
Сурет: science-zakaz.ru/
Еліміздің ғылыми қауымдастығы жоғары деңгейдегі халықаралық ғылыми базаларда («Scopus», «Web of Science») жарияланымдардың болуын талап етеді. Ал бұл оңай шаруа емес. Өкінішке қарай, көптеген жас ғалым мен докторант халықаралық ғылыми талапқа сай мақала жаза алмайды, дағды-тәжірибелері жетіспейді.
Мәселен, «Erasmus+» бағдарламасының жүргізген сауалнамасына сүйенсек, докторанттарға «Scopus», «Web of Science» сияқты ресурстар қолжетімсіз. Сауалнамаға қатысқан 471 докторанттың 38 пайызы осылай жауап берген. Бұл дегеніміз – білім алушыларға халықаралық беделді журналдардағы мақалалармен танысуға мүмкіндік жоқ. «Scopus» және «Web of Science» базаларында индекстелген журналдарға мақалалар жариялауға осы журналдардағы зерттеулерді зерделеп, жоғары беделді және әлемдік ғылыми қоғамдастықта кеңінен танылған журналдар рейтингісін қадағалап отыруға жағдай жасалуы керек.
Ал докторанттардың пікірінше, университеттерде «Scopus» және «Web of Science» базаларында индекстелген журналдарға мақалалар жазу бойынша жұмыс толық жүргізілмейді. Яғни докторант мақаланы қалай жазу, қайда жариялау, қалай бастау керектігін білмейді. Сонымен қатар ғылыми жетекші тарапынан да қолдау аз. Таңдаған тақырып бойынша жетекші табу да қиын, жеткіліксіз. Әсіресе өз саласында халықаралық деңгейде танылған мамандар санаулы. Сондықтан докторанттарға қажетті қолдау мен кеңес алу, әсіресе халықаралық ғылыми базаларда мақала жариялау қиындық туғызады.
Халықаралық ғылыми журналдарда мақала шығару талаптары өте жоғары және олардың көпшілігі қатаң рецензиялау үдерісінен өтеді. АҚШ және Еуропа елдеріндегі беделді жоғары оқу орындарында жағдай басқаша. Олар докторантты оқуға қабылдамас бұрын оның тақырыбын және жетекшісін алдын ала арнайы сұрыптаудан өткізеді. Болашақ білім алушының тақырыбы, қоғамға пайдасы жіті тексеріліп, соған сай келетін жетекші таңдалады. Барлық беделді ғылыми журналдарға қолжетімді кітапхана 7/24 режімінде жұмыс істейді. Жыл бойы онлайн семинарлар, тренингтер үздіксіз өткізіліп тұрады. Онда плагиат, ғылыми журналдарға мақала жазу ақпараты жүйелі беріледі. Ал ғылыми жетекшінің қолдауы, қамқорлығы бір төбе.
АҚШ және Ұлыбританиядағы PhD бағдарламаларында ғылыми жетекшілер докторанттарға зерттеу тақырыптарын анықтаудан бастап, ғылыми мақала жариялау, қаржыландыру және басқа да академиялық мәселелерде көмектеседі. Олар PhD студенттерінің ғылыми карьерасына оң әсерін тигізеді, яғни мақалалардың сапасы мен санына да ықпал етеді. Аталған елдердегі PhD білім алушыларының 50 пайызы зерттеу гранттары мен қаржыландыру мәселелері бойынша жетекшісінен кеңес алғанын мәлімдеген. Кейбір журналдарда, әсіресе ашық қолжетімді (open access) журналдарда мақала жариялау көбіне ақылы. Жетекші қаржыландыру сұрақтарын шешуге көмектесе алады, мысалы, гранттар мен бюджеттік мәселелер бойынша кеңес береді.
2023 жылдың есебі бойынша елімізде 1500-ден астам докторанттың тек 38 пайызы ғана диссертация қорғаған. Ал олардың тек жартысы ғана ғылыммен айналысады. Бұл, әрине, өте төмен көрсеткіш. Ғылым докторларын даярлауға жеткілікті қаражат бөлінетінін ескерсек, ғылымды дамытуға бөлінген бұл қаржы тиімді игерілмей жатыр деген сөз. 2011 жылдан 2022 жылға дейін PhD докторантурасында 10 276 адам білім алса, қорғағандарының саны – 4 497. Бұл докторантурада білім алғандардың 44 пайызын құрайды. Ал мақалалар санына келетін болсақ, жыл сайын азаю үдерісі байқалады. 2018 жылы 4 323 мақала жарияланса, 2022 жылы 3 853-і ғана жарық көрген.
Сонымен қатар 2018 жылдан 2022 жылға дейін «көзоба журналдарда» жарияланған 2644 мақала жарамсыз деп танылған. Мұндай ғылыми басылымдар әдетте мақалалар жариялауды уәде етеді, бірақ олар ғылыми сапаға немесе этикалық стандарттарға сай келмейді. Мұндай журналдар авторлардан ақы алады, бірақ іс жүзінде ғылыми бағалау немесе рецензиялау үдерісі жүргізілмейді немесе ол тек формальды түрде ғана жүзеге асырылады. Осылайша, авторлар үлкен қаржылық шығынға ұшырайды, бірақ олардың жұмыстарын ешкім толық бағалап, тексермейді. Бұл журналдардың мақсаты – ғылымды дамытуға нақты үлес қосу емес, тек қана пайда табу.
Мұндай мәселелерді болдырмау үшін елімізде ғылыми зерттеу мәдениетін дамытып, докторанттарды қолдау бағдарламаларын кеңейту қажет. Әр жоғары оқу орны немесе зерттеу институты жанынан «Scopus» және «Web of Science» халықаралық ғылыми базаларда мақалалар жариялауға қолдау көрсететін академиялық орталық ашылғаны жөн. Бұл докторант мақалаларының сапалы халықаралық журналдарда шығуына мұрындық болары сөзсіз. Сондай-ақ PhD жетекшілерінің жауапкершілігін арттырып, докторанттардың уақытында мақала жазуын қамтамасыз ететін міндеттер қойған тиімді. Бұған қоса халықаралық деңгейде танылған ғылыми журналдармен ынтымақтастықты кеңейту маңызды.
Досым БАЙДРАХМАНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент