
Жуырда театрдың репертуарынан орын алған Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі – қазақ театрларында көп қойыла бермейтін туынды. Режиссер аталған қойылымда күйреген Орган отбасының тағдыры мен Шыңғыс Айтматовтың жазықсыз жазаланған әкесі Төреқұлдың пешенесіне жазылған азабын қисынды байланыстырыпты, яғни ол мұндағы Кирискіні – Шыңғыс, Эмрайинды – Төреқұл деп қарастырып, ең жақындарынан айырылған баланың басынан кешкен қайғысын әкесінен қапыда көз жазып қалған Шыңғыстың қасіретімен параллель алған.
Режиссер Даниил Филиппович пен суретші Дарын Қалпенов сахнаны көлденеңнен екі бөлікке бөлген: алдыңғы жағында (авансценаға жақын) Эмрайин мен әйелінің диалогі орын алса, артқы жағында көретініміз – үш бөлікке бөлінген қайық пен аң аулауға шыққандар әрекет ететін кеңістік. Отбасы мен теңіздің осындай екі планда берілуі, көріністердің жоғарыдан түсірілетін перде арқылы ауысып отыруы оқиғалардың шашырамай біртұтастықта өрбуіне мүмкіндік жасаған.
Мұндағы әкелі-балалылардың жол жүрер алдындағы кішкентай дорбаларына жерден топырақ салып алу көрінісінің көрерменге берер әсері өзгеше. Топырақ – ұзақ күндер бойы теңіз үстінде өмір кешетін олардың жерге деген сағынышын білдіретін метафоралық деталь. Әрі үш адамның қазасын алдын ала білдіретін бұл шешім қойылымның жанрын ақтайды. Мұны Д.Филиппович ұрпағын сақтап қалу жолында өздерін саналы түрде құрбан еткен үшеудің теңізге кетерде үстеріне топырақ шашуы арқылы жеткізеді. Сахнаның сыртынан шуылдаған теңіз дыбысының беріліп тұруы да шығарманың атмосферасына әдемі үн қосып, идеяның ашылуына көмегін тигізген. Ата, бала, немере – үшеудің аулаған нерпаларды ату көрінісі беттеріне қара маска кигендердің биімен қисынды байланысып, Орган, Эмрайин, Мылгунның олардың тұтқынына айналу сахнасымен жалғасын табады, яғни бұлар – Төреқұлды «сатқын» деп жазықсыз жазалаған кеңес өкіметінің өкілдері.
Сондай-ақ шартты түрдегі буырқанған теңіз бейнесін білдіретін үлкен қара целлофанның үстінде Кирискінің суға малынып, аласұруы, қатты дауыл толқытқан қайықтың ішіндегі арпалыс – өте сәтті шыққан көрініс. Теңіз үстіндегі сұрапыл толқынның дыбысы, целлофанды аласұрған толқын тәрізді қозғалту және түтін (тұман) сияқты эффектілер қайықтың ішінде психологиялық күйзеліске түсетін кейіпкерлердің мүшкіл халін, жалпы қойылымның мазмұнын ашуға ықпалын тигізген. Әкелі-балалы үшеудің бірінен кейін бірі о дүниеге кетуі сахна төріндегі қайыққа жалғасып, арғы өмір мен бергі өмірді байланыстырып тұрған есік және прожектордың жарқылы арқылы орындалады. Сол прожектор жарығының Кирискінің алыстан Тарғыл төбетті көргенде берілуін жазушы өмірінің жарқын болашағы деп қабылдадық. Ал өлімге бет бұрған Эмрайин–Төреқұлдың шапанын баласына теріс қарата жабуы өзі кешкен қиын тағдырды қайталамауын тілегендік еді.
