Білім • 30 Қаңтар, 2025

Шәкіртақы жүйесі жетілдіруді қалайды

120 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміздегі жоғары білім жүйесі кейінгі жылдары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Мемлекет білім сапасын жақсарту мақсатында көптеген реформаны жүзеге асырып, студенттерге қолдау көрсету үшін стипендия көлемін арттыруда бірқатар қадам жасады. Дегенмен студенттердің күнделікті өмір сүруі мен шығынын толық қамтамасыз ету үшін берілетін шәкіртақы жеткілікті ме?

Шәкіртақы жүйесі жетілдіруді қалайды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Стипендия қалай жұмсалады?

Еліміздегі бакалавриат деңгейіндегі студенттердің шәкіртақысы бүгінде 47 135 теңге болса, педагогикалық маман­дықтарда оқитындар – 75 600 теңге. Алғашқы қарағанда бұл сома ай сайынғы шығындарды жабуға жеткілікті болып көрінгенімен, инфляция деңгейі мен нарықтағы баға өсімін ескерсек, сту­денттердің негізгі қажеттілігін қам­туда айтарлықтай қиындық туындап отыр. Мәселен, Астана қаласында пәтер жалдау ақысы бірнеше студент бірігіп тұрғанның өзінде әрқайсысы үшін шамамен 50 000-­80 000 теңгені құрайды. Бұл – тек тұрғын үйге кететін шығын. Бұдан бөлек, студенттердің басқа да күнделікті шығындарын ескерген жөн. Тамақтануға орташа алғанда, бір студентке ай сайын тамақтануға ­30 000-40 000 теңге қажет. Әсіресе тамақ бағасы үнемі өсіп жатқан қазіргі нарық жағдайында бұл сома көбейіп отыруы мүмкін. Қоғамдық көлікті қолданатын студенттер үшін айлық жол жүру картасы шамамен 7 000-10 000 теңге тұрады. Егер студент такси немесе басқа көлік қызметтерін пайдалануға мәжбүр болса, бұл сома одан да жоғары болады. Жыл мезгіліне байланысты студенттер киім-кешек сатып алуға немесе күтім жасауға шығынданады, бұл айына орта есеппен 5 000-15 000 теңге көлемінде болады. Дәрі-дәрмек немесе медициналық қызметтер қажет болған жағдайда, қосымша қаражат керек болуы мүмкін. Кейбір студенттер осы шығынды жабуға қосымша жұмыс істеуге мәжбүр, бұл олардың оқуына және жеке дамуына кері әсерін тигізеді.

 

Жұмыс істейтін студенттердің мәселесі

Студенттердің көпшілігі оқуымен қатар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Зерттеулерге сүйенсек, студенттердің 60%-ы фриланс, курьерлік қызмет, кафе-мәзіршілер немесе репетиторлық арқылы табыс табады. Мұндай жұмыс түрлері икемді болғанымен, олар студенттің оқу үлгеріміне теріс әсер етуі мүмкін. Педагогикалық мамандықта оқитын екін­ші курс студенті Бекен Жанар: «Менің стипендиям пәтер жалдау мен күн­делікті шы­ғындарды өтеуге жеткіліксіз. Сон­дық­тан аптасына 20 сағат жұмыс істеуге мәжбүрмін. Бірақ бұл жағдай менің оқуымның сапасына әсер етеді: уақы­тым жетпейді, сабақтарға кешігемін, кейде тапсырмаларды орындау қиынға соғады», дейді. Журналистика және әлеу­меттік ғылымдар факультетінің екін­ші курс студенті Қалибек Нұрасыл: «Мен алатын қаражат оқу мен тұрмыс шы­ғынын жабуға жетуі мүмкін, бірақ бәрі сту­денттің қажеттіліктері мен қаржылық жоспарлауына байланысты. Алайда ірі қала­ларда өмір сүру немесе қосымша шы­­ғындар (тұрғын үй жалдау, тамақтану, көлік) стипендияның жеткіліксіз болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір сту­дентке қаржылық сауаттылықты арттырып, жеке бюджетін дұрыс жоспарлау маңызды. Мысалы, 4 студент бірігіп бір бөлмелі үй жалдаса, жалдау құны әр студентке шамамен 50 000 (елу мың) тең­ге­ге шақ.  Егер университет тарапынан жатақхана қамтамасыз етілмесе, әрине бір стипендияға қарап өмір сүру қиынға соғады. Тіпті жақында білім орда­мыздың  жаңа жатақханасында тұру бір айға 30 000 теңгені құрайтынын есті­дім. Сонда арғы жағында қалатын ­20 000­ теңгеге бір ай өмір сүру өте қиын болуы мүмкін. Кейбір студенттер ақша­лай тұрақ­тылықты қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде студенттің оқу үлге­ріміне әсер етеді. Білімі таяз сту­дент­тің ертең жақсы маман болып шыға алмау ықтималдылығы жоғары», дейді.

