
Баспасөз мәслихатында сөз алған Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев биыл мектеп бітіру аттестатын түлектерге тапсыру салтанаты 18-20 маусым аралығында өткізілетінін айтты.
– Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сәйкес, елімізде барлығы 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 млн-ға жуық оқушы білім алады. Биыл 9-сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды. Олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. Сондай-ақ 217 мыңнан астам түлек 11-сыныпты тәмамдайды. Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады, оқу 25 мамырда аяқталады. Орта білім беру ұйымдарында сабақ аптасының бес күндік екенін ескере отырып, 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы сабақ күнін 23 мамырда «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты форматында өткізу туралы ұсыным берілді. Сынып сағатының мақсаты – балаларды жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу, – деді Қ.Жұмашев.
Оның айтуынша, 11-сынып түлектері үшін салтанатты іс-шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда мектепте өткізіледі. Оның өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары анықтайды. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес 9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандардың мерзімдері айқындалды. 9-сынып оқушылары қорытынды мемлекеттік емтихандарды 29 мамыр мен 10 маусым аралығында тапсырады деп жоспарланып отыр. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады.
– Өткен жылы алғаш рет барлық мектепте оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілді. Аралық емтиханды 5, 6, 7, 8, 10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Оған 1,7 млн оқушы қатысады. Бұл емтиханның мақсаты – оқушылардың мемлекеттік тілді оқып үйрену деңгейін анықтау және білімдерін шыңдауға дағдыландыру. Осы емтихан негізінен 4 бағытта өтеді: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым. Бұл халықаралық «CREF» стандартына сәйкес. Сонымен қатар мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанатын 18-20 маусым аралығында өткізу жоспарланған, – деді комитет төрағасы.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова оқушылардың халықаралық олимпиадалардағы жетістіктеріне тоқталды.
– 2024–2025 оқу жылының басты жетістіктерінің бірі – халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушының елге жүлдемен оралуы. Ұлттық құрама қоржынында – 362 медаль, оның ішінде 41 алтын бар. Бұл – білім сапасының халықаралық деңгейде жоғары бағалануының айқын дәлелі. Аталған оқу жылында 40 пайыздан астам оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік іс-шараларға қатысты. Озат оқушыларымыз Азия және әлемдік олимпиадаларда білімдерімен дараланып, лингвистикадан – «Ең үздік қатысушы», физикадан – «Ең үздік қатысушы қыз», химиядан — «Ең үздік практик», информатикадан – «Ең үздік информатик» атанды. Сонымен қатар оқушыларымыз химия пәнінен ең беделді халықаралық олимпиадада – екі дүркін, «First Global Challenge» роботтехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы болды. Тағы бір сүйінші жаңалық – Қазақстан – Орталық Азияда жалпы білім сапасын бағалау жөніндегі ұлттық жүйесін халықаралық аккредитациядан өткізген жалғыз ел атанып, отандық білім жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын «RCEC» сапа белгісіне ие болды, – деді М. Нұрмұханова.
Спикердің сөзіне сүйенсек, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асырылып отыр. Мысалы, Ақтөбе облысында – цифрлық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақты мектептерді дамыту, Алматы облысында – жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білім сапасын арттыру, Маңғыстау облысында – «Отпан» тірек мектептерінің желісін дамыту, Ұлытау облысында – «Ustaz Ulytau» жобалары іске асып жатыр. Сонымен бірге дәстүрлі іс-шараға айналған Ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасына қызығушылық жыл сайын артып келеді. Соның нәтижесінде, ауыл оқушыларының жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 10 есеге дейін артып, шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасы орта есеппен 7-9%-ға көтерілген.
«Бүгінде елімізде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 565 мың студент білім алады. Оның ішінде 173 мың түлек биылғы жылы еңбек нарығына дипломмен шығады деп жоспарланып отыр. 2024 жылы маман даярлауға грант көлемі 10 мың орынға артты, биыл 100 пайызға жетеді. Қыркүйек айынан бастап студенттердің шәкіртақысы 2 есеге өсті. Еліміздің тарихында алғаш рет колледж студенттерінен құралған ұлттық құрама Францияда өткен 47-і халықаралық «WorldSkills» чемпионатында 6 ерекшелік медальоні мен «Ұлт үздігі» аталымын жеңіп алды. Еліміз жұмысшы кадрларды даярлауда әлемдік деңгейге шықты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарының аясында халықаралық біліктілігі бар мамандарды даярлайтын Қазақстан-Қытай кәсіптік-техникалық колледжін құру туралы келісімге қол жеткізілді», деді Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі, баспасөз хатшысы.