
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Елімізде еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген тұжырымдаманың арқалар жүгі де салмақты 2029 жылға дейін сапалы жұмыс орындарының саны 3,8 миллионға жетуге тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген тұжырымдамада ұлттық басымдықтар мен айқын мақсат, сондай-ақ жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттар ескерілген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды әрі жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат саналады. Тұжырымдама аясында ашылған жұмыс орындарының саны былтырғы көрсеткіштегі 2,5 миллионға жетті.
«2024 жылдың қорытындысында елімізде 979 мың азамат жұмыспен қамтылды, оның 714 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында 65 мыңға жуық азаматқа да тұрақты жұмыс орны табылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 314 мыңнан астам адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 359 мың азамат, бұдан бөлек, 241 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында жұмысқа орналасты», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.
Ай сайын министрліктің ақпараттық жүйелері арқылы жұмысқа орналасқандардың міндетті зейнетақы жарналарының бар-жоғы қадағаланып отырады. Соның нәтижесінде олармен электрондық еңбек шарттарын жасасу арқылы жұмысқа орналасуға мониторинг жүзеге асырылады. Былтыр жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 325 мың азамат тартылды. 67,5 мың адамға қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды, оның ішінде: білім беру ұйымдарында – 7,8 мың адам, жұмыс берушіде – 1,9 мың адам, «Skills Enbek» платформасында онлайн оқытумен 57,7 мың адам қамтылған. Кәсіптік оқытудан өткен 14,6 мың адам жұмысқа орналасқан.
Вице-министр онлайн курстардан өткен азаматтардың 91%-ы (52 мыңнан астам адам) оқуды сәтті аяқтап, тиісті сертификаттар алғанын жеткізді. Бүгінде «Skills Enbek»-те жаңа дағдыларды игеруге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген азаматтарға арналған 858 курс бар, оның ішінде 311-і тегін оқытылады. Осы жылы VR, AR-технологияларды пайдалана отырып, жаңа практикалық курстар да қолжетімді болмақ. «Бастау Бизнес» жобасында кәсіпкерлік негіздерін оқытумен 60 мың адам қамтылды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 188 мыңнан астам адам тартылып, оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 110 мың, әлеуметтік жұмыс орындарына – 15,5 мың, жастар практикасына – 33 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде – 9,6 мың , «Ұрпақтар келісімшарты» – 420, «Күміс жас» жобасымен 19,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралардың тағы бір бағыты – азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында халықтың әлеуметтік осал санаттарына мемлекеттік гранттар тағайындау. Министрдің орынбасары А.Биахметов былтыр гранттар екі ағынмен берілгенін, жоспарланған 9 мың адамның 8 941-і қамтылғанын атап өтті. Бұл ретте грант алушылардың 64%-дан астамы –ауылдық жерлердің тұрғындары. Грант алушылардың басым көпшілігі (44%) технологиялық жабдықты сатып алуға ақшалай қаражатты пайдаланған. Грант алуға ықылас танытқандардың белсенділігі Түркістан (923 адам), Қызылорда (602 адам) облыстарында, Алматы қаласында (211 адам) байқалды.
«Грантқа өтініш берген кезде үміткер міндетті түрде бизнес-жобаны іске асыру нәтижелеріне қатысты жұмыс орындарын құрудың жоспарлы көрсеткішін көрсетеді. Осылайша, грант алған тұлғалар өздерін жұмыспен қамтамасыз ете отырып, қосымша 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрды. Жұмыс орындарының көбі Жамбыл (941 бірлік), Қызылорда (920 бірлік), Түркістан (482 бірлік) облыстарына тиесілі», деп атап өтті А.Биахметов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жобалардың инновациялық навигаторы» платформасын құрды. Платформа кадрларға қажеттілікті талдау мен болжауды, сонымен қатар іске асырылатын барлық жобаның тиімділігіне уақтылы мониторинг жүргізуге септеседі. Қазіргі уақытта осы платформа арқылы 168 мың жұмыс орнын құру жоспарланып, 906 инвестициялық жоба жөнінде мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, оқушыларға болашақта өздері кәсіпті таңдауға мүмкіндік беретін «Мансап компасы» платформасы енгізілді. Платформада сұранысқа ие 400-ден астам кәсіп түрі туралы ақпаратпен таныса алады.
Техникалық, кәсіптік білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне Электрондық еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын таңдауға мүмкіндік беретін функционал іске қосылды. Соның нәтижесінде студенттер тәжірибеден өту барысында нақты дағдыларды игеріп қана қоймай, кәсіпорында жұмыс қарастыра алады. Бүгінде 610 жұмыс беруші практикадан өтуге 3,8 мың бос жұмыс орнын жариялап, оған техникалық, кәсіптік білім беретін 130 ұйым тартылып, 15 мың студент арасында сауалнама жүргізілген. Жұмысшы мамандықтары жылына орай Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында жоспарланған іс-шаралар кешені де түзілген.
«Алдағы 6 жылда кадрларға деген сұраныс 1,6 млн адамға жетпек. Оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлер шамамен 900 мың, жұмысшы мамандықтары бар кадрлар 400 мыңнан астам деп болжанып отыр. Жұмысшы мамандық иелері құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен денсаулық сақтау салаларында сұранысқа ие. Бұл салаларда жұмысшы мамандықтарына сұраныс 56%-ға жетті», деді А.Биахметов.
Ұлттық еңбек нарығына демографиялық өзгерістер мен әлемдік экономиканың құбылмалылығы да әсер етеді. Ең алдымен жаңа жұмыс күшінің пайда болуы аса маңызды. Елімізде де 2000 жылдардан кейін өмір есігін ашқан буын да есейіп, ат жалын тартып мінетін жасқа жетті. Нәтижесінде жыл сайын 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылады. Бұл жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатқанын аңғартады. Өйткені елдегі жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар (1980–1995 жылдар аралығында өмірге келген ұрпақ) мен 2000 жылдан бері қарай туған Z буыны-зуммерлер құрап отыр. Демек тұрақты жұмыс орнына деген сұраныс жыл сайын арта түседі.
«Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлауға кемінде 35 мың тәлімгерді тартып, жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспары да іске асырылады. Осы жылы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылатын болады. Біліктілікті тануды бағалау төрт тәуелсіз орталық базасында іске қосылған, бесінші орталықты ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде халықаралық стандарттарға сай екі орталық болады.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 500 мың оқушы мен колледж студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдаланып, жұмысқа орналасу дағдысын игереді. Техникалық, кәсіптік білім беретін ұйымдардағы үздік бір мың түлекті елдің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру да көзделіп отыр. Еңбек күші қашанда елдің тірегі болып қала береді.