Саясат • 26 Сәуір, 2025

Қазақстан – Қытай: Стратегиялық диалог дами түседі

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық диалогтің екінші отырысына қатысты.

Қазақстан – Қытай: Стратегиялық  диалог дами түседі

Сурет: qarmaqshy-tany.kz

Қытай СІМ басшысы 26 сәуірде өтетін «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Алматыға жұмыс сапарымен келді.

Стратегиялық диалог отырысы барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тас­тықтың кең ауқымды мәселе­лерін талқылады. Министр­лер биік және жоғары деңгей­лер­де қол жеткізілген уағдаластық­тар­дың іске асырылу барысын қарас­тырды, сондай-ақ екіжақ­ты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бо­йынша қазақ-қытай қатынас­тары дамуының оң серпінін атап өтті.

Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру бойынша бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды. Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайтуды қоса алған­да, индустриялық-инвестициялық, энергетикалық, транзит-кө­ліктік және инновациялық ынтымақтастықты бірлесіп дамытуда жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігі баса айтылды.

– Әрқашан дами беретін байланысымыз геосаяси сын-қатерлер мен конъюнктуралық үрдістерге ұшырамайды. Қытай біз үшін мейірімді көрші және сенімді дос қана емес, сонымен қатар жан-жақты байланысы бар жақын ел, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Былтыр екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткіш – 43,8 млрд долларды құрады. Екі мемлекет те жақын арада өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға ұмтылып жатыр. Қазақ-қытай инвестициялық пулы шамамен 66,4 млрд доллар сомасына 224 жобаны қамтиды.

– Біз Қазақстанды Қытай­дың көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасында басты серіктес ретінде қарастырамыз. Қытай Қазақстанның аумақтық тұтастығын, егемендігін және қауіпсіздігін қорғауда, сондай-ақ ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес елдің дамуына бағытталған күш-жігерін нық қолдайды, – деді Ван И.

Кездесу қорытындысы бо­йынша ҚР-ҚХР сыртқы істер министрліктері арасында 2026–2028 жылдарға арналған ынты­мақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылды және Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консул­дығын құру туралы ноталармен алмасу рәсімі өтті.