
Сонау соғыс жылдарында туған қабырғалы қаламгердің есімі елге ерте танылды. Қолына қалам ұстап, ұлт өмірінің көркем суретінен тұратын алғашқы әңгімелерімен-ақ аға буынды елең еткізген классик жазушы қалың елі қуанса – бірге қуанды, қайғырса – қайғысын бөлісті. Тұңғыш жарияланған «Жолда», «Шойынқұлақ» әңгімелерінен бастап қаламынан туған қадау-қадау туындылары оқырман олжасына айналғаны әмбеге аян. «Гауһартасы» мен «Дерменесі», «Тіршілігі», «Қарғыны» мен «Өкпек жолаушысының» қай-қайсысы болсын оқырман сүйіп оқыған, халықтың ризашылығына бөленген бірегей шығармалар.
Бірнеше хикаялары негізінде көркем фильм түсіріліп, ел арасына кең таралғаны да жұрттың ыстық ықыласынан болса керек.
Асқар тауға бергісіз өрлік, кісі баласы көрмеуге тиіс қорлық, өмір бойына, ғұмыр нұрына жететін ізгілік пен сағыныш адам түгілі айуанға тілемейтін қатыгездік және зұлымдықпен кескілескен шығармалары оқырманның рухани құбыласына айналғанын аңдау қиын емес. Сондықтан болар, қазақ драматургиясын әлем елдерінің сахнасына шығарып, кеңінен танытқан Исабеков пьесалары қойылмаған ел аз бүгінде. Адам жанына терең үңілетін шиеленісті шығармалары арқылы қазақ драматургиясын жаңа деңгейге көтерген қаламгердің қазасы – ұлт руханиятындағы орны толмас өкініш.
Арысын жоқтап, ақтық сапарға шығарып салған елдің қайғы-қасіретінен Алатаудың кеудесі қарс айырылып, қаралы жұрт күңіреніп кетті. Марқұмды Алла панасына алып, алдынан жарылқасын!
«Egemen Qazaqstan» қаламгерлері