Үкімет • Кеше

Президент тапсырмасы: Үкімет халықтың тұрмысын жақсарту шараларын әзірледі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Үкімет мүшелері, басқа да мемле­кеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен Президент­тің азамат мүддесі үшін экономикалық реформа бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Президент тапсырмасы: Үкімет халықтың тұрмысын жақсарту шараларын әзірледі

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар шешім қабылданды. Бірінші, бүгіннен бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі. Премьер-министр Энергетика ми­нистрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірге тиісті қадағалау жүргізуді, сондай-ақ ішкі нарықты ЖЖМ-мен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Екінші,  барлық тұтынушы тобы үшін коммуналдық қыз­меттер тарифін көтеру 2026 жыл­дың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі.  Бұл ретте ТКШ жүйесі нысандарын­да жос­парланған барлық жөн­­деу жұ­мысы белгіленген мерзімде аяқ­талуға тиіс. Айта кету керек, ха­лықтың әлеуметтік жағы­нан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту арқылы тұрақтандыру қорларының жұмысына қосымша серпін беріледі, бұл өз кезегінде ӘМАТ санаты­на жататын өнімдер бағасы­ның төмендеуіне әкеледі. Делдал­дық схемалар мен сауда үсте­мелерін асыра қосу фактілерін анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылады.

Үшінші, жаңа Салық кодексі­нің шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режімін қолдануға салынатын басы артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Тыйым салынған тізімде, қолданыстағы заңнамада­ғыдай, тек 44 қызмет түрі сақта­лады. Одан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі, бұл микро және шағын бизнеске қатысты келесі жайттарды көздейді:

- салықтық тексерулер алынып тасталады;

- камералдық бақылау алынып тасталады;

- сот органдарына мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады;

- сот органдарына тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады.

Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімші­лік жауапкершілікке тартылмай­ды. Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі. Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Төртінші, базалық мөлшерле­менің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес, халық үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды, бұл тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған шара қолда­ныстағы «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдар­лама­лары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту жолымен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады, ол жыл сайын кемінде 7 мың әскери қызметшінің отбасына жаңа үйден бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар шеңберін­де салынатын тұрғын үй құры­лысы бойынша офтейк-келісім­шарттар жасалады. Бұл рет­те құрылыс салушылар үш жылға бағаны бекіту бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды.

Бесінші, отандық автоөндіру­шілер мен екінші деңгейлі банк­тер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдар­­ламаларын одан әрі жал­ғас­тырады. Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі. Бұл азамат­тардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту­ге ба­ғытталған. Одан бөлек, «Бәйтерек» холдингіне қысқа мер­зім­де шағын және орта бизнес­ті қол­даудың қосымша шаралары бо­йынша ұсыныстар беру тапсырылды.

Премьер-министр Үкімет жүргізіп отырған реформалар еліміздің ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге, экономикада базалық нарықтық қағидаттарды терең орнықтыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте Үкімет Мемле­кет басшысының әрбір қазақстан­дықтың әл-ауқатын арттыру қажеттігі туралы нұсқауларын, экономикалық дамудың негізгі көрсеткіші ретінде қарастыра отырып, қатаң ұстанады.

Соңғы жаңалықтар

Қаныштың түйсігі

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:15

Тор құрып бүркіт ұстау

Мирас • Бүгін, 08:05