
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы қасиетті мекенде 1953 жылы Қансейіт, араға екі жыл салып Бексейіт, 1957 жылы Тоқсейіт атты үш ұл мен Әлима, Жәмила, Бағила, Балқия атты төрт қыз дүние есігін ашыпты. Перзенттерін Әбдез ақсақал мен Гүлперизат анамыз Құдайдан жалбарына жүріп сұрап алған екен. Бұлайша ой қорытуымызға мына әңгіме түрткі болды. Сондай-ақ үш ұлдың аттары да осы оқиғаның растығын дәлелдей түседі.
Көнекөз қариялардың айтуынша, жаугершілік заманда мың мұсылман Құдайға құлшылық жасап, намаз оқып отырған кезде жау шапса керек. Имамға ұйыған жамағат намаздарын бұзбастан жау қолынан қаза табады. Сондықтан ел-жұрт оларды Алла Тағала жолында қайтыс болды деп, ол жерді «Мың шейіт» атап кеткен екен. Кейін келе ол «Мыңсейіт» деген атауға ие болыпты. Сол жерді мұсылман қауым әлі күнге дейін әулиелі жер санап, қасиет тұтатын көрінеді. Тұла бойы тұңғыш перзенті шақалақ кезінде шетінеп кеткен соң, біраз уақыт бала көтере алмай жүрген Гүлперизат анамыз сол әулиелі жерге түнеп, Алладан бала тілеген екен. Тілегі қабыл болып, 7 перзентті болыпты.
Қансейіт Әбдезұлы – әдебиеттанушы, сыншы, қаламгер, ұстаз, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Білім беру ісінің үздігі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық Жамбыл атындағы және «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Шолохов атындағы Алтын медаль иегері. Төлеби ауданының құрметті азаматы. Бұл атақ-дәреженің барлығы – ғалым-ұстаздың табан ақы мен маңдай терінің өтеуі. Адал еңбегімен алған асулары мен бағындырған белестері, жеткен жетістіктері.
Қансейіт Әбдезұлы 1975 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетін, одан соң аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын да осы қара шаңырақтан бастайды. Мұнан кейін Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім беру басқармасының бөлім басшысы, Қыздар педагогикалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі, филология факультетінің деканы, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, өзі білім алған қара шаңырақтағы филология факультетінің екі рет деканы болып абыройлы қызмет атқарады.
Ғалым-ұстаз жоғары оқу орындарында дәріс бере жүріп, «60–80-жылдардағы қазақ прозасы және Тәкен Әлімқұлов шығармашылығы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл – ерекше атап өтуге тұратын ғылыми еңбек. Өйткені ғалым осы ерен еңбегінде қазақ әдебиетінің қоржынына олжа салған классик жазушы, біртуар дарын Тәкен Әлімқұловтың бүкіл сүбелі шығармаларын терең талдап, әдеби айналымға енгізді. Сөйтіп, қабырғалы қаламгердің есімін қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріптермен жазуға зор үлес қосты. Өзі де сол ерен еңбегі арқылы атақ-абыройға бөленді. Сонымен қатар өзінің ғалымдық дара қолтаңбасын байқатты.
Көрнекті сыншы-жазушысы Нұрдәулет Ақыш «Тәкентану тағылымы» атты еңбегінде: «Қансейіт Әбдезұлы тек қазақтың көркем прозасын әр қырынан талдап, тұщымды ойлар ұсынумен ғана шектеліп жүрген ғалым-сыншы емес. Оның қаламына әдебиеттанушы ғалымдар мен сыншылар жайында да толымды толғамдар, портреттік бедерлер оралып жатады. Мұның нақты мысалдары – Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғали, Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек туралы жазған шығармашылық портреттері. Қашанда тынымсыз ізденіс үстінен табылатын ғалым-сыншы бүгін өзінің шығармашылық бабында. Ұстаздық, қайраткерлік қызметтерін ықыласпен атқара жүріп, өзінің сүйікті тақырыбы, қазақ әдебиеті жайында парасатты пайымдауларға уақыт таба білуі де – сол еңбекқорлықтың, табандылықтың, көркемдікке деген іңкәрліктің нышаны екендігі сөзсіз», деп әріптесінің ғылыми еңбектері туралы парасатты пайым білдіреді. Бұл – біздің жоғарыда айтқан пікірімізді толықтыра түседі.
Қансейіт Әбдезұлы бұған қоса қазақ әдебиетінің тарихына арналған ондаған оқулық пен оқу құралын һәм монографиялар жазды. Сондай-ақ ол – «Кейіпкер және тартыс», «Т. Әлімқұлов және қазақ прозасы», «Т.Әлімқұлов және 60–80-жылдардағы қазақ әдебиеті», «Әдебиет және өнер», «Тәуелсіздік және қазақ әдебиеті», «Жазушы және заман шындығы», «Тарих және тағдыр», «Таным көкжиегі», «Ақиқаттың алдаспаны», «Алаш перзенті» сынды зерттеу мен сын мақалалар жинағының авторы. Бұл зерделі зерттеулердің бәрі – қазақ әдеби сынының қоржынына салынған қымбат қазына. Ал мұндай маңызы жойылмайтын құнды еңбектер үнемі оқырман назарында болатыны хақ.
Қансейіт аға – осы текті Әбдез әулетінің төлбасы. Өзінен кейінгі інісі Бексейіт Түлкиев – дүйім халық, мұқым елге танымал тұлға. Сурет және спорт өнерінің саңлағы. 1971 жылы Алматы қаласындағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүргенінде Мәскеуден келген профессорлар Бексейіттің талантын танып, жас дарын оқуын Мәскеу қаласындағы Строганов атындағы Жоғары көркемсурет институтында жалғастырады. Әлемдік деңгейдегі атақты ұстаздардан дәріс алады. Осы жоғары оқу орнын бітірісімен КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Ағасы Қансейіттің айтуынша, Бексейіттің аса талантты, ерекше дарынды болуына үш қайнар бұлақтан нәр алғаны ықпалын тигізіпті. Біріншісі – туған жердің топырағы, тұмса табиғаты, екіншісі – қазақтың ұлы суретшісі Тоқболат Тоғысбаев, үшіншісі – белгілі суретші Еркін Айтбаев. Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.
Бексейіт Түлкиев қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қазақ бейнелеу өнері мен спортының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Атап айтсақ, оның қылқаламынан туған «Көкпар», «Маусым. 1941 жыл», «Атамекен», «Толғаныс», «Әкемнің портреті», «Дала шежіресі», «Замандастар», «Кино түсіру алаңы», «Суретшінің түсі», «Әкемен қоштасу», «Иірім», «Н.Әбдіров», тағы басқа жүзге жуық картинасынан бастап, кезінде Президент резиденциясының қабырғасына ілінген «Ұлы көш» полотносы – қазақ бейнелеу өнерінің қоржынына салынған үлкен олжа. Сол кезде жүз мың данамен шыққан бұл туындыда 90-ға жуық тарихи тұлғаның бет-бейнесі бедерленген. Ол тарихи тұлғалар арасында қазақ халқының көсемдері мен шешендері, батырлары мен билері, алыптары мен арыстары, ақиық ақындары мен қабырғалы қаламгерлері, өнер майталмандары мен спорт саңлақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Осы ерен еңбектері дер кезінде бағаланып, 1988 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды.
1977 жылдан бастап қылқалам шеберлерінің республикалық және халықаралық көрмелеріне қатысып, жүлделі орындарды еншіледі. Оның туындылары осы күнге дейін облыстық, республикалық һәм шетелдік мұражайлар төрінде тұр. Осы орайда қазақтың қабырғалы қаламгері, халықаралық Абай клубының президенті Роллан Сейсенбаев 1995 жылы Лондон қаласында Абай үйін ашқанда, сол салтанатты шара шеңберінде Бексейіт Түлкиевтің де көрмесін өткізіп бергенін айта кеткеніміз абзал.