Бұл мәселе тек студенттердің ғана емес, оқытушылардың да алаңдаушылығын тудырып отыр. «Тұран-Астана» универ­си­те­тінің оқытушысы Толғанай Насихатқызы былай дейді: «Қазіргі уақытта сту­дент­тердің қосымша жұмыс істеуі – өте өзекті әрі күрделі мәселе. Бір жағынан, студент­тердің қаржылық қиындықтарға тап болуын түсінеміз. Екіншіден, бұл олардың білім алу сапасына кері әсерін тигізіп жатқаны айдан анық. Студенттер­дің қо­сымша жұмыс істеуге мәжбүр еке­нін то­лықтай түсінемін. Көпшілігінің отбасына ауыртпалық салғысы келмейті­нін, өз қажеттіліктерін өздері қамтамасыз еткісі келетінін көреміз. Біздің елдегі стипендия мөлшері, әсіресе коммерциялық негізде оқитындар үшін, күнделікті өмір сүру шығындарын өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан студенттердің жұмыс із­деуі – қалыпты жағдай. Бұл жерде бас­ты мәселе – олардың жұмыс пен оқу арасындағы тепе-теңдікті сақтай алмауы. Тәжірибе көрсеткендей, қосымша жұмыс істейтін студенттердің үлгерімі төмендеп кетуі жиі кездеседі. Олар лекцияларға тұрақты түрде қатыса алмауы, тапсырмаларды уақтылы орындамауы, кейде емтихандарға да дұрыс дайындалмауы мүмкін. Біз, оқытушылар, студенттердің бұл жағдайын түсініп қана қоймай, оларға қолдау көрсетуге тиіспіз. Сабақ барысында икемділік танытып, тапсырмаларды орындау мерзімін кейде бейімдеу қажет. Мәселенің түпкілікті шешімі тек оқытушыларға емес, бүкіл оқу жүйесіне байланысты. Мен студенттердің қосымша жұмыс істеуіне қарсылығым жоқ, бірақ бұл олардың басты мақсаты – білім алуына кедергі болмауға тиіс. Оқу орнында студенттер сапалы білім алып, кәсіби тұлға ретінде қалыптасуы керек. Қаржылық мәсе­лелер білімге көлеңке түсірмейтін­­­­дей жағдай жасау – баршамыздың міндеті­міз. Оқытушылар, университет әкімші­лігі және мемлекет тарапынан бірлескен күш-жігер арқылы ғана бұл мәселені тиімді шешуге болады».

 

Халықаралық тәжірибеге көзқарас

Дамыған елдерде студенттерге қар­жылай қолдау көрсету білім беру жүйе­сінің маңызды бөлігі. Мұндай тәжірибе студенттердің толыққанды білім алуына, кәсіби дамуына және болашақта бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуы­на негізделген. Әр елде бұл жүйені әртүрлі жол­мен жүзеге асырады, бірақ бар­лығының мақсаты – студенттердің қар­жылық мәселелерін жеңілдету және оқуына кедергі келтірмеу. Германияда студенттерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда студенттерге ай сайын 500-700 еуро көлемінде қаржылай көмек беріледі. Бұл қаражат оқу материалдары, тұрғылықты жер шығындары және басқа да күнделікті қажеттіліктерді жабуға жеткілікті. Скандинавия елдері – Дания, Норвегия, Швеция және Финляндия – студенттерді қолдау тұрғысынан үлгі бола алатын мемлекеттер. Бұл елдерде жоғары білім тегін болғандықтан, студенттер оқу ақысын төлеу мәселесінен мүлдем босатылған. Бұған қоса, мемлекет тарапынан ай сайын шәкіртақы бері­леді, бұл қаражат студенттердің күнделік­ті шығынын то­лық қамтиды. Оңтүстік Кореяда білім беру жүйесі өте қарқынды және жоғары талаптар қояды. Бұл елде студенттер оқу ақысын өздері өтегенімен, университеттер жанынан құрылған икемді жұмыс орындары арқылы қаржылық қиындықтарын шешуге мүмкіндік алады. Университеттер кітап­ханаларда, зертханаларда, студенттік кеңсе­лерде немесе басқа бөлімдерде жарты­лай жұмыс күні жүйесін ұсынады. Бұл сту­дент­тердің жұмыс істей жүріп, оқу үде­рі­сінен тыс қалмауына жағдай жасайды.

АҚШ-та студенттерге қаржылық қолдау негізінен гранттар, стипендиялар және кампус ішіндегі жұмыс бағдарламалары арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге «Work-Study» бағдар­ла­масы аясында студенттер университет жанындағы кітапхана, кафетерий, зертхана сияқты орындарда жұмыс істеп, қосымша табыс таба алады. АҚШ-тағы ірі корпорациялар мен қоғамдық ұйымдар да студенттерге арналған гранттар мен шәкіртақыларды жиі ұсынады.

 

Шәкіртақы қалай реттелуі керек?

Студенттердің қаржылық жағдайын жақсарту үшін бірнеше нақты қадам жасау қажет. Ең бірінші, әрине стипендия көлемін инфляцияны ескере отырып, студенттерге берілетін стипендияны кезең-кезеңімен ұлғайту. Бұл олардың оқуына ғана емес, сонымен қатар тұр­мыс сапасына оң әсер етеді. Студенттік жатақханалар санын, олардың сапасын көтеру мәселесін шешуге тиіс. Бұл тұрғын үй шығынын азайтады. Икемді жұмыс жүйесін енгізу арқылы студенттерге оқу үдерісіне сәйкес келетін жұмыс орындарын ұсынуы керек. Мысалы, кітапханашы, көмекші қызмет­кер немесе зертхана ассистенті сияқты лауазымдар. Мұндай тәжірибе Астана халықаралық университетінде бар. Студенттер ісі жөніндегі департаменттің маманы Белжан Нұрбекұлы: «Иә, біздің студенттер ісі жөніндегі департамент қазіргі таңда қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген үш студентті жұмыспен қамтып отырмыз. Бір жағынан, бұл студенттердің қаржылық мәселесін де шешеді. Сыртта жұмыс істегеннен гөрі, университет ішінде қызмет атқару әлдеқайда тиімдірек» деді ол.  Студенттердің стипендиясы олардың күнделікті қажеттілігін толық қамтамасыз етпейді. Бұл көптеген студентті қосымша жұмыс істеуге итермелейді, нәтижесінде, олардың білім сапасы төмендейді. Елдің болашағы білімді жастардың қолында екенін ескерсек, студенттерге лайықты деңгейде қаржылай қолдау көрсету – мемлекет үшін маңызды міндет. Бұл бағытта стипендия мөлшерін арттыру, әлеумет­тік қолдау шараларын күшейту және студенттердің қаржылық қиындықтарын шешуге арналған жаңа жүйелерді енгізу қажет. Еліміздің білім беру саясаты жастарды жан-жақты қолдау арқылы олардың толыққанды білім алуына жағдай жасауға бағытталуға тиіс. Бұл тек студенттердің ғана емес, жалпы қоғамның тұрақты дамуына оң әсерін тигізері анық.

 

Ерлан КИІКБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті