Әдебиет • Бүгін, 08:10

Жүрекке оралу

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде М.Әуезов пен М.Мырзахметұлының зерттеулері арқылы Абай шығармаларындағы Толық адам туралы ой желілерін біршама білгірлікпен байыптай алатын халге жеттік. Алайда мұның терең төркіні мен желілі жүйесін, хакім қалыптаған болмысын жете танымай, науқаншылдықпен насихаттаушылық та бар. Толық адам ілімі – Абайдың өзіне дейінгі адамгершілік іліміне сүйене жүріп, заманының да талабынан туындатып, өзі жырлап, өзі қалыптап жасаған төл танымы.

Жүрекке оралу

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ол ең әуелі Қайратты (күш-қуат, талап, еңбек) көмекші, жәрдемші етумен Ақыл (оқу, білім-ғылым, ой-сана) арқылы Жүрек жолымен (әділет, ар-ұят, мейірім, рақым, сүю) жетіле беруді танытады. Философиялық танымдағы атақты категориялардың бірегей жұбы – құбылыс пен мән. Құбылыс – нәрсенің, мәселенің жалпы болмысы мен көрінген нобайы болса, мән – сол бар болмыстың өзін, түпкі мәні мен өзегін танытар парқы мен қасиеті. Осы тұрғыдан келгенде, Толық адам ілімі – ақынның адамгершілік жайлы өзекті ойларының жалпы жиынтығы, гуманистік ойлардың бәрін қамтыған құбылысы деуге келеді. Адамгершілік жайы әуелі Толық адам ілімі түріндегі құбылыс қалпымен көрініп, арадағы жәуанмәртлік ілімін өткел етіп, ең түпкі мәні – махаббат пен әділет, ізгілік пен сүюге, яғни жүректің басты қасиеті үш сүю, иманигүлге дейін дамып ұштала береді. Абайда жетілген, кемел, толық адамның мәні мен негізіне, түпкі өзегіне бет алып, тереңдей түскен осындай бір жүйе (система) бар. Сол жүйенің жетіле келіп жеткен жері әрі биік белесі – сүю, иманигүл – үш сүю. Адам-пенденің өмірде қызығатын, соңына шырақ ала түсіп ұмтылатын, есті-ессіз сүйетін қызық, қуаныштары сансыз көп болса да, Абай өзі тұжырымдап, өзі түйіндеп жырлаған және өзіндік ілімі мен қалыбына айналдырып жасаған иманигүл-үш сүю танымы арқылы оқырмандары мен тыңдаушыларын Алла мен адамзатты және әділетті сүюге шақырған. Бұл – өзіндік адамгершілік ілімі – Толық адам танымының ең биік шыңы. Толық адам – тәнімен де, жанымен де жетілудің мүмкін болған шыңына жетіп, кемеліне келген адам. Ақын жырлаған ақыл мен жүрек (жан) және қайрат (тән) адамның рухани және тәни бөліктен тұратын қоспа жаратылысы мен бекзат болмысын толық әрі түгел етумен бірге, оның өзіне ғана тән, өзіне ғана тиесілі асыл адамгершілігін де толық, жетілген, кемел етеді.

Абайдағы адамгершілік туралы ой­лардың бәрі де осы Толық адам танымының қойнауы мен аясынан бас­тау алып, өрісін кеңейте дами береді. Тәндегі бұлшық еттен бастау алатын қайраттың (күш-қуат) да адам болу мен адамгершілікке қатысы бар, мұны «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек», «Әсемпаз болма әрнеге», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңдері мен 17-қарасөзіндегі ақын ойларынан айқын байқауға болады. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңі туралы М.Мырзахметұлы былай деп жазған: «Абайдың 1889 жылы өлеңді барынша өндіре жазған жылдары дүниеге келген «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңінде-ақ адам бойындағы ақыл, қайрат, жүрек жөніндегі күрделі ұғымға алғаш рет ерекше назар аударып, ой толғай бас­тайды».

