­ғып, әңгімесін тыңдауға асықтық. Үлкен­дер­ден ұрпақтары арғы бетте, Мори ауданында деп еститінбіз. Кейін Қазақстанға өтіпті...

Батырдың көзін көрген келіні Ырысал­ды апа: «Атамның жүрген жерін көріп қайтайын деп Катонқарағайға бардым» дей бергенде, диктафон қостым.

– Шаңыраққа 1968 жылы келін болып түстім. Мылтық ұстағанын көре қоймадым. Атамыздың Тұрағұл, Смағұл деген екі ұлы болды. Мен Тұрағұлға тұрмысқа шық­тым. Атам сұңғақ бойлы, арықтау келген қара сұр кісі еді. Есіктен еңкейіп кіретін. Сұс­тылығы сондай, қытайлар қатты қорқатын.

Өзі дүркін-дүркін Қытай асқанда, осы жақта бәйбішесі Қамиза Жаңыл мен Бағжамал деген екі қызымен қалып қойыпты. Со­ларды алып кетейін деп, елге қайта өт­кен ғой. Сөйтіп, Сарықайың деген жерге екі ай бекініпті. Әйелі болса, аңдуға түсіп қалған. Үйінен айырылып, қоста тұрып жатыпты. Содан атам іздеп тауып, ұйықтап жатқан жерінде мылтықтың дүбімен түртіп оятып: «Дымыңды білдірме. Әскер күзетті күшейтіп қойған көрінеді. Сол күзет осалдық танытса, қостың үстіне ақ шүберек байла», депті атам. Содан барып, өзі аңдып жатқан. Бір күні айтқандай бәйбішесі қостың төбе жағына ақ байлай қойған. Атам жетіп барып, қасқыр ішікті босағаға іледі-дағы, әйел-қыздарын ала жүгіреді. Сайдың ішіндегі екі атқа міне бергенде, тарс-тұрс атыс басталған. Қарауыл босағадағы қасқыр ішікке бағыттап атқан екен. Сөйтіп, тікенекті жынысқа жетіп алып, келген әскерді бір-бірден қыра берген. «Қандары суша ақты, әкең...» деп иықты бір көтеріп қоятын, – дейді Ырысалды апа атасын еске алып.

Жеменей жақтан Ырғажан Қазыбекқы­зы деген қыздың әкесіне бие апарып беріп, тоқал етіп алыпты. Үлкен кемпірі тоқалды қызындай бағыпты. Менің шалым бұрынғы кемпірдікі. Тоқалдан үш-төрт қызы бар.

Қалихан Ысқақ Балтабай батырды Қа­ратайдың Кейкісі деп те жазғаны бар. Кей-кейде кек алу үшін кеңестің жылқысын барымталап кетіп те жүрген.

– «Тікеннің түбін тасалап, сайға шылбыр бойы бұрын барып жасырындым. Артымнан әскер қуып келді. Кешке дейін қуған. Сол жерде біразын жайраттым. Қашқаны, қашты. Тәсімбай деген жыл­қышыны қарағайға байладым да, жыл­қысын алдыма салдым. Байламасам, оны да жауапқа тартады» деп бір айтқаны бар.

– Алтайдан Түркияға Оспанмен бағыт алғаны бар. Сонда Оспан аяғын аттың бауырына байлап қойып, қысым көрсетіп ерткен екен. Балтабай атамыз оған «Күнсаң келді. Оған бағынбасақ, атып өлтіреді» деп, тартыншақтаған екен. Оның үстіне, Қытайға Сталин көмек көрсетіп отырған. Қысым екі жақтан болып, Оспан өлсем де берілмеймін деп, әскеріне Шірік ши деген жерге жеткенде, мынаны атып, бетін жасырып кетіңдер деп атамды нұсқапты. Шірік шиге жете бере, киіз үйдің босағасына атамызды кісендейді. Киіз үйдің босағасы мықты болады деп отыратын өзі. «Оспан анадайда жатыр. Қасында қос мылтық. Есікті қараған күзетшіге жасаған жақсылығым бар еді. Соған құтқар дедім. Әлгі кісі кісенді өтірік құлыптайын. Амалын өзің тап деді. Оңтайлы тұс осы. Оспан ұйықтай бергенде мылтығын алып, көп жылқы ішінен бір жүйрікті міне қаштым. Оспан біліп жатты ма, жоқ па онысы беймәлім» деп отыратын. Сол қашқаннан Боғда тауындағы Ақсу деген жерге жеткен.

Оспан ақыры құтылдым деп, шекараға таяғанда Балтабайды ертіп келіңдер деп шабандоз жіберіпті. Өйткені Балтабайдың атын атап шақырса да қытай жасқанған. Сондай аңкөс кісі еді. Шабандоз Мұқажан мен Жұмажанның ауылына жетіп, Балтабай қайда десе, аңға кеткен депті. Атамыз неше күн тау-тас аралап жүре берген ғой. Ауылда болса, Оспан батырға еріп кетіп қалар еді. Ол кісі көп ұзамады, 1951 жылы ұсталды. 

1959–1961 жылдары «Қытайдан кеңес өкіметінің азаматтығы барлар қайтсын» деген заң шыға қалды. Оған атамыз елең еткен. Қайткенмен, туған жер ыстық қой. Сонда Мори ауданының әкімі Ережеп деген кісі қолындағы портфелін алып, «Сен тып-тыныш бар да жат. Өтіп кетсең, кеңес өкіметі тыныш қалдыра ма?! Орыстың қаншама әскерін қырдың» деп, сабырға шақырыпты. Батыр бабамыз көніп, екі мылтығын тапсырған. Сегіз ай Ақсу деген жерде болып, жиын ашып, қолдарына ақтау туралы қағаз берген.

Қытай үкіметі атам үшін қалпақты маған да кигізді. «Мылтығын оқтап, айылын тартып беріп жүрген жоқпын» деп ба­сымды ала қаштым. Зәңкарбай деген кісі атам­мен бірге жүрген. Елі – Шеруші. Сол Зәң­кәрбайды да алып келсін, үшеуіміз қатар жауап берейік дедім. Жиыннан жиын­ға салды. Әзер-әзер адам қатарына қосылдық.

Шежіреші Бошай Кітапбаев келіп, екі-үш күн қонақ болды үйде, – дей бергенде, мен де «Пахомовты қалай атқан екен» деп қоямын.

Оны бекіністе екі ай жатып аңдыпты. «Қазақтың мансаптыларын қырды. Қасымдағы Сүлеймен деген жолдасымды атып тастады» деп те егескен екен. «Пахомовты атсам, талай қазақтың кегін қайтарамын» депті. Ақыры атып өлтірді. Әскері тұра қуған. Қуғандарды қырып отырған. «Енді барсам, кеңес жаратпайды» депті. Бірақ, елге екі-үш рет барған. Соңғы рет Әнуарбек, Нәзірбек деген екі інісін алып кету үшін аттанған. Үкіметтегілер біреуін дөңбек ағызғанға қойып, екіншісін бұғы бағуға қойыпты дегенді естіген. Содан күздің уақытында барып, өгізбен шөмеле тартып жүрген баладан сұраса, жол көрсетіпті. Апасына апарып бер деп, шай-тұздығын беріпті. Шөп 15 күнде аяқталады депті бала. Сол кезде екеуін тауып беремін деп, уәде еткен. Уәде орындалған. Батыр атамыз екеуіне екі ат мінгізіп, Қытайға алып өткен. Ол екеуі кейіннен Алтайдың Шұңқыр деген жерінде жерленген. Атам өзі сексеннен асып дүние салды. Бейіті Мори ауданы, Данангу деген жерде. Мадияр інісі екеуі қатар жатыр. Туған жерін сағынып өтті. Біз 2007 жылы оралдық. Ел-жұртқа той жасап беріп, қайтайық деп жиналғанда, Тұрағұлым жүрегі ауырып, өмірден өтті. Біз болсақ, бір қазақтың отын жақсақ та, малын бақсақ та қайтамыз деп шештік, – деп әңгімесін тәмамдады Ырысалды апа.

 

Шығыс Қазақстан облысы