Тұлға • Бүгін, 08:17

«Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда…»

70 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Албырт шағынан өзгеге ұқсамайтын кестелі поэзиясымен танылған жыр жампозының бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Ақынның кіндік қаны тамған жеріне арнаған өлеңдерінен сағынышы мен қоңыр мұңы аңғарылады. Бұған атасы Нәжімеден қарттың тәлімді тәрбиесін көп көргені, бәлкім, өнегеге толы әңгімесін көп тыңдағаны әсер еткен шығар.

«Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда…»

Сорда қалған із

Терең ой құшағында жүретін ақын­ның әкесі Сабыр Екінші дүниежүзі­лік соғысқа аттанып, майдан даласынан оралмаған. Бұл әрине, әкенің ыстық алақанын аңсаған Жұмекен ақынды мұңға толы терең ойға жетелегені даусыз еді. Нәжімеден қарттың жүрегі сұрапыл соғыстың миллиондарды майдан даласында қалдыратынын сезді ме екен, ұлы Сабырды ауыл іргесіндегі сорға ертіп барған. Сол сорға баласының табан ізін бастырып, «Сені сағынғанда ізіңді көріп, мауқымды басармын. Өзіңді көргендей болармын, балам» деп шығарып салыпты.

Сордағы іздің қанша уақыт сақталғаны белгісіз. Бірақ әкесі ұлының табан ізінің үстіне қара қазанды төңкеріп қойыпты. Атасының оң тізесіне шынтағын қойып, әңгімесін жалықпай тыңдаған Жұмекен әкесінің сорда қалған табан ізін талай көрген шығар. Нәжімеден қария ұлының ізі басылған сорға күн сайын барып тұрған. Төңкеріліп жатқан қазанды көтеріп, баласының ізіне ұзақ қарап отырады екен.

Әкесі майдан шебіне түсерден бұ­рын сағынышын өлеңмен жазған екен. Оны Жұмекен де оқыған, қоңыр мұңға толы сыршыл жүрегіне сақтаған шы­ғар. «Бала кезімде әкемнің қалың дәп­терге жазып, атама жолдаған өлеңде­рін оқып отырушы едік. Әкем алты ай әскери дайындықта жүргенде ауылға сағынышын өлеңмен жазатын болған ғой. Майданға түскеннен кейін хат-ха­бар келмеген. Әкемнің сол өлең дәптерін жоғалтып алдық. Жұмекеннің өлең жазуына әкемнің әсері болды-ау деймін. Ол тіпті бала болып ойнамаушы еді. Үнемі қолынан домбыраны тастамай, баяу тартылатын күйлерді шертетін. Ұдайы терең ойға батып жүретін. Сол кезде ағатайымның жүрек түкпірін­­де поэзияның алғашқы шумақтары жа­зылған болар-ау». Мұны Жұмекеннің артынан ерген қарындасының бірі Сәбила айтып берген еді.

Жүрегі сағынышқа толы ақын атасын қатты жақсы көргені анық. Өйткені әкесінен гөрі атасының тәрбиесін көп көрді. Атасы да немересінің маңдайынан сүйіп, ұлының көзі мен тұяғы санады.

Ақынның бауыры Қибатола Қайыр­меденов бірнеше жыл бұрын мынадай оқиғаны әңгімелеп берді. «Кәмелет жасына толған Жұмекенді аудандық әскери комиссариатқа шақырғанда, атасы бірге еріп барған. Қатарластарымен әскерге аттанғалы тұрғанда, Нәжімеден қарт құлап қалған. Соғысқа кеткен ұлынан айрылған қария енді немересін әскерге жібергісі келмеген ғой. Атамыз немересін әскерге жібермеймін дей алмайды. Бірақ жіберуге қимайды. Сол кездің адамдары адамгершілік ұғымынан аттамайды ғой. Әскери комиссариаттың жауапты қызметкері атамыздың жүрегіндегі алаңын түсініп, көңілін қалдырғысы келмеген шығар, Жұмекенді әскерге барудан босатып жіберіпті», деген еді ол.

 

Әнұранның алғашқы нұсқасының авторы

Үнемі ой үстінде жүрген ақын­ның шығармашылығын зерттеген жұме­кентанушы, ғалым Қадір Жүсіптің пікі­ріне сүйенсек, Жұмекен алдымен жоғары білім алуды мақсат еткен. Алайда ұлттық университеттен білім алуға ұмтылған алғашқы қадамы сәтсіз болған. Мұның себебі неде?

«Жоғары оқу орнына емтихан тапсырғанда, шығарма жазған. Сол шығармасына төгілген сияның кесірі­нен алғашқы жылы оқуға түсе алмай қалған. Бұл ақынның жүрегіне зілдей жүк түсірді. Оқуға түсе алмағанына налып, арық жанында отырған Жұмекен­ді Ғұбайдолла деген қазақ офицері үйі­не ертіп апарған екен. Кейін Қараған­ды­дағы шахтаға жұмысқа орналасуға жолдама алуына осы Ғұбайдолла есім­ді офицер ұйытқы болыпты. Шахтада жұмыс істеп жүргенде Жұмекен көр­кем­өнерпаздар үйірмесіне қатысқан. Бала күнінен серік еткен домбырамен күйді шебер шерткенін көрген облыс басшыларының бірі консерватория­ға түсуіне кеңес беріпті. Кейін өзі таңда­ған оқуға түсіп, содан соң ғана әдеби ортаға танылды. Ақынның темірқазығы – ар, монологтарының бас кейіпкері – адам, ал табиғатындағы бір ерекше­лік – экспериментшілдігі. Жұмекен­нің кібіртік күй, келте қайырылған ой, қыс­қа поэтикалық шешімдерге көңілі толмаған. Оның ақындық болмысы басқаша мәнерде шешіле шалқуды аңсады», дейді Қ.Жүсіп.

Ғалымның пікірінше, өзге ақын-жазушылар секілді Жұмекеннің де жүрегі ел үшін елжіреп тұратын. Ақын­ның елшілдігі мен ұлтжандылығы шы­ғармаларына арқау болды. Соның бір дәлелі – «Менің Қазақстаным» өлеңі. Ақын тәуелсіз еліміздің Әнұранына айнал­ған рухты өлеңінің алғашқы нұс­қасын 21 жасында жазған.

Жыр жампозының поэзиясы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінен ла­йықты бағасын алды. Мәселен, қазақ­тың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаев оның болмысын «Жұмекен – сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін ақын», деп бағалаған.

«Мен үшін Жұмекен поэзиясы – әлдеқайда күрделі, мүлде жаңа, тосын поэ­­зия. Оны түсіну үшін белгілі бір дең­гейде дайындық керек. Жұмекен поэ­зиясы мені өзіндік шүңет тереңдігі­мен баурайды. Қай уақытта да тереңдікті игеру қиын. Тереңдік әлі алына қойған жоқ. Мұхиттың ең терең тұсы он бір мың метр. Оған эхолокация болмаса, ішінде адамы бар барокамера жете қойған жоқ. Өйткені тереңдіктің қысымы қандай бір болмасын барокамераларыңызды ­сы­­­ғып, қабыстырып жібереді. Шыдат­пайды. ­­­­Қай тереңдік те, соның ішінде адам ­жаны­­ның тереңдіктері де осындай «мінезге» ­­ие. Жұмекен, міне, осындай қысымы ­ала­пат тереңдіктерде жұ­мыс істеген ақын. ­Яғни тереңдікке же­ту­де, онда жұмыс істеу д­е, ол жерде жа­зылған жыр да күрделі, ­тылсым» деген еді Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек.

Ал абыз Әбіш Кекілбаевтың пікі­рі Жұмекеннің болмысын бар қы­ры­нан ашып тұр. «Мен өз басым қа­зақ поэ­зиясының керуенін көптен көз жаз­­бай байқап, қадағалап, оқып оты­ратын­дар­дың бірімін. Ондағы әр «түйе­нің» аяқ алысы мен әр «теңнің» ішінде не жат­қаны көп ретте маған айтқызбай-ақ бел­гілі болып тұратын да жайы бар. Бір­қата­рының жырын оқып: «Апыр-ай, бұ­дан бұндайды күте қойған жоқ едім», дейсің. Үшінші біреулеріне: «Бұ­дан артық не күтуте болады», дейсің. Ал Жұмекен Нәжімеденов бұндай үш топтың үшеуіне де жатпайды. Ол кітаптан-кітапқа ауысқан сайын, аре­на­ға әр шыққан сайын снарядына қо­сым­ша гир қосып отыратын штан­гист сынды: апыр-ай, осы жолы қайтер екен деп, қарадай қыпылықтатып отыра­ды. Оның қолындағы снаряд – кәдімгі сіз бен біз бастан кешіріп отырған, сіз бен біз­ге дейін де мың-мың талайлардың ұй­қы­сын бұзатын күнделікті қарабайыр тір­шіліктің қашан да қарапайым, қашан да елеусіз, сондықтан да үйреншікті, сон­дықтан да шытырман, сондықтан да күр­делі шындықтары», деген заңғар жазушы.

 

«Дала деген докторға көрінейін»

Жұмекеннің болмысы жұмбақ болып жаратылған секілді. Оны кезінде ақын-жазушылар да жоққа шығармаған. Бұған оның үнемі ой үстінде жүретіні, айтыс-тартысқа толы басқосулардан бо­йын салғаны себеп болған шығар. ­Мұны Алатаудың ақбас шыңындай қы­ран ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Жұме­кен – жұмбақ ақын. Тамырын терең сал­ған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақындарға тән шалқу, тебіреніс-толғаныстың өзі де құпия, жасырын. Оқушысының қолына тереңде жатқан ойының бір ұшын ұстатады да, арғы жағын өзің тап дегендей жайлап шығарып салады» дегені айшықтап тұр.

Осындай сәттердегі сағынышы «Қоңыр дәптерінде» айқын көрінеді. Ақын жүрегін мазалаған қоңырқай ойды «Қоңыр түс» деген өлеңінде суреттеді.

 

«Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,

көзін сулап қалып еді қамығып.

Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп,

қоңырқай ой маза берер емес түк.

 

Қоңырайып жатыр алда жол әлі,

кеудем кейде қоңыр жырға толады.

Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,

өргізіпті-ау, қоңыр-қоңыр баланы.

 

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...

қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім,

Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен,

қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.

 

Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда,

шешем қалды қоңыр төбе басында.

Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде,

қоңырайып отырамын үстелге».

Қазақ ұғымына тән қоңыр мұңды ­поэзиясына арқау еткен ақын өзге түс­терді жек көрген жоқ. Барлық түстің астарын ашқысы келді. «Түстер сыры ақын­ды қатты қызықтырады. Оның поэти­ка­лық қиялы жеті түстің әрбіреуінен ғажап құпиялар ашқан. Бұл – кез келген адамның ойына орала бермейтін ізде­ніс. Түстердің өзінде де біз білмейтін мән көп. Ақынның топшылауынша, қара түсте контрастылық мағына бар. Сұр түс – жағымпаздықтың белгісіндей, көк түсте қарама-қарсылық сезіледі. Ақынға ең ұнамды түстер: қызыл, қоңыр, ақ, сары түстер. «Қоңыр түс» деген шағын өлеңінде «қоңыр» деген сөзі 21 рет қай­таланады. Бәрі де эпитеттің қызметін атқарып, оқырманға эстетикалық ләззат береді. Бір сөз қанша қайталанса да, өлең көркемділігіне нұқсан келіп тұрған жоқ. Осы «қоңыр» сөзі шығармаға ұлттық нәр, нақышты өрнек беретін тәрізді» дейді жұмекентанушы ғалым Қадір Жүсіп.

Қазақ поэзиясының ерекше құбы­лысы Қадір Мырза Әлінің пікірі­не қарағанда, ақын жеті түстің әрқайсы­сына «мінездеме» берген. Өлең-сөздің ұс­тасы «Жұмекен «Жеті бояудың» авторы ретінде қазақ поэзиясында бұрын-­соңды өткен алуан ақындардың қай-қайсы­сына да ұқсамайды» депті.

Алдыңғы буын өкілдері мен қатар­ластарынан осындай жоғары баға алған Жұмекен үнемі даланы аңсады. Таби­ғаттың тылсым сырларын, жұмбақ құбылыстарын өлеңіне арқау етуден жалықпады. Осылайша, өзінің кең да­лаға деген сағынышын жыр шумағы­мен шебер суреттеді. Ақын құдды табиғаттың тылсымын қалт жібер­мей, бақылап тұратын синоптик секілді көрінеді.

Көлігі де, у-шуы көп қалада тұрған ақынның аңсары – даланың жұпар ­ауасы. Барша қазақтың аңсарын «Дала деген докторға көрінейін, Профес­сор емдесін шұбат деген» деген жолдар­мен айқын аңғартып тұр. Осы бір екі жолда қазақтың ұлттық сусыны – шұбаттың бойға қуат беретін дәрумен екенін бейнелі түрде әсерлеп жеткізеді.

Ақынның сөз саптаудағы шеберлігі әр өлеңінен, әр кітабынан байқалады. Оқыған жанды тәнті етеді. Қазақтың ұлттық өнерді дәріптеу өнегесін «Күй кітабынан» табасыз. Ал «Ұлым, саған айтам» жинағында баласына «Жақсы болсаң, еліңді, Мақтайды жұрт ұқтың ба?» деп зор жауапкершілік арқалатады. Адамның мінез-құлқы, алған тәрбиесіне қарап-ақ жұрт оның елі туралы пікір қалыптастыратынын астарлы сөзбен бейнелейді.

Жыр дүлдүлі өнімді еңбек етті. Бас­тап­қыда өлеңдер топтамасы алғаш рет 1959 жылы жас ақындардың «Жас қа­нат» жинағына енді. Ал бірінші кітабы «Балауса» деген атаумен 1961 жылы жарыққа шықты. Осыдан соң «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жарық пен жылу» , «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Ұлым, саған айтам», «Мен туған күн» кітаптарын оқырманы жақсы қабыл­дады. Тек өлең жазумен шектелмеген қа­лам­гер 70-жылдардың басында «Ақ ша­ғыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» ­романдары мен «Бетпе-бет», «Домбыра мен көсеу» повестерін ұсынды. Прозадағы туындыларынан кейін поэзияға қайта оралып, «Жеті бояу», «Шуақ», «Ашық аспан», «Қыран қия», «Менің Қазақстаным» ­жыр кітаптарын шығарды.

Жиырма бір жасында жазған «Менің Қазақстаным» өлеңі Әнұранға айналды. Кештеу болса да шығармашылығына Мемлекеттік сыйлық берілді. Атырау қаласында ақынның еңселі ескерткіші орнатылды. Ал биыл қарашаның соңын­да Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына ­­90 жыл толады. Сәйкестік пе, әлде кез­­­дей­соқтық па, қаздар қиқулап жылы жақ­қа қайтатын қоңыр күзде, дәлірек айтқан­да, 22 қарашада Құрманғазы ауданын­дағы Қошалақ деп аталатын топырақта жа­рық дүние есігін ашқан ақын туған күні­нен ­
6 күн бұрын дүниеден озған...

 

Атырау облысы