...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

...Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Абай адамның жануармен ортақ жалпы жаратылысын да, оның өзіне ғана тән адамшылық, адамгершілік болмысын да осылайша түгелдеп толық етіп алғаннан кейін, әрі қарай басты арманы мен мақсаты – адам жаратылысындағы асыл адамгершіліктің нақты өзіне, оның мәні мен өзегіне қарай дендеп ене бастайды. М.Мырзахметұлы ізерлей зерттеп танытқанындай, осы жолдағы ақынның алғашқы «аялдамасы» – өзі тауып, өзі түйіндеп жаңғыртқан жәуанмәртлік ілімі. Бұл ілімде толық адамдағы үш қасиеттің екеуі ғана қамтылған, яғни жәуанмәртлік сипаттарына – ақыл мен жүректен шығатын: ақыл және әділет пен рақым қасиеттері жатады. Осы­лайша, ақынның Толық адам атты адам­гершілік танымның өзегі мен мәніне қарай бет алған қалпын көреміз. Яғни «малда да бар жан мен тән» түріндегі қайратпен, яғни жаны бар дене, жанды тәнмен салыстырғанда, жәуанмәртлікті құрайтын ақыл, әділет, рақым – тек адамда ғана бола алатын өзіндік адам­гершілік қасиеттер. Абай адам болуда қайраттың – «малда да бар» болатын төмендік, шектеулі сипатын айтып, тіпті ақылдың да «әуелде бір суық мұз», «біле алмай бір тәңіріні болдыратын», «жақсының да, жаманның да іздегенін тауып беріп жүретін» кемшілігін «термелеп» кеткендегі мақсаты – оларды (қайрат, ақыл) керексіз, қажетсіз көру, төмен санау ғана емес, қайта адам болу мен адамгершілікті жетілдіруде атақты үш қасиеттің (ақыл, жүрек, қайраттың) қайсысы айрықша артық, қайсысы ерекше асыл, соның жайын анықтау, яғни адамгершілік қалып пен көп қасиет­тің өзегі мен мәніне үңіле түсу болған. Жәуанмәртлік ілімінде толық адам­дағы үш қасиеттің екеуі ғана қамтылса, иманигүл-үш сүюде жалғыз ғана жүрек қалады. Бұдан байқайтынымыз, адам болу мен адамгершілікті жетілдіруде әрі ақиқатты біліп, хақты тануда ең биік, мәртебелі орында жүрек тұрады екен. Адамдықтың басты белгісі – Ақылдың өзін Жүректегі ынта мен ықылас, сүю оятады: «Талап, ұғым махаббаттан шығады», «Махаббат – әуел адамның адамдығы», «Жүректе қайрат (ынта, ықы­лас, сүю) болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек», «Ақылмен хауас (Жаратушы) барлығын білмейдүр, жүрек сезедүр». Жүрек пен одан шығар сүюді бәрінен жоғары санау ең берісі Сократтан бері жалғасып келеді. Әл-Фарабидің де ұлы махаббатты, алғашқы сүюді Бірін­ші Тұлға, Алламен сабақтастырып, сүю­дің өзі тіршілік пен Барлықтағының бәрінен де биік тұратынын әбден шегелей тұжырымдайтыны бар. М.Мыр­захметұлы айқындап бекіте түскеніндей, Абай танымында да жүрек культі басым болып келеді. Дін, сопылық, ғы­лым (Әл-Фараби) үшеуінде де жүрек – Алла, Бірінші Тұлға, ақиқат пен асыл адам­гершілікке бастаушы әрі рухани же­тілуді адам үшін мүмкін болар шыңына жеткізіп түйіндеуші рухани құбылыс. Абайдың өзіндік адамгершілік ілімінде Толық адамның мәні мен өзегіне, түп негізіне тарта беретін желілі жүйе бар.

Ақыл, Жүрек (жан), Қайрат (тән) үше­уінің «бір кеудеден табылып», одан Толық адам ілімі туатын танымы – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығындағы өзі ізденіп жеткен төл табысы. Ең берісі әл-Фараби және Ж.Баласағұн мен А.Ясауи армандаған қайырымды қала мен ізгілікті қоғам Абай жырлап, Абай тұжырымдап тапқан «Толық адам ілімі» арқылы ғана өмірлі болып орнамақ.

 

Мақсат ӘЛІПХАН,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті