Қоғам • Бүгін, 10:20

Әженің тәрбиесін көрген Ализа

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ализа Кайхарованың жасы – 21-де, мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Қоғамдық қызметі – «Вайнах» шешендер этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, Ақтөбедегі ҚХА жастары мүшесі, өзге ұлттарға қазақ тілін үйрететін «Qazaqvibe» курсының авторы.

Әженің тәрбиесін көрген Ализа

– Темір ауданының Темір қаласында Сақ­таған Бәйішев атындағы орта мек­тептің орыс сыныбында оқыдым. 6-сы­ныпқа дейін қазақ тілін білмедім. Содан нағашы әжемнің ықпалымен екі жыл ішін­де ауызекі қазақ тілін меңгердім. Әжем – шешен ұлтынан болса да, жаны қазақ, өте бауырмал, дана кісі. Менің тұл­ғалық жетілуіме, өмірде орнымды та­буыма, мамандық таңдауыма әжемнің ықпалы зор болды. Алғашқыда жалғаулар мен септіктерді түсінбей, өз ойымды нақты жеткізе алмай жүрсем де, әжем ішкі қорқынышымды жеңдіріп, маған тек қазақша сөйледі. Осы жасымда тіл үйренуге деген құлшынысымның артқанын байқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі көмекке келді. 11-сыныпта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі боламын деп шешіп, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне құжат тапсырып, грантпен түстім. 1-курста қазақ тілі теориясын меңгеруде қиналғанымды жасырмаймын. Сондай күндері оқудан шығамын деп те талай жыладым. Алайда университет ұстаздары – Әлия Ұлықпанова, Бағила Құрманбекқызы, Абат Пангереев білмегенімді түсіндірді, қосымша тапсырмалар берді, тілге жеңіл, оқуға ұғынықты, әдеби кітап­тар­ды таңдап берді. 2-курс­та сабақтан бос уақытымда тіл үйрету орталығына қосым­ша жұмыс атқардым. Бұл да маған жақсы мүмкіндік болды, – дейді жас ұстаз.

Мамандығын қатты ұнататын Ализа осы оқу орталығында жүріп, қазақ тілін оқы­ту әдістемесін жазып шықты. Жұмысына тиянақты жас өз тәжірибесі арқылы басқа ұлттарға қазақ тілін үйре­ту­дің ең оңай әрі тиімді нұсқасын әзір­леп, «Qazaqvibe» курсын ашты. Содан бері де үш жыл өтті. Бүгінде оның оқушы­ларының саны 200-ден асса, олардың ең кішісінің жасы – 4-те, ең үлкені – 64 жаста.

– Мен басқа өңір тұрғындарына, тіпті шетел азаматтарына да онлайн дәріс­ беремін. Әр шәкіртіме құрметпен қараймын және қазақ тілін насихаттауға мүмкіндік берген Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысым шексіз. Ассамблея жастары ұйымдастырған іс-шараларға оқушыларымды қатыстыруға тырысамын. Қазақ тілін меңгеру аясын кеңейтудегі тағы бір жобам – «Сөй­ле, қазақша!» челленджі. Интернет желісі­мен ұйымдастырған бастамамызды Аты­рау, Павлодар, Батыс Қазақстан облыс­тарының жастары құп алды, – дейді Ализа.

Жиенінің жас кезінен жаны қазақ болып өсуіне барын салған Ализаның әжесі – 1944 жылы 23 ақпанда күштеп депортацияланған шешен ұлтының өкілі. Қақаған қыстың ортасында жүк вагонымен бірнеше ай жүріп келіп, аш-жалаңаш, әрі-сәрі күйде айдалада қалған адамдарды үйлеріне кіргізіп, паналатқан, ас-суын берген жергілікті жұрттың пейілі жас шешен қызының өміріне азық болды. Қазақ даласы екінші Отанына айналды, еңбек етті, осы топырақта жа­пыраған жайды. Жас ұлғайған кезінде немере-жиендерінің тамыры қазақ болып соғуына бар күшін салған абзал ананың өнегесін көрген ұрпақтары да көргенін қайталап жүр.

 

Ақтөбе облысы