Қоғам • Бүгін, 10:05

Фотосуретшінің музей-үйі жөндеуге зәру

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодардағы Дмитрий Багаевтың музей-үйі XIX ғасыр­да тұрғызылған көне үйде орналасқан. Бұл үйде фото­сурет­ші заманында әулие Мәшһүр Жүсіпті суретке түсіріп алған екен.

Фотосуретшінің музей-үйі жөндеуге зәру

Дмитрий Багаевтың есімі Ертіс-Баян өңірінің халқы­на жақсы мәлім. XX ғасыр басында осында қоныс ауда­рып, фотосуретшілікпен әуес­­тене бастайды. Сөйтіп жү­ріп Павлодар қаласында ал­ғаш­қы фотостудияны ашқан. Оның шығармашылығының нәтижесінде төңкеріске дейінгі Павлодардың келбеті көптеген фотосуретте сақталып қалды. Өнер иесі қаламен қоса алыс аудандарды да аралап, қаншама белгілі тұлғаларды, қазақтың салт-дәстүр үлгілерін, аштық жылдарын да суретке түсірген. Соның ішінде әулие Мәшһүр Жүсіп бейнесінің сақталып қалуына ықпал етті. Ол туралы бұған дейін газетімізде мақала жариялағанбыз.

п

Дмитрий Поликарпович тұрған үй 2001 жылы оның атын­дағы музейге айналды. Ол жер­гілікті маңызға ие тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына енген. Алайда кейінгі 25 жылда ешбір жөндеу көрмегені бел­гілі болып отыр. Соның салдары­нан қазіргі уақытта шатырынан ­су саулап, ғимарат ішіне кірген ылғал үйдің қабырғасы мен еденін бүлдіріп жатыр.

Музей-үйдің қызметкері Шол­пан Әбікешованың айтуынша, көктем мен күзде төбе­ден сорғалаған суға музей ішіне шелектер қойылады. Тіпті кейбір жәдігерлер амалсыздан алынып та тасталады. Олай жасамаса, су тиіп бүлініп қала ма деп қорқады екен. Оның үстіне ғимарат электр қуаты арқылы жылытылады. Нысанның жартылай ағаштан салынуы мұндай жағдайда өрт қаупін күшейтіп отыр.

«Тарихи нысанға іші­нара жөндеу жүргізу мүм­кін емес, оны толықтай жөндеу ке­рек. Іргетасы, қабырғалары, тө­бесі, электр желілері, бар­лы­ғы жөндеуге сұранып тұр. Рес­таврациялық жоба да­йын. Жобалық-сметалық құ­жат­та­маға сәйкес барлық шы­ғын­ға 100 млн теңгедей қара­жат қажет», дейді Г.Н.Потанин атын­дағы облыстық тарихи-өлке­тану музейінің басшысы Арман Әлиакпаров.

Бірақ жөндеуге қажет қара­жат әзірше табылмай тұр. Музей қызметкерлері келер жылы ойлағандары болып қала ма деп үміттенеді.

 

Павлодар облысы