Театр • Бүгін, 08:43

Сахна шымылдығы түрілген күн

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына 100 жыл толды. Шағын шаһардан ел астанасына айналып, сол мәртебені төрт жыл иеленіп тұрған қалада ел дамуының негізі қаланды. Жұрт байтағы Сырдан Алатау баурайына көшкенге дейін уақыт аралығында Қызылордада денсаулық сақтау, білім беру орындары көбейді. Ең бастысы – 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік театр алғаш қойылым сахналап, театр мәдениетінің алғашқы парағы ашылды.

Сахна шымылдығы түрілген күн

Жалпы, 1925–1929 жыл ара­лығында қала­ның қарба­лас­қа толы болғаны байқалады. Осы ке­зеңді зерттеп жүрген тарихшылар әр күні мәжіліс өтіп, хаттамалар тізіліп отырғанын айтады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау Орталық архивтен алынған сондай құжаттар көшірмесінің бірнешеуін көрсетті. Сарғайған парақтардан 1937 жылдың оқпа­ны­на жұтылған сол Алаш зиялы­ларының тынымсыз еңбегін, «елге болсын» деген елгезек ниетті бай­қай­сыз.

Сонымен, 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры­ның шымылдығы Қошке Кемең­герұлының «Алтын сақина» пьеса­­­сымен түрілді. Осы істі ұйым­дастырған мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлы мен театрдың тұңғыш директоры Дінше Әділұлының бастамасы қазақ үшін таңсық өнердің өріс алуына жол ашты. Театр туының тіктеліп, көрермендер жаңа өнерге бой үйретуі үшін сол тұстағы саяси-әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларды арқау еткен пьеса жазған қаламгерлер еңбегін де ұмытпаған жөн.

Ендігі бір мәселе – мемле­кет­тік театрдың тұңғыш қойылымы төңі­ре­гін­дегі жаңсақтық. «Еңбекші қазақ» газе­тінің қаңтар айындағы бірнеше нөмі­рін­де театрдағы алғашқы қойылым хабар­­лан­ды­руы басылады. Онда ұлт рухания­ты тарихындағы үлкен бір белес­тің алғашқы баспалдағы – Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасымен» басталатыны тайға таңба басқандай жазылып тұр. Тарихи оқиғадан кейін Смағұл Садуақасұлы «Еңбекші қазақ» газетіне алғаш­қы қойылым туралы жаз­­ған мақа­лаларынан да, заманның беті бері қарағанда жарыққа шыға бастаған естеліктерден де театрды ресми түрде ашқан Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» екенін көреміз. Бірақ сол тұстағы биліктің отызыншы жылдары басталған саяси-қуғын сүргін топалаңында жазық­­сыз жалалы болған Смағұл, Қошке, Діншелердің есімін тұмшалағысы келген әрекеті салдарынан алғашқы ресми қойылым есебінде Мұхтар Әуезвтің «Еңлік-Кебегі» аталып, жаңсақтыққа жол ашып берді. Ал ақиқатты алғашқы болып айтқан белгілі театртанушы, профессор Бағыбек Құндақбайұлының, сол кезеңді жете зерттеген белгілі ғалымдар Рәзия Рүстембекова, Дихан Қамзабекұлы мен жас ғалым Қайырбек Кемеңгердің осы бұрыстықты дұрыстағанын ескеретіндер аз болып тұр. Былтыр Ақмешіттің астана болғанына 100 жыл толуына байланысты жергілікті өлке­­та­ну­шылар осы мәселеге тағы бір назар аудартты. Бірақ сол бая­ғы үйренген ізден ауытқып, ақи­­қат­қа аяқ басқымыз келмей тұр.

Айтпақшы, биыл Қошке Кемең­гер­ұлының туғанына 130 жыл толады. Жергілікті азаматтар ұлт руха­ния­­­тына өлшеу­сіз үлес қосқан қай­рат­кер есі­мін жаңғыртуды қаперде ұстар деген үмітіміз бар. Кейінгі жылдары өңірдегі тарихшылар мен өлкетанушылар тарапынан оқта-текте «облыс орталығында Қызылорданың астана кезеңінде еңбек еткен Алаш қайрат­­кер­лерін ұлық­тайтын орындар ашылса» деген орынды тілек те естіліп қалып жүр. Бұған өз жанымыздан қосарымыз – сол тұстан немесе қазіргі облыстық драма театры айналасынан ұлт театры бас­тау алған күн мен алғашқы қойы­­лым­ды ұмыт­­­тыр­майтын ескерт­кіш тақта орналасса. Сонда ғана тарихи дерек қалпына келіп, жаң­сақ мәліметтің жолы кесілер ме еді?

Астана болған төрт жыл дария жаға­лауын­­­дағы шағын қалаға көп өзгеріс әкел­­­ді. Осы қалада ұлт тари­­хындағы маңыз­­ды шешімдер қа­был­данды. Қазақ­тың атын қай­тар­ған шаһарда ұлт санасына сіл­кініс берген ірілі-ұсақты оқиғалар өтті.

1929 жылы астана мәртебесін Алма­­тыға берген Қызылорда тек то­ғыз жылдан кейін ғана облыс орта­лығына айналды.

 

Қызылорда

Соңғы жаңалықтар

Грозныйда АСА турнирі өтті

Спорт • Бүгін, 11:30