Руханият • Бүгін, 09:50

Ән мен күй мерекесі

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Республика сарайының сахнасында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына арналған гала-концерт өтті. Қазақ музыкасының көпқырлы мұрасын филармония ұжымдарының жоғары кәсіби деңгейі арқылы паш еткен ән мен күй мерекесі ерекше мәдени оқиғаға айналды.

Ән мен күй мерекесі

Филармония арда­гер­лері қызыл кілем үс­тімен салтанатты түрде жүріп өтіп, естелік су­ретке түсті. Сонымен қатар Алматы қаласы музейлер бір­­­лестігі мен Ұлттық орта­лық музей ұжымы филармония ше­жіресі мен Нұрғиса Тілен­диевтің өмірі және шы­ғар­ма­шылығына арналған та­ғы­лымды көрме ұсынды. Кө­рер­мендер тарихи фотосуреттер мен сирек материалдар ар­қылы филармонияның 90 жылдық тарихымен танысып, тың мәлімет алды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов филармония ұжымын мерейлі белесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын табыс етті.

«Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық фи­­лар­мониясының құрыл­ға­ны­на 90 жыл толуымен құттық­таймын! Бұл – ұлттық музыка өнерінің мерейлі белесі. Әйгілі Ахмет Жұбанов негі­зін қалаған филармония ға­сыр­­ға жуық уақыт ішінде хал­қымыздың рухани мұрасын да­мытуға, өркениетіміздің өр­ісін кеңейтіп, қазақтың ән-күйін әлемге танытуға зор үлес қосты. Ұлт руханиятын­­да айрықша із қалдырған көп­те­ген тұғырлы тұлғамыз осы киелі сахнада өнер көрсет­ті. Өнегелі ұжым бүгін­де кәсі­би шеберлігін шыңдап, ­аға буын­ның тағылымды жолын жалғастырып келеді. Төл мәде­ниетімізді паш етіп, қалың кө­рерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген филармония қызметкерлеріне шы­­найы ризашылығымды білдіре­­мін» делінген Президенттің құт­тықтау хатында.

Мерейтойлық жылды қо­рытындылаған кеште фи­лар­монияның барлық шығар­ма­шылық ұжымы өнер көр­сетті. Олардың қатарында, Н.Тілендиев атындағы фоль­к­лорлы-этнографиялық ака­де­миялық «Отырар сазы» оркестрі, Т.Әбдірашев атын­дағы Мемлекеттік акаде­мия­лық сим­фониялық оркестр, Қазақстанның үр­мелі аспаптар оркестрі, Б.Байқадамов атын­­дағы Мем­лекеттік хор ка­пел­ласы, Мем­лекеттік клас­­сикалық гитарашылар квин­теті, Ғазиза Жұбанова атын­да­­ғы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік қара­ғайлы-үрмелі аспаптар квин­теті, сонымен қатар белгілі солис­тер, домбырашылар мен пиа­нистер бар. Олардың өнері кеш ажарын аша түсті.

Қазақ ән-күйлерімен қа­тар, әлемдік классиканың інжу-мар­жандары ұсынылды. Көрер­мен Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», «Аққу» күйлері мен «Өз елім», «Құстар әні», «О, туған жер» әндерін, Абай­дың «Айттым сәлем, Қаламқас» шы­­ғармасын тыңдады. Сон­дай-ақ М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы Мере­ке­лік би, Бетховеннің 9-сим­фониясынан үзінді орындал­­ды. Домбырашылардың «Ба­ла­мишка», «Әлқисса» күй тартысы мен екі фортепианоға арнал­­ған күрделі туындылары кештің көр­кемдік деңгейін арттырды.

 

АЛМАТЫ