Krisp_almaty парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға Алматыдағы «Каспий» тұрғын үй кешенінің ауласында болған.
«Куәгерлердің айтуынша, алдымен балалар арасында келіспеушілік туындаған, кейін ересек ер адам балалардың ісіне араласқан. Бейнежазбадан ер адамның жүгіріп барып, баланы қатты теуіп жібергені анық көрінеді. Одан кейін оның жұбайы балаға ұрсып, құлағынан тартқылап, зардап шеккен баланың әжесімен сөзге келе бастаған.
Ата-анасының айтуынша, ерлі-зайыптылар өз кінәсін мойындамай отыр. Бала ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер баланың миы шайқалғанын айтты», делінген хабарламада.
Тұрғын үй кешені тұрғындары объективті тергеу жүргізуді және баланың денсаулығына зиян келтіргендерге әділ шара қолдануды сұрайды.
Еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Алматыдағы ойын алаңында балаға қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ ол зардап шеккен балаға барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.