Қоғам • Бүгін, 11:51

Алматы-1 вокзалында демалыс капсулалары салынады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы –1 теміржол вокзалы аумағында демалыс капсулалары қарастырылған жаңа қонақүй пайда болмақ. Бұл жөнінде Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады Egemen.kz.

Алматы-1 вокзалында демалыс капсулалары салынады

Фото: pinterest.com

Күні кеше қала әкімі Дархан Сатыбалды «Алматы–1» вокзалындағы қайта жаңғырту жұмыстарын барып көрді. 1974 жылы салынған тарихи нысанның бастапқы сәулеттік болмысын бұзбай жүзеге асырылып жатқан жөндеу барысы туралы ақпарат берілді.

Әкімдік берген дерекке қарағанда, вокзал кешенінде визит-орталық, музей кеңістігі және шағын демалыс капсулалары бар қонақүй ашу көзделіп отыр.

Дархан Сатыбалды жобаның қала тұрғындары мен жолаушылар үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз болуы керектігін айтты. Сондай-ақ мердігерлерге жұмыс сапасы мен белгіленген мерзімге ерекше жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.

Айта кетейік, жуырда үкімет отырысында елдегі бірқатар вокзалдың жағдайы сынға алынған еді. Сол жиында көлік вице-министрі Алматы–1 вокзалындағы жөндеу жұмыстары небәрі 5 пайыз ғана орындалғанын жеткізген. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл жағдайды «әкімдік тарапындағы салғырттық» деп бағалап, бірінші басшылардың жеке жауапты болатынын атап өткен.

2025 жылдың жазында Алматы–1 және Алматы–2 вокзалдары «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқаруына берілген болатын. Ұлттық компания сол кезде екі нысанды да кешенді түрде жаңарту жоспарын жариялаған.