
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Еліміз бойынша барлық ауыл, аудан және қала бұл мерекелік бастамаға белсене қатысады. Іс-шаралар балаларды елдің мәдени, білім беру және қоғамдық өміріне кеңінен тартуға бағытталған. Мереке күндері облыс, қала және аудан әкімдерінің балалармен кездесулері өтеді. Бұл жүздесуде балалар өз ұсыныстарын айтып, арман-мақсаттарымен бөлісе алады. Сонымен қатар осы күндері жаңа білім беру нысандарының ашылуы жоспарланған. Театр, музей, саябақтар мен кинотеатрларға тегін немесе жеңілдікпен бару мүмкіндігі қарастырылған. Оған қоса балаларға қолдау көрсетуге бағытталған өңірлік қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.
«Қазақстан балалары» ұлттық онкүндігі балалардың өсіп-өнуіне көңіл бөлуге бағытталған. Іс-шаралардың мақсаты балдырғандарға қуаныш сыйлау ғана емес, сонымен қатар олардың балалық шағына қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін көрсету.
Осы мақсатта Астанадағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығында «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті. Жиын аясында психолог пен заңгер кеңестері, концерттік және театр қойылымдары, шеберлік сағаттары мен қызықты ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға сыйлықтар табысталды.
Нұра ауданы бойынша отбасын қолдау орталығы әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінің басшысы Ақырыс Әділханқызының айтуынша, орталық ашылғалы бері бұл қызмет 965 отбасына көмек көрсеткен.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығында әлеуметтік сүйемелдеу, кеңес беру, заңгерлік және психологиялық көмек көрсету қызметтері қарастырылған. Барлығы тегін. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық көмекші құралдарға өтініш беру, кеңес алу бойынша да қолдау көрсетеміз. Бүгінгі жиынға да әлеуметтік сүйемелдеуде тұрған отбасылар мен олардың балалары қатысып жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру және ата-анамен ашық диалог құру мәдениетін дамыту. Жалпы, мұндай он күндік бағдарлама биыл алғаш рет қолға алынып отыр», деді А.Әділханқызы.
Иә, бұл жиындар – жай ғана іс-шара емес. Бұл – бала бақытының басты құндылық екенін көрсететін қоғамдық үндеу. Балаларға қамқорлық – әрбір азаматтың ортақ міндеті, адамгершілік борышы. Әр бала бақытты болуға лайық.