
Қазір Сарыкөл ауданындағы Барвинов ауылына су құбыры тартылып жатыр. Бұл ауылда құбыр ауыстыру жұмыстары былтыр басталған. Бүгінге дейін 28 шақырымға жуық су желісінің жартысынан көбі жаңартылды.
«Былтыр екі резервуар салынды. Биыл су сорғыш станциясын орнатып, әр 150 метр сайын өрт сөндіру гидранттары қойылады. Осының бәрін қар түскенше бітірсек деп отырмыз», дейді мердігер компанияның өкілі Валерий Халиков.
Аталған ауданда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша үш жыл мерзімге екі жоба жасалған. Бүгінде Барвиновтан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Комсомол ауылына орталықтандырылған су желісі тартылып жатыр. Екі елді мекенде шамамен 3 мыңға жуық халық тұрады.
«Бізде 23 ауыл бар. Халықты орталықтандырылған сумен қамтасыз ету жағын айтар болсақ, 96,6% құрайды. Бұл жерде шағын 5 ауылымыз бар. Сол бес ауылда су тарату жүйесі орнатылған», дейді Сарыкөл ауданының әкімі Марат Шымырбеков.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қостанай өңіріндегі ауыл тұрғындарының 91% сапалы ауызсу тұтынып отыр. Барлығын толық қамту үшін арнайы мемлекеттік қордан қосымша 9 миллиард теңгеден астам қаржы сұратылып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өтінім хат жіберілген.
Қостанай облысы