
Пьеса авторы Әлішер Рахат Табылдының студенттік жылдарынан бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейінгі күрделі тағдыр белестерін тереңдікпен суреттейді. Оның бұл еңбегі ақынды ішкі әлемі күрделі, еркін рухтың иесі ретінде бейнелейді.
Ауыл халқы оны құшақ жая қарсы алып, мәдениет үйінің басшысы қызметін сеніп тапсырғандай көрінгенімен, онысы шын мәнінде қаңыраған клубты күзету еді. Бұл жағдай шығармашылық еркіндік пен асқақ рухқа толы ақынға ауыр соққы болады. Туған жерге деген шексіз махаббаты сағынышқа толы өкінішке айналады.
Атырау аймағындағы табиғи байлықтарға бекіре, ұзақ уақыт бойы басшылық еткен Гурий Назаровтың ісі тек табиғатқа ғана емес, жергілікті халықтың өміріне де кесірін тигізеді. Жергілікті тұрғындар туған жерінің табиғи байлығынан пайда көрмей, керісінше, бұл байлықты тек билік пен шенділер иемденеді. Табылды осы әділетсіздікке, табиғатқа жасалған қиянатқа және жергілікті биліктің өзімшіл іс-әрекеттеріне қарсы шықты. Алайда оның еркін ойы мен батыл пікірлері жеке өміріне ауыртпалық түсіріп, қудалаулар мен кедергілерге ұрындырды.
Табылдының шындыққа деген адалдығы мен әділет үшін күресі шығармашылығына терең дағдарыс әкеледі. Туған жерге деген шексіз махаббатын көрсету үшін сахнаға шығуды көздейді. Бірақ жергілікті басшылықтың қарсылығы оны бұл арманынан айырып, жолын кеседі.
Қойылымда басты рөлді сомдаған Мырзабек Макуловтың шеберлігі, Табылды Досымовтың жандүниесін ашудағы тереңдігі көрермен назарын аудармай қоймайды.
Сахнада билік өкілдерінің бейнесін сомдаған Бақытжан Өтеғалиевтың ойыны да спектакльдің маңызды элементтерінің бірі болды. Ол кейіпкері арқылы қоғам мен биліктің, ақын мен жүйенің арасындағы шиеленісті шынайы және өткір жеткізе білген.
Спектакльде ерекше көзге түскен актерлердің бірі – Райымбек Каден. Табылдының бала бейнесіндегі үнсіз ойынымен-ақ бірінші планда көрерменді өзіне баурап алды. Оның әрбір қозғалысы, қөзқарасы балалық нәзіктік пен болашаққа деген үмітті терең жеткізді. Актер дене пластикасы мен ішкі толғанысын үйлестіре отырып, бала Табылдының арман-қиялын, алға ұмтылған рухын ерекше шеберлікпен бейнеледі. Райымбектің үнсіз ойыны қойылымның эмоционалдық әсерін күшейтті.
Жас режиссер Шағуан Үмбетқалиевтің режиссерлік тәсілі мен сахналық шешімі жоғары деңгейде орындалды. Әр мизансценадағы деталь, актерлердің ойыны мен терең мазмұнды диалогтері көрерменді ойландыруға, сезімге бөлеуге мүмкіндік берді. Спектакльдің визуалды және аудио шешімдері өте үйлесімді шыққан.
Режиссер дәстүр мен жаңашылдықты шебер үйлестірген. Музыка мен би арқылы көрсетілген әрбір көрініс қойылымның эмоционалды күшін арттырды. Хореограф Салтанат Беймішева мен композитор Еділжан Ғаббасовтың шығармашылық үйлесімі спектакльдің эмоционалды қуатын еселей түскен. Жарық суретшісі Еламан Ахметовтің жұмысы сахнаға әсерлі визуалды рең беріп, әр көріністің драмалық қарқынын арттыра түсті. Жарықтың нәзік ауысымдары кейіпкерлердің ішкі күйзелісі мен оқиға шиеленісін шынайы жеткізді.
Көпшілік сахналарының мизансценасы мен биінің синхронды, үйлесімді қозғалыстары ауыл адамдарының күнделікті күйбең тіршілігін шынайы бейнеледі. Әсіресе олардың қарбалас әрекеттерінің үйлесімділігі көрерменді өмір шындығына жетелеп, ауыл өмірінің динамикасын дәл берді. Дегенмен, осы көріністің артында рухани құндылықтардың жоғалуы жатыр. Ақын үшін бұл көрініс үлкен күйзеліс, ауыр соққы. Ауыл тұрғындары күйбең тірлік соңында кетіп, өнер мен мәдениеттен алыстай түскенін ауыр қабылдайды.
Қоюшы суретші Тимур Қоесовтің сценографиясы қойылым атмосферасын құруда өзіндік рөл атқарғанымен, кейбір шешімдер көрермендер арасында түсінбеушілік тудырғаны байқалды. Сахнадағы шамадан тыс қараңғылық оқиға атмосферасын күшейткенімен, кей тұстарда көріністердің айқындығын төмендетіп, кейіпкерлердің эмоциялық үнін толық сезінуге кедергі келтіреді. Бұл қараңғылық көрерменге психологиялық тұрғыдан ауыр әсер қалдырып, оқиғаның мазмұнын қабылдауда қиындық туғызады. Сахнадағы символикалық элементтер – якорь мен ақ тастар ерекше назар аудартқанымен, олардың идеялық мағынасы толық ашылмады. Бұлар көрермен үшін күшті метафоралық бейне болғанымен, оның қойылымдағы нақты қызметі мен мағынасы жеткілікті дәрежеде айқындалмаған.
Тағы бір түсініксіз элемент – төбеден түсіп тұрған үш қорап. Олар сахнада бірнеше рет пайда болып, көрерменнің назарын аударғанымен, нақты қызметі немесе символикалық мәні беймәлім. Дегенмен, қоюшы суретшінің спектакльдің жалпы стилін қалыптастырудағы еңбегі мен ізденісі бағалауға тұрарлық.
Спектакльдің кейбір тұстарында негізсіз паузалар оқиғаның жалпы динамикасына кедергі келтірді. Мысалы, алғашқы сахнада төсек-табыттың сахна түбінен авансценаға дейін баяу жылжуы көркемдік тұрғыдан ешқандай мәнге ие болмаған. Бұл элементті бірден авансценада орналастыру арқылы сахналық уақытты үнемдеп, драмалық әрекеттің қарқынын сақтап қалуға болар еді. Осындай бос паузалардың орнына Алматыдағы достарымен бірге өткізген жылдары мен ҚазМУ кезеңдеріне көбірек назар аудару тиімдірек болар еді. Бұл көрермендерге Табылдының Алматыға деген қимастық сезімін тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, оның өміріндегі маңызды кезеңді әсерлі жеткізер еді.
Табылды түсінде Мұқағалиды көріп, төсектен тұрып қайта жатуы режиссерлік тұрғыдан сенімсіз шешім болып көрінді. Сахна арқылы көрерменге ұсынылған бұл ой тым үстірт жеткізілген. Мұқағалимен кездесуі арқылы терең идея немесе маңызды мазмұн толық ашылмаған. Табылдының өлер алдындағы рухани тыныштықты іздеуі, өмірмен қоштасу сәтіндегі ішкі күйзелісі жеткілікті деңгейде драматургиялық қуатқа ие болмаған.
Спектакльдің соңында Махамбетті Табылдымен диалогке түсірген шешім – эстетикалық және драматургиялық тұрғыдан өте даулы. Бұл көрініс сюжетке қосымша салмақ қоспаған, көрерменге түсініксіз. Махамбеттің Табылды алып кету символика ретінде ұсынылғанымен, мұндай шешімнің мазмұндық негізі әлсіз.
Спектакльдің ең үлкен жетістігі қазіргі заманның өзекті сауалдарын көтеріп, көрермендерді ойлануға итермелейді. Тағдыры алабөтен ақын Табылды Досымовтың тұлғасына бүгінгі көзқарасымыз қандай болуы керек? Оның шығармашылығын дәріптеу жолында қандай қадам жасауымыз қажет? Осы сұрақтар спектакль барысында көрерменге ұсынылып, санасында терең із қалдырды. Спектакль соңында Табылдының өнері мен өмірін терең түсінген көрермен ақын әлеміне енеді.
Сарыбай МАДИЯР,
театртанушы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы