Пікір • 01 Ақпан, 2025

Салық базасы кеңейеді

54 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір қосылған құн салығын төлеуші ретінде тір­келу үшін белгіленген жоғары шек – 78 млн теңге. Бұл шекті төмендету қажет. Себебі қазіргі салық заңнамасы бизнестің арнайы салық режімдерін пайдалану арқылы салықтық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Салық базасы кеңейеді

Сурет: elordainfo.kz

Бұл көптеген кәсіпорын­ның шағын бизнес ретін­де бөлшектенуіне, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеуі­не алып келді. Соның салдарынан ҚҚС тетігі толық жұмыс істемей, іс жүзінде сатудан алынатын салыққа айналды. ҚҚС мөлшерлемесі 12% болғанымен, оның тиім­ді мөлшерлемесі төмендеу­ге тиіс. Бұл жағдай салық­тың ашықтығын төмендетіп, әкімшілік шығындарды арттырып, бюджетке түсетін кірістердің азаюына әкеледі.

ҚҚС шегін төмендету салық базасын кеңейтіп, салық жүктемесін әділ бөлу­ге мүмкіндік береді. Соны­мен қатар ҚҚС есепке алу тізбе­гінің үздіксіз жұмыс істеуі нәти­жесінде оның тиімді мөл­шер­лемесі 3–4%-ға дейін төмен­­деуі мүмкін. ҚҚС мөлшерлемесі­­нің артуына байланысты биз­нес­тің қосымша шығындары пайда болары сөзсіз. Осы әсерді жұмсарту үшін Үкімет еңбек­ақы төлеу қорына салынатын салықтық жүкте­мені ай­тар­лықтай төмен­дету арқылы бұл шы­ғын­дардың бір бөлігін өтеу­ге дайын екенін мәлімдеді. Бұл бизнестің қаржылық жағ­дайын жеңілдетуге және экономикалық белсенділікті қолдауға көмектеседі.

2025 жылға ұсынылып отырған ҚҚС реформасы 2023 жылғы ұсыныстан кешен­ді тәсілімен және қосым­ша шараларымен ерекше­лене­ді. 2023 жылы ҚҚС мөл­шерлемесін арттыру мәселесі қарастырылды. Бұл бизнес пен халыққа әсері жағынан алаңдаушылық тудырды және мұндай өзгерістерді мұқият пысықтау қажеттігін көрсет­ті. Ал қазіргі Үкіметтің ұсы­ны­сы ҚҚС мөлшерлемесі­нің өсуін ғана емес, соны­мен қатар салық-бюджет жүйе­сін жетілдіруге бағытталған бір­қатар шараны қамтиды. Олардың ішінде – еңбекақы төлеу қорына салынатын са­лық­тық жүктемені азайту. Бұл бизнестің шығындарын өтеуге көмектесіп, инфляцияға әсерін жұмсартуға мүмкін­дік бере­ді. Сонымен қатар әлеу­мет­тік көмектердің, жалақы мен зейнетақының индексация­сы жүргізіледі, бұл халық­тың сатып алу қабілетін сақтау үшін маңызды шара болмақ.

Экономикадағы алғаш­қы өзгерістер реформаны ен­гіз­геннен кейін бірнеше ай ішінде байқала бастайды. Бизнестің жаңа жағдайға бейімделуі, оның ішінде ҚҚС төлеушілерін тіркеудің 15 млн теңге шегінен басталуы және салықтың тоқсан сайын төленуі сияқты шаралар іске қосыла­ды. Бюджетке алғашқы қосым­ша кірістер реформа күші­не енгеннен кейінгі алғашқы тоқсандарда түсе бастайды. Алайда бюджет тапшылығын толық өтеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бұл ҚҚС мөлшерлемесінің қандай деңгейге көтерілетініне, жаңа салықтық және эконо­микалық шаралардың тиім­ділігіне байланысты болмақ.

Ұзақмерзімді болашаққа бұл өзгерістер салық базасы­ның тұрақтануына, фискал­дық тұрақтылықтың ар­туы­на және мемлекеттік кіріс­тердің өсуіне ықпал етеді. Бірақ нақты нәтижелер жүйе­нің жаңа жағдайға толық бейім­делуінен кейін ғана бай­қала бастайды. Осыған байланысты Үкіметтің қабыл­дайтын шаралары теңгерімді, жүйелі және жан-жақты болуы қажет.

 

Эльмира Осипова,

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Фискалдық саясат орталығы директорының орынбасары