Фото: e-auction.e-qazyna.kz
Аукцион E-Qazyna порталында 26 желтоқсан күні Астана уақытымен сағат 11:00-де өтеді.
«Байсат» базарының бастапқы бағасы 26 млрд 706 млн теңге болып белгіленді.
Айта кетейік, «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-дегі үлес алғаш рет қараша айында сатылымға қойылған еді. Алайда сол кезде сауда басталар сәтте объект бойынша тіркелген қатысушылар болмағандықтан аукцион өтпей қалған. Жалпы аумағы 4 221,4 шаршы метр болатын үш нысаннан және 1,4 гектар жерден тұратын «Байсат» базарының бұл бөлігі бір-бірімен аффилиирленген екі компанияның – «ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны» ЖШС мен Astana Finansial Group ЖШС-нің меншігінде болған. 2024 жылдың қаңтарында Алматы прокуратурасы бұл үлесті мемлекет меншігіне қайтарды. Бұған дейін Қайрат Сатыбалды сотқа дейінгі тергеу аясында «Байсат» базарының негізгі бөлігін мемлекетке өз еркімен қайтарған еді. Сондай-ақ ол 650 млрд теңгені мемлекетке қайтарған.
2022 жылдың наурызында Қайрат Сатыбалды шетелге ұшып кетпек болған кезде ұсталды.
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, кейін бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, мүлкін тәркіледі, сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте және ұлттық компанияларда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырды. Дәлелденген айыптаулардың қатарында «Қазақтелеком» АҚ-на 12 млрд теңгеден астам материалдық залал келтіру және «Көлік қызметі орталығы» АҚ мүлкін ысырап ету бар.
Үкім шығарылар алдында Сатыбалды медиация аясында екі келісімге қол қойып, өз кінәсін мойындап, келтірілген залалды өтеген. Сондай-ақ оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты үкім жарияланған еді. Өткен жылдың мамыр айында ол алты жылға бас бостандығынан айырылған, кейін жазасы ұзартылды.