Ауыл • Бүгін, 08:45

Ауылдың бағын ашқан бағдарлама

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Қаладан – ауылға» атты бірегей бағдарлама жүзеге асып жатқанына бір жыл болды. Ауылдың бағын ашқан жобаға бүгінде өзге өңірлер де қызығушылық танытқан.

Ауылдың бағын ашқан бағдарлама

Суреттерді түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН

Өңірде облыстық ма­ңы­зы бар Орал қа­ла­с­ы, аудандық ма­ңы­­зы бар Ақсай қаласы, 3 кент, 405 ауылдық елді мекен және 147 ауылдық округ бар. Облыс Ресей­дің Астрахан, Волгоград, Сара­тов, Самара және Орынбор облыс­тарымен шектесіп жатыр. Сырт­қы шекара ұзындығы 1 532 ша­қы­рымға жетеді. Облыста барлығы 12 аудан­ болса, соның 7-еуі – Бөкей ордасы, Жәнібек, Қаз­талов, Тасқала, Бәйтерек, Бөр­лі және Шыңғырлау аудан­дары ше­ка­ралас аумақта орна­ласқан. Облыс­тағы барлық 405 ауылдық елді мекеннің ішіндегі 145 ауыл ше­ка­рада тұр, бұл елді мекендерде 104,3 мың адам өмір сүріп жатыр.

«Ауылдан адам азаю үрдісі біраз жылдан бері жүріп жатыр. Әсіресе шекара маңындағы аумақтан халықтың кетуі байқа­лады. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында 49 ауылда тұрғын саны 50 адамнан азайып кетті. Заң бо­йынша мұндай ауылдар таратылып, елді мекен санатынан шығарылуға тиіс. Бірақ шекара маңындағы аумақты жалаңаш қалдыруға болмайды, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе», дейді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру жөнінде үкімет пен әкімдерге бірнеше нақты тапсырма берген болатын. Ауылдарды сақтап қалу, ауыл экономикасын жандандыру үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарлама да аз емес. Батыс Қазақстан облысында қолға алынған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы аз уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. 2024–2026 жылдарға арналған бұл жобада ауыл тұрғындарына қолдау көрсететін барлық мем­ле­кеттік бағдарлама мен жоба біріктіріліп, үйлестірілген. Соның ішінде қала­­дан ауылға көшіп баратын­ отбасын қолдау, баспанамен, жұ­мыс­пен қамтамасыз ету мәселесі ойластырылған.

«Ауыл – алтын бесігіміз ғой. Біз қолға алған «Қаладан – ауылға» жобасы ауылдарымыздың өсіп өркендеуіне көмектеседі, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты ны­ғайып, қолайлы ортада өмір сүру мүмкіндігі артады деп білеміз. Бір жылдық нәтижені сараптап көрсек, қазірдің өзінде оң өзгеріс бар екенін байқаймыз. Бұл бастамамызға өзге өңірлер де қызығушылық танытып жатыр», дейді облыс әкімі.

1

Биыл наурызда «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлес­тігі» республикалық қоғам­дық бірлестігі Орал қаласында көшпелі отырыс өткізіп, БҚО басшылығы мен аудан әкімдері және мәслихат төрағаларымен кездесті. Жобамен жақын таныс­қан Жамбыл және Павлодар облыс­тық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев пен Илья Терен­ченко қанатқақты жоба жөнін­де пікір білдіріп, жобаны жетілдіруге, қоныстанушыларға көр­сетілетін қолдау тетіктерін кеңей­туге қатысты ұсыныстарын айтты. Кеңейтілген отырыс соңында Ақмола, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстық мәсли­хат төрағасы үшжақты ынты­мақ­тастық меморандумына қол қойды.

Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған «Қаладан – ауылға» бағдарламасының негізгі мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайтып, ауылда жұмыс күші тапшылығын жою. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенді тұрақты дамыту, шағын және орта бизнес нысандарын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала тұрғындарының, әсіресе жас отба­сы­лардың әлеуметтік мәселе­ле­рін шешу көзделген. Нари­ман Төре­ғалиевтің айтуынша, бір жылда бағдарлама аясында ауыл­дарға 104 отбасы қоныс ауда­рып, ауыл халқы 519 адамға көбейді. Оның 326-сы – кәмелетке тол­ма­ған бала.

Сараптап қарасақ, Ақжайық ауданына – 5 отбасы (32 адам), Бәйтерек ауданына – 4 отбасы (22), Бөкей ордасы ауданына – 8 отбасы (24), Бөрлі ауданына – 8 отбасы (45), Жаңақала ауданына – 11 отбасы (39), Жәнібек ауданына – 6 отбасы (32), Қазталов ауданына – 17 отбасы (95), Қаратөбе ауданына – 13 отбасы (72), Сырым ауданына – 10 отбасы (58), Тасқала ауданына – 5 отбасы (30), Теректі ауданына – 6 отбасы (15), Шыңғырлау ауданына 11 отба­сы (55) қаладан көшіп барған.

Ауылға барғандардың арасында 119 адам жұмысқа орналасса, Қаратөбе және Шыңғырлау ауданына барған 3 адам кәсіп бастап кеткен. Ауылға көшкен 104 отба­сы түгелімен тұрғын үймен қамтылған. Бағдарлама биыл да жақсы жүріп жатыр. 2025 жылдың басынан 1 мамырға дейін 9 отбасы ауылға көшкен. 32 адам, соның ішінде 16 бала енді ауылда тұрады.

Жақында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов жұмыс бабымен Батыс Қазақстан облысында болған еді. Осы сапарда өңір бас­­шысы Нариман Төреғалиевпен кездесіп, елімізде атқарылып жат­қан біре­гей жоба – «Қаладан – ауыл­ға» бағдарламасымен жақын таныс­ты.

«Ауылдарымыз бүгінде табиғи газбен, ауызсумен 100% қамтылды. Кейінгі екі жылда өңірде 174 млрд­ теңгеге 1 мың шақырымнан астам жол жөнделді. 2023 жылы – 562 шақырым, 2024 жылы 470 шақы­рым жолға асфальт төселді. Биыл тағы 260 шақырым жол са­ламыз. «Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс аумағында 2023–2024 жылдары 36 медициналық инфра­­құрылым салынды. Биыл 14 ны­санды іске қосамыз. Жақсы­бай, Шөп­тікөл, Жарсуат және Кен­түбек ауылдарында – 4 мә­дени-спорт­тық кешен, Дариян, Ақ­жайық, Жаңаөмір және Есенсай ауыл­­­дарында – 4 спорт кешені, Қы­зыл­тал ауылында спорт залы са­лынып жатыр. Бұл нысандар 2025 жылдың соңына дейін ха­лық игілігіне беріледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 млрд тең­геге жуық қаржы бөлініп, 1 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашыл­ды», дейді Батыс Қазақстан облы­­сы­ның әкімі Нариман Төре­ға­лиев.

Батыс Қазақстан облысы