Актерлік ойында барлық күш пен жауапкершілік Кириск–Шыңғыс рөліндегі Олжас Бегайдаровқа жүктеліпті. Аңшылыққа шығатын алғашқы көріністегі Кирискінің қуанышын жасыра алмаған сезімі Олжастың күлімдеген жайдары жүзінен байқалады. Оның балалық арманы, болашаққа деген көзқарасы, үміті О.Бегайдаровтың авансценаның сол жағындағы тостағанға қағаздан жасалған қайықты салып, оны қолымен әрі-бері теңселтуімен берілген. Балалық, жастық шағы аштықпен, жаппай қуғын-сүргін орын алған уақытпен, соғыспен қатар келген Шыңғыс бейнесіндегі Олжастың үні де, қимыл-қозғалысы да жылдам өзгеріске түсіп отырады. Спектакль соңында атасының, әкесі мен ағасының киімдерін құшақтап отбасына оралған Кириск бірден анасынан әкесінің оралғанын сұрап жатқан Шыңғысқа айналып кете барады, яғни бұл жерде тағдырдың жазуымен өзі қатты жақсы көретін жақындарынан айырылып, табиғаттың алып күшінің құдіретімен тез есейген баланың азаматтық болмысын көреміз. Алайда актердің жасы он бір-он екі жастағы баланың бейнесіне сәйкес емес. Жалпы, О.Бегайдаровтың ойнау шеберлігіне, дарынына дауымыз жоқ. Алайда Кирискінің үлкендермен салыстыруға келмейтін үнін, оның психологиясын, сөйлеу мәнерін, еркелігін беруге тырысқанымен, ересек актердің қимылына сену қиын. Осы тұста Кириск-Шыңғыстың рөлінде екі актердің ойнау керегі байқалды.
Оның атасы Орган рөліндегі Қонысбек Бегайдаровтың қарлығыңқы даусы өмірін теңізде аңшылықпен өткізген, қиындыққа мойымаған қарттың бейнесіне сай келген. Өмір-тағдырында қиындықты көп көргенінен көкейіне түйгені мол қарттың «жүріңдер, су ішейік» деген сөзі көп ойды аңғартқандай. Алғашында теңіз сапарының өзіндік қатері болатынын білгенімен өмірлік тәжірибесі қиындықтарға қарсы тұруға үйреткен Орган – Қ.Бегайдаровтың сабырлы күйін көреміз. Бірақ дауыл мен тұманнан келген қатердің салмағын сезген оның ендігі мақсаты қалайда Кирискіні сақтап қалуға ойысады. Осындай бір күйден екінші күйге өтудегі тәжірибелі сахнагердің ойын бедері шынайылыққа негізделген.
Кириск анасының рөліндегі үні әдемі, даусы анық, күлкісі шынайы Жібек Үсенова кейпкерінің ішкі қайшылығын түсіне алған. Көбінде сол жақта сахнада өтіп жатқан оқиғаларға куә болып отыратын, кей сәттерде сол оқиғаға араласатын актриса келіншектің уайымын, сезімталдығын баса көрсетеді. Дегенмен актерлік ойындардағы әрекеттің аздығы, сөздің таза айтылмауы, дыбыстардың анық шықпауы спектакльдегі барлық актерлерге тән. Әрине, сахналық өнерде бір жерде отырып әрекет ету – рөл орындаушылар үшін аса қиын шаруа.
Жалпы, режиссердің жоғарыда атап өткен қисынды шешімдермен бірге кейбір көңілге күдік ұялатқан сәттердің болғанын жасырмаймыз. Мәселен, күйеуін аңшылық сапарға шығарып салған әйелді айнала билегендер – сол әйелдің ойындағы адам баласына жамандық келтіретін жын-перілер. Алайда әртістердің орындауындағы би қимылдары прозалық шығармадағы Кириск анасының ойы арқылы баяндалған зұлымдықты немесе жамандықты шақыратын қозғалысты көрсетпей, хореографиялық бидің элементтерімен ғана шектеліп қалды. Ал пластикамен берілетін қимыл қандай да бір ойды, идеяны, оқиғаны баяндауы керек. Сол сияқты Органның Балық әйелге деген сезімі повестегі қарттың ойымен берілетін әсерлі сезімнен тыс жатыр. Олардың бір-біріне қол жеткізуі мүмкін емес әрине, өйткені бұл – қарттың қиялы, арманы, оның өзіндік философиясы. Сондықтан режиссер оларды сахнада екі жақта тұрып қана сөйлесу мизансценасын жасаған. Мұны бір жағынан Б.Брехттің оқшаулану әдісі деп қарастыра аламыз. Дегенмен нарративті әдістен гөрі режиссер де, актерлер де «сахна әрекет» ұғымына басымдық бергені дұрыс.
Спектакльдің негізгі айтары – тарихты тану, өткенге көз сала отырып, келешекті бағдарлау, ең бастысы ұрпақты, бүтін бір ұлтты сақтау. Аталған қойылымда сол ұрпақ үшін өз өмірін құрбан еткендердің аянышты халі, талайлы тағдыры бар.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, театртанушы