
Фото: Ольга Ибраева. Orda.kz
Су мекемесіндегі шаруамызды тындырып алған соң, Дала өлкесі тарихы мұражайына кіргенбіз. Музей залын аралап жүр едік, Горбачев тағы алдымыздан шықты. Бірақ фотосуреті біз ойлаған кісінікіне ұқсамайды. Мұны байқаған музей маманы: «Жерлесімізді көбі КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачевпен шатастырып жатады. Ал, шын мәнісінде, Василий Горбачев – өткен ғасырдың 60-жылдары Арқалық аудандық атқару комитетін басқарған кісі. 1966 жылы боранды күні екі баланы ажалдан аман алып қалыпты. Енді басшы болған соң, ауыл-ауылды аралайды ғой. Сондай бір сапарында қойшы ауылдан екі баланы демалыстан қаладағы оқуына ала кетеді. Өзі, жүргізушісі, екі бала бар, жолда көліктері бұзылып қалады. Айдала, сақылдаған сары аяз, ақтүтек боран. Содан аудан басшысы жүргізушіні көлікте қалдырып, екі баланы ертіп көмек алып келу үшін жолға жаяу шығады. Абырой болғанда, алдарынан үлкен мая кездесіп, әбден тоңып, қалжыраған екі баланы жылы шөптің ішіне жасырады да, «Осы жерде жата тұрыңдар. Біраздан соң, көлікпен келіп алып кетемін», деп әрі қарай өзі жалғыз кетеді. Алайда сәт сайын жын соққандай құтырып өрши түскен ақ түтек боранда жол таба алмай адасып кетеді. Өзі де балалардың қасында, жылы шөпті паналап, боранның басылуын күтуіне болар еді. Алайда арлы азамат көлікте қалған жүргізуші үсіп қалмаса екен деп ойлаған сияқты. Өзі қаза болғанмен, қойшының екі баласын ажалдан аман алып қалды. Кейін ол кісінің есімін ел есінде сақтау үшін Арқалық тұрғындары бір көшеге Василий Горбачевтің есімін берді. Бұл көшенің тарихы осындай», деді.
Қостанай облысы