
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында Балалар құқықтары жөніндегі уәкілмен, Парламент депутаттарымен және қоғам өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әр балаға тең мүмкіндік беруді, олардың құқықтарын қорғау мен жан-жақты қолдау көрсетуді көздейтін тұрақты мемлекеттік саясаттың іргетасы болмақ.
Сондай-ақ Еділ Оспан 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың жеке шоттарына автоматты түрде аударылып жатқанын атап өтті. Мәселен, былтыр әр балаға 100 доллардан, ал биылғы есеп бойынша 129 доллардан келіп отыр. Сонымен қатар алушылар саны да артып келеді. Нақтырақ айтсақ былтыр бұл бағдарлама аясында 304 815 бала, биыл 324 430 бала қамтылған.
Бұдан бөлек, вице-министр сапалы білім алуға мүмкіндік беретін қосымша тетік ретінде «Келешек» ерікті жинақ жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Бұл жоба мемлекеттік білім грантына қосымша қаражат жинауға, жастардың лайықты мамандық меңгеруіне немесе тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздегі бастауыш сынып оқушыларын қолдау мақсатында 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру жүйесі кеңейтіліп отыр. Бұл шара 25 мыңнан астам баланы қамтыды. Білім беру мекемелерінде мектеп асханаларына арналған жаңа стандарттар дайындалды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бекітілген бұл стандарттар 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептерінде енгізіледі. Рационды жаңартумен қатар, тамақтың сапасы мен қауіпсіздігін, асханалардың санитарлық жағдайын бақылау шаралары да күшейтіледі.
Жиын барысында вице-министр қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту және өңірлерде балаларды сапалы білім алу үшін лайықты жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске асырылып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін 460,4 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 105 мектеп пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» жобасы білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды элементі және адами капиталды дамытуға ұзақ мерзімді инвестиция болмақ.
«Сонымен қатар біздің міндеттеріміздің бірі – балалардың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету. Балалар интернат мекемелерiн институционалсыздандыру саясаты жалғасып жатыр. Жыл сайын ел азаматтары отбасына 1000-нан астам жетім баланы қабылдайды. Нақтырақ айтсақ, азаматтар 2019 жылы – 1111, 2022 жылы – 1019, 2023 жылы – 1063, 2024 жылы – 1274 баланы қабылдаған. Былтыр балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізілді. Жүргiзiлген жұмыстардың нәтижесiнде балалар үйлерiнде тәрбиеленетiн балалар саны соңғы 10 жылда екi есеге (9 мыңнан 3,6 мыңға дейiн) қысқарды. Балалар үйінің түлектерін әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» қайырымдылық акциясы кеңейтілді. Сондай-ақ жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктері енгізілді. Бұл қадамдар еліміздің әрбір кішкентай азаматының бақытты балалық шағының кепілі болмақ», деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.