
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Орын тапшылығы толғантады
Студенттер үйлерінің жылдам көбейіп жатқанына қарамастан, жатақханаларға қатысты түйткілдер әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Еліміздегі жатақхана жетіспеушілігі, қолданыстағы ғимараттардың ескіргендігі, тұрмыс жағдайының төмендігі және қауіпсіздік мәселелері студенттердің білім сапасы мен тұрмысына әсер етеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл 4500 орындық жатақхана қолданысқа беріліп, Астана қаласы бойынша жатақхана мәселесі толығымен шешілетінін жеткізді.
«Жалпы, осыдан үш жыл бұрынғы 87 000 төсектік орын тапшылығынан 14 000-ға дейін түсті. Әрине, Алматы қаласы бойынша жатақхана мәселесін жақын арада шеше алмаймыз. Бірақ Мемлекет басшысының жыл сайын 10 000 төсектік орын тапсыру туралы тапсырмасы бар. Сол себепті Алматы шаһарындағы мәселе жақын арада шешілуге тиіс. Қазіргі таңда сан мен сапа жағына баса мән беретін боламыз», деді ол.
Бұған ұқсас пікірді Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Балжан Қолғанат айтты. «Мәселен, 2023–2024 жылдары 5400 орындық 15 жатақхана пайдалануға берілді. Биыл жалпы саны 3422 орындық 7 жатақхана салып, қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Осылайша, студенттерді 7,5 мыңнан астам төсектік орынмен қамтамасыз ету жоспарланды. Бұл жатақханадағы орын тапшылығын толығымен жабуға мүмкіндік береді», деді Б.Қолғанат.
Осы жыл басында ғана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2656 орындық жаңа жатақхана бой көтерді. Оның ашылу салтанатына Мемлекет басшысының өзі қатысып, бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жаңа жатақхананың арқасында студенттер үйлеріндегі орын саны 10 мыңға дейін ұлғайды. Бұл Еуразия ұлттық университетінің студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді. Осылайша, министр атап өткен елордадағы жатақхана мәселесі шынымен де шешімін тауып отыр.
Студенттер не дейді?
Көптеген студент жатақхана жетіспегендіктен пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Бірақ пәтер бағасының қымбаттығы олар үшін үлкен қаржы ауыртпалығын тудырады. Аймақтан келген студенттерге жалдамалы пәтерлердің құны айына 80–150 мың теңге аралығында болса, кейбір қалаларда одан да қымбат. Ал мемлекеттен бөлінетін шәкіртақы бұл шығынды толық өтей алмайды.
Астана қаласында оқитын студент Алтай Жолдыбай жатақхананың басты артықшылығы бағасының қолжетімділігі екенін баяндады.
«Мен жоғары оқу орнына түскенде екі жыл бойы университет жатақханасында тұрдым. Ол кезде жатақханаға орналасудың өзі үлкен жетістік сияқты көрінді. Себебі көптеген студент орын тапшылығына байланысты жалдамалы пәтер іздеуге мәжбүр болды. Менің жағдайымда жатақхана тиімді әрі арзан баспана. Пәтермен салыстырғанда айтарлықтай арзан, коммуналдық төлемді де төлемейсің. Сонымен қатар студенттік орта қалыптасып, жаңа достар табуға оңай. Бір бөлмеде үш-төрт адам болып тұрғанда, бір-біріне көмектесу, қолдау көрсету секілді жағдайлар орын алады. Алайда жатақхананың жағдайы бәріне бірдей қолайлы деп айта алмаймын. Үшінші курсқа көшкенде жалдамалы пәтерге ауыстым. Әрине, бұл қаржылық жағынан әлдеқайда қиын, бірақ университетімізде жатақхана тапшылығы болғандықтан түсіністікпен қарадық. Дегенмен ай сайынғы пәтерақы мен коммуналдық төлем студентке ауыр тиеді. Бүгінде жастардың көбі сабақтан тыс жұмыс істеп, қосымша табыс көзін іздейді. Жалпы алғанда, жатақхананың басты артықшылығы – оның қолжетімділігі. Егер жатақхана саны көбейіп, жағдай жақсарса, студенттердің өмір сапасы әлдеқайда жоғары болар еді. Бұл мәселе шешімін тапса, жастардың білім алуына жасалған үлкен қолдау болмақ», деп өз ойымен бөлісті.
Ал Алматыда оқитын студент Айболат Нығметжанұлы Алатау етегіндегі әсем шаһарда жылдан жылға студенттер саны өсіп, соған сай жатақханаға сұраныс көбейіп, оған тапшылық артып отырғанын айтады.
«Қазір 3-курста оқимын, жатақханада тұрамын. Студенттер үйлерінің жағдайы да жыл сайын жақсарып келеді. Қаламызда Нархоз, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеттерінде көз қуантарлық жаңа жатақханалар ашылды. Бірақ кейбір жоғары оқу орындарында жатақхананың төлемақысы шәкіртақы көлемін ескермейтін сынды. Мысалы, шәкіртақы 47 000 теңге көлемінде болса, студенттер үйлерінің айлық ақысы 45 000–50 000 теңгені құрайды. Бұл енді парадокс», дейді Айболат.
Үлгі етерлік тәжірибе
Әлемнің жетекші елдері студенттердің жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлген. Олар студенттерді жатақханамен қамтып, сапалы білім алуы мен әлеуметтік ықпалдастығына аса мән береді.
Мысалы, АҚШ-та жекеменшік және университеттік жатақханалар үйлесім тапқан. Университет қалашықтарында (campus) жайлы жатақханалар орналасқан. Мұнда студенттер негізінен кампус аумағындағы жатақханаларда тұрады. Онда бір-екі немесе төрт адамдық бөлмелер, заманауи жиһаз, оқу бөлмелері, спортзал, демалыс аймақтары қарастырылған. Кейбір жоғары оқу орындары жекеменшік компаниялармен келісім жасап, жатақхана салу және басқару ісін бәсекелестік негізде жүргізеді. Бұл нарықта сапаны арттырып, бағалардың реттелуіне ықпал етеді. Университеттердегі жатақханалар ақылы, алайда студенттерге жеңілдіктер, қаржылық көмек немесе гранттар ұсынады. Ұлыбританияда студенттік жатақханалар («halls of residence») көбінесе 1-курс студенттеріне беріледі. Кейін студенттер жалдамалы пәтерге немесе арнайы студенттік резиденцияға көшеді. Бөлмелер көбінесе жеке болады. Бірақ онда ортақ ас үй мен демалыс аймағы жасалған.
Мемлекеттік жоғары оқу орындары жатақханаларды ұсынғанымен, кейінгі жылдары жекеменшік студент үйлері көбейген. Олар студенттерге жоғары сапалы қызметтер ұсынады. Баға аймаққа байланысты өзгереді, бірақ мемлекет студенттерге қаржылық көмек көрсетеді. Мәселен, Германияда студенттер үшін жатақхана жүйесі жақсы жолға қойылған. Бағасы да қолжетімді. Арнайы «Studentenwerk» ұйымдары арқылы басқарылатын бұл жатақханалар студенттерге төмен бағамен ұсынылады. Кейбір университеттер кооперативтік қағидатқа негізделген жатақханаларды дамытып, студенттердің өздері басқару жүйесін енгізген. Ортақ ас үй, демалыс бөлмелері, оқу залдары бар, көбінесе бір немесе екі адамдық бөлмелер беріледі. Оңтүстік Кореяда университет жатақханаларынан бөлек, студенттер «гошивон» деп аталатын шағын бөлмелерді жалдайды. Бұл төмен бағадағы, ең қажетті жағдайлармен жабдықталған бөлмелер. Заманауи жатақханаларда электронды карталар, жеке жұмыс кабиналары, ортақ демалыс аймақтары қарастырылған. Мемлекет пен университеттерден бөлек, студенттік жатақханаларды жеке кәсіпкерлер басқарады. Финляндияда студенттер үшін арнайы «Student Housing Foundation» (SOA) атты ұйым жұмыс істейді. Ол студенттерге төмен бағада тұрғын үй ұсынады. Бұл жүйе арқылы студенттер айына 250–400 еуро аралығында баспана жалдай алады. Жатақханаларда ортақ ас үй, оқу залдары, велосипед тұрағы, экологиялық таза орталар бар. Үкімет студенттерге арзан тұрғын үй саясатын ұсынып, жеңілдетілген несие береді.
Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экономика факультетінің 4-курс студенті Бауыржан Жанатұлы академиялық ұтқырлықпен Польша елінде бір семестр оқып келген еді. Одан өздерінің студенттер үйі туралы сұрадық. « Мен елімізде оқып жүргенде де жатақханада тұрдым. Екі адамға арналған таза бөлме. Университетке алыстығы болмаса, бәрі жақсы. Көңілімнен шығатын. Ал Польшада төрт ай тұрдым. Ең керемет жатақханаға жайғастым. Студенттер үйіне айына 120 мың теңге төледік. Екі адамға арналған кең бөлме. Бізбен салыстырғанда ерекшелігі бар. Бөлмелері жаңа әрі таза. Әрине, еліміздегі студенттер үйлері жақсы. Бірақ орын тапшылығы мен оның бағасы шәкіртақымен мүлдем сәйкес келмейді», деді Бауыржан.
Келесі жылға қарай еліміздегі студенттер саны 1 миллионға жуықтайды. Сол себепті жатақхана түйткілін тездетіп шешпесе, бұл мәселенің ушығатын түрі бар. Жалпы, жатақхана проблемасы студенттер үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін өзекті. Себебі сапалы білім алуға жағдай жасау – болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бірден-бір жолы. Мұны шешуге мемлекет, университеттер, жеке сектор және студенттердің өздері бірлесе әрекет етуі қажет. Егер бұл проблема өз уақытында шешілсе, білім алушыларға әлдеқайда қолайлы орта қалыптасары анық.
Ерлан КИІКБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті