Әлем • Бүгін, 12:54

Қай елде кез келген азамат басқа адамның табысын еркін біле алады?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемнің біршама елінде адамның табысы – жеке, құпия ақпарат. Біреуден «қанша табасың?» деп сұраудың өзі әдепсіздік болып саналады. Ал кейбір мемлекеттерде мұндай ақпаратты мүлде жария етуге тыйым салынған. Бірақ әлемде кез келген азамат басқа адамның табысын ресми түрде біле алатын бір мемлекет бар. Бұл – Швеция, деп жазады Egemen.kz.

Қай елде кез келген азамат басқа адамның табысын еркін біле алады?

Швецияда қоғамдық ашықтық аса жоғары бағаланады. Бұл елде тұрғындар мен мемлекет арасындағы сенім мықты. Сол сенімнің арқасында қоғамда барлығы бір-біріне жауап береді. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер мен лауазымды тұлғалар табысы мен өмір салты бойынша бақылауға ашық.

Швецияда әрбір азамат салық қызметіне барып немесе онлайн түрде басқа адамның салық декларациясын сұрауға құқылы. Яғни, сіз басқа адамның жылдық табысын, төленген салығының мөлшерін, кейде тіпті мүлкі туралы ақпаратты да біле аласыз. Бұл жүйе «құпияны бұзу» немесе біреуге зиян келтіру үшін емес, қоғамдағы әділеттілікті сақтау мақсатында енгізілген.

Швецияда бұл үдеріс жасырын түрде жүргізілмейді. Егер сіз біреудің табысы туралы мәлімет сұратсаңыз, сол адамға арнайы хабарлама жіберіледі. Хабарламада сіздің атыңыз бен қай күні сұратқаныңыз жазылады. Бұл – біреудің жеке өміріне рұқсатсыз араласуға жол бермеудің тетігі. Яғни, сұрауға болады, бірақ жауапкершілікпен ғана.

Бұл жүйенің мақсаты не? Швеция бұл ашықтықты қызғаныш тудыру үшін емес, әлеуметтік әділеттілік пен сенімді нығайту үшін қолданып отыр. Мақсат – әр азаматтың табысы мен қызметтік лауазымы сәйкес келе ме, жоқ па соны бақылауға мүмкіндік беру. Мысалы, мемлекеттік қызметкер орташа жалақы алса да, бірнеше қымбат үйі мен көлігі болса, бұл заңсыз табыс немесе жемқорлық күдігін туғызуы мүмкін. Мұндай жағдайлардан қоғам ашық бақылау арқылы қорғана алады.

Әрине, әр елдің мәдениеті мен заң жүйесі түрліше. Бірақ Швеция үлгісі басқа елдерге де ой саларлық тәжірибе.