Спорт саласында алған асулары мен бағындырған белестері айтарлықтай. Мәскеуде оқып жүрген кезінде шындап ден қойыпты. «Адам кірпіш сияқты. Күйген сайын қатая түседі» деп Бернард Шоу айтпақшы, алғашқыда каратэмен, сосын гимнастикамен, кейін Корейдің таэквондо, Қытайдың у-шу гимнастикасымен бар ынта-ықыласын сала айналысып, спорттың қыр-сырын терең меңгереді. Тіпті кезінде Михаил Крючков есімді ұстазы екеуі КОКП бас хатшысы Л.И.Брежневтің күзетшілері мен оққағарларын каратэ өнеріне баулыпты. Кейін ұстазы дипломатиялық қызметпен шетелге кеткен кезде, бапкерлікті өзі атқарған екен. Бұл – оның каратэден Мәскеуде өткен чемпионатында күміс жүлдені иеленген кезі болса керек.
1991 жылы аты алты құрлыққа мәшһүр атпал азамат, қара белбеудің 7-дан иегері Мұстафа Өзтүріктің мұрындық болуымен Қазақ елінде тұңғыш рет Таэквондо федерациясы құрылды. Бексейіт Түлкиев Таэквондо федерациясының тұңғыш президенттігіне бірауыздан сайланып, сол ұйымды 7 жыл абыроймен басқарды. Мұстафа Өзтүріктің ұйғарымымен таэквондодан қара белбеудің 6-дан иегері атанады. 1993 жылы Америкада таэквондодан әлем біріншілігі өтеді. Сол жарысқа Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев Қазақстан Таэквондо құрама командасын бастап барып, Қазақ елінің атын шығарды. Мұнан кейін Италия, Испания, Жапония, Корея, Мысыр, Түркия, Малайзия, Аустралия, Филиппин, Колорадо, Гонконг, тағы басқа елдерде өткен әлем біріншіліктеріне қатысып, атой салады. Мұның бәрі қаншама уақыт пен күш-қуатты, маңдай тер мен табан ақыны, қала берді қаржы-қаражатты қажет ететіні әмбеге аян. Бір шүкіршілік етеріміз, Қасқасудағы өзі оқыған оқу ордасына Бексейіт Түлкиев есімі берілді. Сондай-ақ Жамбыл облысына қарасты Бауыржан Момышұлы ауылындағы, Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір спорт мектебі Бексейіт Түлкиев есімімен аталады. Қазақ барда Бексейіт Түлкиевтің аты өшпек емес.
Қанағаңның кіші інісі Тоқсейіт Әбдезұлы – өмір-бақи ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген һәм өз ағасы Бексейіт Түлкиев атындағы мектепті басқарған білімді де білікті азамат еді. Өкінішке қарай, былтыр дүниеден озды. Ал бақиға ертерек аттанған Жәмиладан басқа қарындастарының бәрі салиқалы перзент тәрбиелеп, өз кәсіптерін дөңгелетіп, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Мұның бәрі – жоғарыда айтқан текті әулет туралы айтқан сөзіміздің дәлелі.
Қасиетті Қасқасуда «Әбдездің бауы» деген көк желекке оранған бау-бақша бар. Жергілікті тұрғындардың барлығы жыл он екі ай сол бақты саялап серуен құрады, демалады. Сол бақтағы ағаштардың бәрін еккен де, аялап күткен де Әбдез ақсақал болатын.
Адамзат баласының тірі кезінде жасаған үш амалы дүниеден озғаннан кейін де артынан үздіксіз сауап жолдап тұрады екен. Біріншісі – мешіт салу, я болмаса оқу ордасының ашылуына септігін тигізу, ағаш егу, құдық қазу, көпір немесе жол салу. Екіншісі – адамзат баласы пайдалана алатын ілім мен кітап, ұрпақтары мен шәкірттерге берген тәлім-тәрбиесі һәм ақыл-өсиеті. Үшіншісі: артынан дұға жасайтын салиқалы перзенттері. Осы қағидаға сүйенсек, Әбдез ақсақалдың үздіксіз барып тұратын амалдары бар. Олар – өзі еккен бау-бақшасы мен салиқалы ұрпақтары. Бәлкім, ұрпақтарының ұлт мақтандарына айналғаны сол амалдарының шарапаты шығар. Лайым, солай болғай!
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері