Руханият • 18 Ақпан, 2025

Шоқай және Топчибашы

191 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мұстафа Шоқай мен Әли Мардан бек Топчибашы (ӘlimӘrdan bәy әlәkbәr oğlu Topçubaşov) есімі түбі түркі халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресінің ең бір көрнекті өкілдері ретінде тарихтан мәлім. Мақсат-мүдделері бір қос тұлғаның түркі мемлекеттері мүддесі жолындағы күрескерлік рухы әлі де өзінің маңызды рөлін жоғалта қойған жоқ.

Шоқай және Топчибашы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бауырлас қос халықтан шыққан Мұстафа Шоқай мен Әли Мардан бек Топчибашының өмірбаяндық деректері мен айыр­ма­шылығына, ұлтына, туған жеріне қарамастан, екі тұлғаның өмірінде ұқсастықтар мен олардың қызметі мен көзқарастарында түйісетін тұстары баршылық. Екеуі де өз елінде белгілі тұлғалардың отбасында өмірге келген. Мұстафа алдымен медреседе, сосын орыс гимназиясында оқып, содан соң Санкт-Петербургтегі Императорлық университеттің заң факультетін тәмамдаған. Топчибашы да, Шоқай да Ресей империясы езгісінен туған халқын азат ету мақсатын ұстанды.

1905 жылы 15 тамызда Нижний Новгородта Ресейдің түркі-мұсылман халықтары өкілдерінің алғашқы съезі өтті. Исмаил бек Гаспринскийдің ұсынысы бойынша съезд жұмысын Әли Мардан бек Топчибашы мен қазан татарларының өкілі Юсуф Акчура басқарды. Топчибашы «Біз – түріктер, тегіміз бір, дініміз бір. Бабаларымыз Батыстан Шығысқа қарай ұлан-байтақ жерге иелік еткен. Батыр халық болғанына қарамастан, бүгінде Кавказ тауларында, Қырым бақтарында, Қазанның кең даласында, бабаларымыздың қонысында, өзіміздің тарихи отанымызда, өз жерімізде қажеттіліктеріміз бен шынайы жағдайымызды еркін айта алмаймыз...», деп ұлттық және діни мәселелері туралы ауқымды баяндама жасайды.

Съезге Күнгей Кавказ, Қырым, Солтүстік Кавказ, Еділ, Түркістан, Орал және Сібірден делегаттар қатысады. Олар саяси, діни мәселелер, зайырлы қоғам құру туралы ойларын ортаға салады. Саяси партияның орнына бастапқы кезеңде «Иттифак әл-муслимин» (Мұсылмандар одағы) құру туралы шешім қабылдайды. Бұл ұйым­ды ұйымдастырушылар мен бел­сенді мүшелері түркі халықтарынан құрал­ғандықтан «түркілер» ұйымы деп те атауға болады.

Осы «Мұсылмандар одағының» негізін қалаған белсенді түрік қайраткерлері, оның ішінде Әли Мардан Топчибашы 1906 жылы Баку губерниясынан Бірінші Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланды. Заң шығару органының салтанатты ашылуы 27 сәуірде өтті. Алайда Әли Мардан бек Санкт-Петербургке 10 маусымда ғана келеді, көп ұзамай Думаның мұсылман фракциясын құруға кіріседі. Бірінші Думаның құрамына Ресейдің мұсылман халықтары мен ұлыстарының 36 өкілі сайланды.

II Николайдың 9 шілдедегі мани­фе­сімен Мемлекеттік Дума таратылады, патшаның бұл саясатына наразылық білдірген «Вы­борг үндеуіне» қол қойғандардың ара­сын­да басқалармен бірге Ә.Бөкейхан, Ә.Топ­чи­башы, С.Жантөрин, С.Г. Алкин, И. Зиат­ханов болған еді, олар саяси құқы­ғынан, 3 айға бас бостандығынан айырылады.

Мұстафа Шоқайдың үлкен саясатқа араласуына ықпал еткен бірден-бір адам Әлихан Бөкейхан еді. Ол Санкт-Петербургте Сералы Лапин, Мұха­меджан Тынышбаевпен және басқа отан­дастарымен, саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен, Мемлекеттік Дума депутаттарымен қарым-қатынаста болады.

1917 жылы ақпан төңкерісі басталғанда М.Шоқай Санкт-Петербургте Ресей мұсыл­ман фракциясы жанындағы бюрода Түркістан өкілі болатын. 1917 жылы 14 сәуірде Санкт-Петербургтен Орынборға келіп, қазақ құрылтайына қатысады, одан соң Түркістанда Түркістан өлкесі мұсылмандары Орталық Кеңесін, «Ықтият» ұйымын, «Бірлік туы» газетін, 1917 жылдың 22 қарашасында Түркістан (Қоқан) автономиясын құруға атсалысады. 1917 жылдың күзінен бастап жалпы ресейлік мұсылмандардың І Құрылтай жиналысына сайлауға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Жер-жерде кандидаттар тізімін дайындау үшін съезд шақырылады. Құрылтай жиналысына сайлауға Әли Мардан бек Топчибашы кандидатурасы Кавказбен қатар Сырдария облысынан, ал Мұстафа Шоқай мен Мамед Эмин Расулзаде Ферғана облысынан ұсынылады.

Әли Мардан Кавказдағы, Мұстафа Түркістандағы болып жатқан саяси қозғалыстарға белсене араласып, ұлттық қозғалыстың басты көсемдеріне айналады. Алайда Құрылтай жиналысының идеясы өзін ақтамады. Большевиктер үкіметі 1918 жылы 6 қаңтарда оны тарату туралы жарлық шығарды. М.Шоқай бұл жөнінде өзінің естеліктерінде: «Тағдыр бізге өкілдер мәжілісіне (Бүкілресейлік құрылтай съезі) қатысуды жазбады. Сол кезеңде езгідегі бүкіл Ресей халықтары үміт артқан өкілдер мәжілісі қайта оралмайтындай боп мәңгіге кетті. Біздің сол кездегі федерация жайлы үмітіміз де жоқ болды...» деп еске алады.

1918 жылдың қаңтарында қарулы жұмысшы отрядтары мен қызыл гвардияшылар Қоқанды шабуылмен басып алған соң, Мұстафа Шоқай 1919 жылы Баку, одан Тифлис қаласына, 1921 жылы Түркия арқылы Парижге өтеді.

ХХ ғасырдың 20-жылдарында екі қайраткер де Парижді төңіректейді, Әли Марданбек Париждің батысындағы Сент-Клу қалашығында тұрды, ал Мұстафа қала маңындағы Ножан-сюр-Марн қалашығына тұрақтады.

Мұстафа Шоқай эмиграцияда жүріп, бүкіл әлем назарын Түркістан проблемасына аударды. Түркістандықтар тағдырын басқа халықтардың тыныс-тіршілігінен жеке қарамағанын эмиграциядағы қайраткерлермен жазысқан хаттарынан аңғарамыз. Түркістанмен қатар, «Прометей» Ресейдің езілген халықтар Лигасына кіретін Әзербайжан, Грузия, Идел-Урал, Қырым, Кубань, Солтүстік Кавказ, Украина елдерінің мұң-мұқтажын көре білді. Ол: «Біз өзімізбен тағдырлас және өзіміз сияқты ұлттық тәуелсіздікке ұмтылып отырған халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестіруіміз керек», дейді.

М.Шоқай тәуелсіздік үшін күресте мемлекетаралық қатынастардың ықпал ететіндігіне үлкен мән берді. Халықаралық мәселелер жөніндегі пікірлері батыс елдеріндегі қоғамдық пікірге ықпал етеді, баспасөз беттерінде талқыланады. Ең ғажабы, Мұстафа Шоқайдың Париждегі архив қорында екі қайраткердің өзара жазысқан жып-жылы сыйластыққа толы бірнеше хаты сақтаулы.

Жалпы, түркі баласы мен мұсылман халықтарының көшбасшысы, Кавказ эмиграциясының жетекшісі, ауқымды тарихи үдерістердің бастамашысы Топчибашы 1928 жылы 30 тамызда және 18 қыркүйекте М.Шоқайға жазған хаттарында оның құрмет көрсетіп жіберген «Chez les Soviets» (Кеңес билігінде) кітабын зор қызығушылықпен оқығанын, Түркістан туралы кітаптың дер кезінде шыққанын, ойларының ортақтығын айтады. Хат жиегіне «20 қыркүйекте жауап жазылды» деген белгі соғылған. Кеңестік Орта Азияға барып қайтқан француз коммунистерінің апологетикалық әдебиетіне жауап ретінде жазылған М.Шоқайдың бұл еңбегі туралы Топчибашы: «Франция жұмысшылар делегациясы мүшелерінің топтары, олардың ішінде сириялық Ali-Mira-ның да барлық шетелдіктерге большевиктер бұғауындағы халықтар өмірін «Совкиноның» тәсілі бойын­ша көрсеткен жалған және қисынсыз пайымдауларының Түркістандағы нақты жағдайға қаншалықты қайшы келетінін жорамалдауға іс жүзінде жиналған материалдар, әсіресе жергілікті «қызыл» баспасөзден алынған сілтемелер мен цитаттар мүмкіндік береді. Сіз алдауға түскен «Кеңестік жұмаққа» келушілерге лайықты жауап беріпсіз, әрине, бұл олардың кінәсі болмауы да мүмкін», деп жазады.

Кітаптың атауы туралы хат иесі: «Кеңестер «дүниежүзілік революцияға» ұмтыла отырып, барлығын жойғысы, өзгерткісі келген. Олар үшін «Ресей» деген атау жоқ. Олар «Орта Азия атқару комитетінің бюросын» құрды. Әрине, географиялық тұрғыдан алғанда, Түркістан да Орта Азияда, сонымен қатар, бұл үлкен елдің тарихта «Түркістан» деген аты бар, большевиктер белгілі тарихи және географиялық атауларды біресе өшіріп, біресе ертеден анық елді бөлшектегенмен (Өз­бекстан, Тәжікстан), оны өшіре алмайды. Оның үстіне бұндай өзгерістер қалай болса со­лай және халықтың еркінен тыс жүргізіліп жатыр.

Менің ойымша, Түркістанға енетін аумақтарды, біз, қалай болғанда да Түркістан деп атауды жалғастыруымыз керек, ол барлық түркі тектес халықтар құрметтейтін, тарих пен география айқындаған атауға сәйкес келеді», деп өз ойын білдіреді.

Мұстафа жауап хатында әріптестермен арадағы түсініспеушілік туралы айта келіп, жексенбі күні 21 қыркүйек рұқсат болса Сізге келемін деп жазады.

Париждегі М.Шоқайдың жеке архивінде Топчибашының 1933 жылы 4 қаңтарда Мұстафаның жаңа жылдық құттықтау хатын алғанын, сырқатынан толық айыға қоймағанын, Барятинс­кийдің «Естеліктерін» оқығанын, оған М.Шоқайдың жауабын оқып біршама тыныштанғанын, әйтсе де өтірікші автор мен «Последние новости» газетіне ашу-ызасы басылмағанын айтып, ішкі сырымен бөліскен хаты сақталған. Мұнда және «Жақында Вачнадзеден Сізде Керенский төрағалық еткен Бүкілресейлік Мемлекеттік Кеңестің хаттамалары мен сөйлеген сөздер жинағы бар екенін білдім, оны соншалықты көргім келеді, мүмкін болса пошта арқылы жіберерсіз», деп өтінеді. Хат жиегіне хатты М.Шоқай 6 қаң­тарда алғаны туралы белгі соғылған. 12 ақпанда жазған келесі хатынан М.Шоқайдың іле-шала жауап жазып, сұраған кітабын жібергенін білеміз. Себебі Ә.М.Топчибашы қаңтар бойы жүрек ауруымен, тұмаумен сырқаттанып, төсек тартып жатып қалғанын, «Мемлекеттік Кеңес» туралы кітабы үшін ризашылық білдіре алмағанын, не қайтарып бере алмағанын айтып, тағы біраз ұстай тұрсам, Кеңеске қатысушылар ретінде кездескенде естеліктерімізбен пікір алмасармыз, дейді. Сонымен қатар Әли Мардан бек «Шыңғыс хан» туралы кітаптың авторы Хара Даванмен хат алмасып тұратынын, ол Мұстафаның мекен-жайын сұрағанын, өз кітабын жібермекші екенін айтады, оның өтінішін орындаймын дейді. «Келу мүмкіндігіңіз бар екенінен хабардар еткендей болдыңыз, 16 ақпанда күндізгі үш-төртте күтемін, келе алмасаңыз қызметкеріңізді күтемін» дейді. Әли Мардан бектің келесі хаты 18 ақпанда жазылыпты, «Аса ыждағаттылықпен жазылған хатыңды оқыдым, сізбен пікір алмасу мүмкіндігінен айрылғаныма өкінем, сіз сұратқан «Документы и материалы по внешной политике Закавказья и Грузии» кітабы қазір қолымда емес, маған келген кезіңізде қолыңызға ұстатам» деп келесі кездесудің уақытын 22 ақпан, сәрсенбінің сәтіне, сағат үш-төрттерге белгілейді.

Ә.Топчибашыны 1934 жылы 8 қа­ра­шада ақтық сапарға шығарып салғанда М.Шоқай: «Рақымсыз тағдыр өз дегенін істеді. Әзербайжан тәуелсіздігінен айырылып, қызыл империяның бұғауына қайта түсті. Бұл кезде Әзербайжанның Еуропадағы ұлттық өкілдігінің төрағасы міндетін атқарып отырған Әли Мардан бек әзербайжанның мұғажыры болып қала берді. Ол қайда жүрсе де ұлты мен атамекенінен басқа ештеңені ойламаған аса күрескер адам еді.

Мұғажырлық өмірдің машақаты көп-ақ. Жасы егде тартқанда Әли Мардан бек мұғажырлық өмірдің тауқыметін тартуына тура келді. Ол қандай күйде жүрсе де Әзербайжан мен Кавказияның бостандыққа шығарына зәредей де күдіктенбеді. Кавказ конфедерациясы – Әли Мардан бектің есімі біріктірген ең соңғы тарихи оқиға болды. Кавказияның болашағын айқындауда маңызды рөл атқаруға тиіс осы конфедерацияның туына Әли Мардан есімі жазылары шүбәсіз.

Біз, Түркістан түріктері, Әли Мардан бекті аса көрнекті түрік қайраткері ретінде құрметтейміз. Әли Мардандарға түркістандық түрік те, қырымдық түрік те өзінің әзери түріктерімен бірдей еді. Әзери түріктер Әли Мардан бекті өздерінің ең ірі ұлттық тұлғасы және тәуелсіз Әзербайжан Республикасының тұңғыш парламентінің төрағасы деп құрметтейді. Кавказдықтар болса Әли Мардан бекті Кавказ федерациясының құрушысы» деп еске алады.

Топчибашы да, Шоқай да Орталық Азия мен Түркістан тарихында маңызды рөл атқарады, олар өз уақытының дамылсыз алға жылжуына, өз халықтарының тәуелсіздік идеясына, мәдени автономиясына ұмтылды. Олардың қызметі бүгінгі күн тұрғысынан да ұлттық рух пен мәдени бірегейлік жолындағы жасампаз күрестің жарқын үлгісі болып қала береді.

 

Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және

ақпараттық-түсіндіру қызметінің басшысы

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара перзенті

Еңбек • Бүгін, 09:50

Атакәсіпке адал азамат

Еңбек • Бүгін, 09:45

Әлеуметке тиімді жоба

Қоғам • Бүгін, 09:35

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Бүгін, 09:25

Адам папиллома вирусы қандай ауру

Денсаулық • Бүгін, 09:22

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Жасанды интеллектіні жүйелі енгізген банктер

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:10

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:55

Смағұл сапасы

Тұлға • Бүгін, 08:50

Мұстахара

Жәдігер • Бүгін, 08:45

Керек дерек

Digital • Бүгін, 08:40

Бірегей білім моделі

Қоғам • Бүгін, 08:35

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:25