Таным • Кеше

Қаршыға мен қаздың «түйе тіркеуі»

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ халқының құсбегілік өнері – үлкен ілім. Соның ішінде сұңқар, қаршыға, ителгі, лашын, қырғи сияқты шәулі қырандармен саят құру ерекше ілкімділікті һәм айла-тәсілді қажет етеді. Мысалы, Ертіс бойын және айдын шалқары көп Арқа өңірін мекендеген саятшылар көп қолданатын «түйе тіркеу» тәсілі деген бар.

Қаршыға мен қаздың «түйе тіркеуі»

 Суретті салған Қоңыртай Мұқамәдиев

Қазақ саятшылары шәулі қырандарды баулып-баптап желбесін (жыл құстары) құстарға салады. Оның өзінде құс аулай­тын арнайы мезгіл бар. Көктемде жылы жақтан құстар келіп, жұмыртқа басады, балапан шығарады. Ондай кезде оларға тиіспейді.

Ал нағыз саятшылық кезі күз айы. Қазақ саятшыларының «құс қайырған құбы жел» немесе «қазанның қара д­ауылы» дейтін межесі бар. Бұл мезгіл қазанның соңы, қарашаның басы. Осы шамада желбесін құстар оңтүстікке қоныс аудара бастайды. Бұл нағыз саятшылыққа қолайлы уақыт. Яғни құсбегілер желбесін құстарды аулау үшін «түйе тіркеу» тәсілін қолданады.

Бұл әдіс-тәсіл бойынша желді күні  жіберген қаршыға қазды бауырлықтан тұяғын салып жіберіп ыққа жетектей жөнеледі. Қаз желге қарсы бұлқына алмай жетекке еріп ұшады. Қалған қаз артынан шұбай жөнеледі. Бұны саятшылар «түйе тіркеу» дейді.

Түсіндіріп айтсақ, саятшы желді күні үйретілген қаршығасын айдында қонақтап отырған топ қазға жібереді. Ол барады да топ басшысы құлабыз қаз­ды желкесінен бүріп ұстап, желге ықтата жетектей жөнеледі. Қызық бол­­ғанда, үйірдің басқа қаздары оның соңы­нан тізбектеліп ұшып, жағаға шы­ғады. Дәл осы сәтте басқа саятшылар шәу­­лі қыран­дарын даярлап тұрған босатып жібереді. Босап шық­­қан шәу­­лі қырандар түйе сияқты тірке­ліп ұшып келе жатқан қаздарға қыр­ғи­дай тиеді.

Бұл тәсілді саятшылар қалай қолда­натыны туралы жазушы Сапар­ғали Бегалин «Саятшы әңгімелері» атты кітабында: «Құсбегінің қолындағы қаршыға құйқылжи ұшып көтерілді де, зуылдап қазға жетіп барып, айқаса түсіп ұмар-жұмар болды. Біз суға түседі-ау деп сасып тұрмыз. Сонша болмады, ұмар-жұмар жазылып қаршыға алдында, қаздар артында ыққа қарай шұбыра ұшты. Біз айран-асыр болдық. Қас қаққанша қабаққа шыға қаршыға мен қаз ұстасқан күйі жерге түсті. Біз де шауып келдік. Шәбденбек қаршығаның тырнағы­нан қазды жазып алып, күмісті қара шақшасынан насыбайын атып тұр екен. Ол: «Бағана сендер мені құс тілін білмейтін кісі көріп шаттыңдар. Мұны қаршыға мен қаздың «түйе тіркеуі» дейді. Тек айдын көл, қаңқылдаған қалың қаз, қайырулы қаршыға, қатты жел-дауыл табыңдар, мен салу ақылын өзім білемін, деп мақтанып қойды», деп жазыпты.