Қоғам • 23 Сәуір, 2025

Нұрсұлтан Байтілесов: Зияткерлік меншік – инновациялық экономиканың негізі

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрсұлтан Байтілесов: Зияткерлік меншік – инновациялық экономиканың негізі

Депутат Нұрсұлтан Байтілесов өз сөзінде заң жобасының маңыздылығын атап өтіп, зияткерлік меншікті қорғау ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді.

«Зияткерлік меншік инновациялық экономиканы дамытуда, инвестиция тартуда және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шешуші рөл атқаратыны белгілі.Бұл құқықты заңсыз пайдалану және бұзу еліміздің экономикасы мен мәдениетіне елеулі қауіп төндіреді, инновацияға деген ынтаны азайтып, құқық иелеріне зиян келтіреді», деді депутат.

Сонымен қатар депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған креативті экономиканы дамыту тапсырмасына назар аударды.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде креативті экономиканың ауқымды дамуына барлық жағдай жасалу қажеттілігіне назар аударды. Оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық тәсілдермен қорғау түбегейлі маңызды мәселе екенін атап өтті», деді Н.Байтілесов.

Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған. Мәжіліс депутаттары заң ережелерін жетілдіру үшін жұмыс тобы отырыстарында бірқатар түзетулер ұсынған. Өзгерістер зияткерлік меншік саласындағы қоғамдық қатынастарды, оның ішінде тауарлар мен қызметтерге қатысты құқықтарды реттеуді көздейді.

Депутат Нұрсұлтан Байтілесов Meta платформаларында қазақстандық музыкалық туындыларға шектеу қойылған жағдайды да атап өтті. Бұл оқиға ұжымдық басқару саласындағы реформаларды қажет ететінін көрсеткен.

«2024 жылғы қарашада Meta платформаларында қазақстандық авторлар мен орындаушылардың музыкалық туындыларына шектеу фактілері ұжымдық басқару (МҚҰНБ) жөніндегі ұйымдарды бақылауды жетілдіру қажеттігін көрсетті. Бұл жағдай құқық иелерінің деректерін цифрландыруды талап етті», деді ол.

Осыған байланысты заң жобасында ұжымдық басқару ұйымдарының жұмысын цифрландыру, сыйақының ашықтығын қамтамасыз ету және оны әділ бөлуге бағытталған өзгерістер енгізіледі.

«Бұл түзетулердің мақсаты автордың және құқық иеленушінің ұжымдық басқару жүйесі арқылы өз объектілерін пайдаланғаны және ретрансляция жасағаны үшін сыйақы алу құқығын қамтамасыз ету», деді Н.Байтілесов.

Сонымен қатар, заң жобасы патенттік сенім білдірілген өкілдердің мамандануын көздейді. Сондай-ақ тауар таңбаларын тіркеуден бас тарту негіздері мен патент беруден бас тарту мүмкіндігі нақтыланбақ.

Заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер оң қорытындыларын берген. Құжат уәкілетті мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, авторлар мен сарапшылар қатысқан жұмыс топтарында жан-жақты талқыланған.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Комитет осы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады. Қолдауларыңызды сұраймын», деп сөзін түйіндеді депутат.