
Суретті түсірген – Игорь ПРОХОРОВ
Салтанатты жиынға «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Қырымбек Көшербаев, Ералы Тоғжанов, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, генерал Владимир Божко, филология ғылымдарының докторы Әсима Ишанова, сондай-ақ әдебиетсүйер қауым мен жас оқырман қатысты. Басылымның таралымы – 1 000 дана.
Жаңа туынды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзімен басталады. Мемлекет басшысы Әбіш Кекілбаевпен ұзақ жылдар Сенатта қатар жұмыс істегенін, оны аса жоғары құрметпен қабылдағанын тебірене еске алады. Президент бұл жылдарды өзінің өміріндегі бақытты кезең ретінде сипаттап, жазушының даналығына, тұлғалық биігіне бас иетінін жеткізеді.
Сондай-ақ алқалы жиында мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев сөз алып, абыз қаламгер туралы кеңінен толғады.
«Мәскеуде Қазақстанның елшісі қызметінде жүргенімде Әлемдік әдебиет институтының директоры Феликс Кузнецовпен жақсы араласып едім. Сол кісі бір сөзінде «Әуезов – қазақ әдебиетінің кеңдігінің, Кекілбаев –тереңдігінің өлшемі» деген болатын. Мықтылардың бір-бірін мойындауы оңай болмайды. Әйтсе де Әбіш ағаны мойындамау мүмкін емес еді. Мен Әбемен – әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қазақылық жағынан жақын адаммын, оған қоса ағайындығымыз тағы бар. Еркін сөйлесе беретінмін. Бір жолы әзіл-шынын араластырып: «Нұрпейісов те мықты, Кекілбаев та мықты. Әйтсе де қайсысы мықтырақ?» деп сұрақ қойғанмын. Әбең ойланып отырды да: «Әй, ол бұйрабасқа жету қайда?!» деп еді», деді Қырымбек Көшербаев.
Кітапта Әбіш Кекілбаевтың сан қырлы болмысы кеңінен ашылып, қаламгердің рухани тереңдігі мен адамгершілік қасиеттері сипатталады. Жазушы, драматург, ақын, тарихшы, саясаткер, философ, әдебиеттанушы, публицист – бұл тек Әбіштің бойындағы қасиеттердің бір парасы ғана. Автор оны «дала даналығынан» нәр алған, заманының феномені деп сипаттайды. Автор өз естеліктерінде Әбіш Кекілбаевтың адами қасиеттеріне де ерекше тоқталады.
Кітаптың орыс тілінде жарық көруі – Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын жаңа аудиторияға танытуға мүмкіндік береді. Оның еңбектері бұған дейін ағылшын, француз, араб, түрік, чех, өзбек, қырғыз, тәжік тілдеріне аударылған.