Егемен Қазақстан • 01 Наурыз, 2025

«Хат қоржын»

34 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қай жұмыс та қадірлі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

«Хат қоржын»

Сондай-ақ осы таяуда ғана «Жаңа адамдар» жастар форумына қатысып сөйлеген сөзінде Президент елімізде жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне мүмкіндік мол екенін атап айтты. Демек мамандықтың жаманы жоқ, әңгіме оны жақсы көріп, жан-тәніңмен адал атқара білуіңде болса керек. Және бұл жерде ең басты мәселе – адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Сонда ғана еңбегің бағаланып, құрметке бөленесің.

Жоғарыда айтқанымыздай, кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе жұмысшы мамандықтарын меңгерген жастарымыздың зор құрметке лайық екендігін Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді.

Оңтүстік өңірінің шалғайдағы Созақ ауданында кезінде жастарға кәсіптік-техникалық білім беру ісі талапқа сай жүзеге асырылып келген еді. Ендігі жерде нарықтық қатынастардың өмірге енуіне орай бұл жұмысты жаңаша ұйымдастыруға тура келді. Теріскейдегі Мойынқұм өңірінде өндіріс орындары көптеп орналасқан. Олар негізінен уран өндірумен айналысады. Еңбек күші ретінде өндіріс орындарына аудан тұрғындары молынан тартылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өндіріс орындарына сұранысы жоғары мамандар даярлау мақсатында Таукент кенішінде арнайы колледж ашылып, жас мамандар даярлана бастады. Бұл техникалық оқу орнында қазіргі заман талабына сай келетін жұмысшы мамандықтары оқытылады.

Жұмысшы отбасында өскендіктен, еңбек адамы мен үшін қадірлі әрі қандай құрметке де лайық. Әкей 40 жылдай Ащысай кенішіндегі шахтада жұмысшы- шахтер болып еңбек етті. Полиметалл рудасын өндірудегі сіңірген еңбегі үшін кезінде Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталды.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы

 

 

Тәлімге толы тәрбие

Бірінші кезекте үй мен өскен ортаның, содан кейін мектеп пен жоғары оқу орнының басты міндеті – бала мен жасөспірімнен және жас маманнан нағыз ұлтжанды қазақ азаматын тәрбиелеп шығару болуы керек. Сапалы, білікті маман даярлау ісі осыдан кейін тұруға тиіс. Осы маңызды мәселеге бүгінге дейін жөнді мән берілмей келгені жасырын емес. Егер әрі қарай да жүрдім-бардым қарайтын болсақ, мұнымызды келешек кешіре қоймас, сірә!

Қазір күнде дерлік бір басшының халық несібесін жымқырып ұсталғанын, сотталғанын естіп не көріп жатамыз. Ендеше, сол азаматтар жас уағында «Өзгенің ала жібін аттама» дегенді тіпті естімеген де болып тұр ғой. Америкалық «Petrelli Previtera LLC» компаниясының әлеуметтік желідегі мәліметі бойынша, еліміз қазір отбасылық ажырасу бойынша әлемде алдыңғы ондықта тұр екен. Ойланарлық жағдай. Бабаларымыз отбасылық мәселеге аса биік мән берген. Жетімі мен жесірін жылатпаған. Ал қазіргі күйіміз мақтанарлықтай емес.

Өзім біраз уақыттан бері жастар тәрбиесіне жаманды-жақсылы қатысып келемін. Біз өткерген тәрбиенің түрі де, жолы да көп. Дегенмен, балғын қазақ жасын өмір бойы адастырмайтын, шатастырмайтын, елінің нағыз азаматы ететін – ол бабалар айтып, көрсетіп кеткен сара жол. Тек соны жаңғырта білуіміз керек. «Жаңаның бәрі ұмытылған ескілер» деп данышпан айтты деген сөз бар. Ендеше, сол ескіні жаңартайық. Сан ғасыр бойы сыналған, дұрыстығы дәлелденген, қазақтың қазақ болып қалуына қызмет етіп келген адам мен қоғам арасындағы қағидаларды бас кітап етіп, оның атауын «Ұлттық тәрбие негіздері» деп атасақ, ұрпақ тәрбиесінде ұтарымыздың көп болатыны күмәнсіз.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт Ата атындағы университеттің профессоры

ҚЫЗЫЛОРДА

 

 

Шипажайды жекеге беруге болмайды

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Сарыағаш минералды суына былай деп баға берген: «Боржоми суына жететін су жоқ. Ал Сарыағаш суына келсек, Боржомиден асып түспесе, кем емес!»

«Сарыағаш емдеу-сауықтыру кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншік иесі – «Түркістан облысы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесі. Шипажайда 727 орындық 8 жатын корпусы, конференция залы, 280 орындық кинотеатр, жаттығу терапиясы, шағын футбол стадионы, ірі шипажай теннис корды, 480 орындық асхана бар. Мұнда жылына 15 мыңнан астам адам келіп ем-дом қабылдап, денсаулықтарын түзеп қайтады. Шипажайдың кәсіподақ ұйымдары еліміздегі зейнеткерлер мен мүгедектерді қабылдауға да үлкен септігін тигізеді.

Емдеу-сауықтыру орны өз табысымен өсіп, дамып қана қоймай, Қазақстан халқына көп жыл бойы қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Осы жерде ерекше атап көрсететін бір жайт, шипажай мемлекеттік қолдауды қажет етпейді, қайта табысының 70 пайызын мемлекеттік бюджетке аударып отырады.

Егер шипажайды жекенің қолына берсе, жолдама бағасы айтарлықтай өсіп шыға келер еді де кәсіподақ ұйымының қызметі де зейнеткерлер мен мүгедектер және қарапайым халық үшін қолжетімсіз болып қалар еді. Өйткені жекеменшік иесінің өз пайдасы үшін жұмыс істейтіні айтпаса да түсінікті. Бұл өз кезегінде қоғамда әлеуметтік наразылық тудыруы ықтимал. Сондықтан біз Сарыағаш емдеу-сауықтыру орнын жекеге беруге мүлдем болмайды деп білеміз.

Бүгінде шипажайда 412 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған емдеу-сауықтыру орнының лентасын 1959 жылы сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі қиыпты. Мұнда Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов сынды екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқов сынды ақын, жазушылар мен композиторлар демалып, ем қабылдаған.

Ғабиден ЕСЕМБЕКОВ,

Жазушылар одағының мүшесі,

Мәдениет қайраткері 

АСТАНА 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше