Университет • 21 Қаңтар, 2025

Жасампаздық жолымен

213 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекеттің мерейі тасып, беделі биікте тұруы үшін экономикамыздың еңселі болуы жеткіліксіз. Қарыштап қадам басып бара жатқан қазіргі жаһандану жағдайында ұлтымыздың ұпайын түгендейтін түрлі сала бар. Спорт, мәде­ниет, денсаулық сақтау салаларымен сабақтасып, сал­мақты тұлға, саналы ұрпақ тәрбиелеуде сапалы білімнің орны айрықша.

Жасампаздық жолымен

Егемендік алып, еңсемізді тіктеген осы уақыт ара­лығында елімізде ұлттық мәртебеге ие жоғары білім беретін оқу ордалары, мемлекеттік мек­тептер, ұлттық лицейлер, же­ке­меншік білім ошақтары өз жұ­мы­сын бастады. Бастап қана қой­май, еліміздің дамуы­на даңғыл жол, қазақ жас­тарына қажетті білім беріп отыр. Осы орайда жоғары оқу орындары туралы сөз болса шұғылалы Шығыстың шыра­йын кіргізіп, тарыдай шәкірт­тен талғамы таудай тұлға тәр­биелеп келе жатқан Шәкә­рім­ атындағы универси­тетті айтпай кету мүмкін емес. Өткен жылы желтоқсан айының аяғын­да атал­ған универ­ситеттің ректоры Думан Орынбеков ректор болып сай­ланған бір жыл көлемінде атқарған жұмысының есе­бін берген еді. Өзім білім алған қара шаңы­рақ­тың тыныс-тіршілігіне бей­жай қара­май­тын­дықтан, басшының есебін арнайы барып тыңдадым.

1934 жылы Семей педаго­гика­лық институты болып ірге­тасы қаланған ордалы оқу орны 90 жылдың тұғырына қон­ды. Педа­гогикалық, зоотех­ни­ка­­лық-мал­дәрігерлік, қар­жы-эко­но­микалық және техно­ло­гия­лық институттарының бірі­гуі­мен құрылған бұл білім ордасы мемлекет мүддесіне қызмет жасап жүрген талай түлектің қана­­тын қатайтты. Ұлттың ұйыт­қысы болған ұлағатты жандар­ды тәр­биелеп шығарды десек те артық емес. Қазақтың ой дария­сы, сөз кеніші Шәкәрім Құдай­бер­ді­ұлы­ның есімін иеленген киелі орда келе­шекке кемел біліммен сенім­ді қа­дам жасап келеді. Бүгінде бас кө­те­рер ерлердің басын қосқан баға­­налы орданың құлашын кеңге сер­­меп келе жатқаны біз үшін зор мәр­те­бе.

Есеп беру барысында оқу ордасының басқарма төрағасы-ректор Думан Рымғалиұлы уни­верситет стратегиясында­ бе­кі­тілген 5 негізгі бағытқа тоқ­талып егжей-тегжей талдап берген болатын. «Оның біріншісі, Бәсекеге қабілетті кадр­­лар­ды сапалы даярлауды қам­тама­сыз ету. Профессор-оқы­­­ту­шы­лар құрамының жалпы саны – 353 адам. Жастар (34 жасқа дейінгілерді қоса алғанда) – 89.

Жастардың жалпы профес­сор-оқытушылар құрам­дағы пайыздық үлесі – 25%. Бұл көр­сеткіштер – бәріміз үшін дабыл! Мен университеттің негізін құрайтын оқытушыларға, яғни 75%-ға жүгінемін. Сіздердің білімдеріңіз бен дағдыларыңыз жаңа буынды қалыптастырудың іргетасы болуы керек. Бізде үлкен әлеует бар, оны дәл қазір жүзеге асыруымыз қажет. Осы мәселені негізге ала отырып, 2025 жылға арналған үш негізгі міндетті жариялаймын: бірінші – жаңа ғылыми элита қалыптастыру. Инновациялық Жастар ғылыми орталығын құру арқылы әрбір жас ғалым қаржыландыруға, зертханаларға және халықара­лық сараптамаға қол жеткізе ала­ды. Биыл бізге цифрландыру, биоэкология, агротехнология,­ инженерлік инновация­­лар саласында 15 ғылыми стартап­ты іске қосу қажет. Екінші – кадр­ларды жаңарту және интегра­циялау. Жас оқытушылар үшін қолдау бағдарламаларын енгі­зу, жеке даму траектория­сын әзірлеу: ғылыми жарияла­ным­дар, гранттарға қатысу, халық­аралық тағылымдамалар. Еліміз­де және оның шегінен тыс жерлерде кадрларды ауқымды іздес­тіру. Осы жылы кемінде 20 жо­ғары білікті жас ғалымды тарту. Үшінші міндет – әлеуметтік және қаржылық ынталандыру. Жас профессор-оқытушылар құрам үшін арнайы гранттар мен сыйақылар енгізу. Ең үздік зерттеушілер мен оқытушылар жобаларды қаржыландыруда және жалақыға үстемеақы алуда басымдыққа ие болады. Тұрғын үй мәселесін шешу: қызметтік пәтерлер мен жатақханалар беру бағдарламасын іске асыру. Жас маман өмір сүру үшін емес, табысқа жету және инновациялар туралы ойлауы керек. Shakarim University жаңа дәуірдің шегінде тұр. Әрекет дәуірі. Жастар дәуірі. Жастарға басымдық беру – бұл аман қалу және көшбасшылық стратегия­сы. Міндет айқын. Мақсаттар қойылған. Нәтиже міндетті түрде болады», деді ректор.

«Шабам деген жігітке ат бере­тін, жанам деген жүрекке от бере­тін» ұжымнан жалынды жас маман, ұлтжанды ұстаз шығатыны шүбәсіз. Қолына дип­ломын алып, үміт пен күдік, қорқу мен қобалжу күйін кешіп келген жастарды қолтығынан демеп, қолдау білдіруді қолға алып отырған басшылықтың бағыты басқаларға үлгі. Университет­тің­ Халықаралық рейтингтердегі жетістіктеріне тоқталып өтсек. «QS Asia University Rankings» 2025 жыл нәтижесінде университет көрсеткіштері 100 позицияға жақсарған. Азия елдерінің ең үздік университеттерінің 501-520 топтарына кірген. Рейтингке 25 Азия елінен 984 университет қатысты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 142-ге позицияға жоғары. Ал «UI GreenMetric World University Ranking» бойын­ша әлемдегі ең экологиялық оқу орындары рейтингінде Шәкәрім университеті 662-орынға ие бо­лып отыр. Қазақстан университет­тері арасында 8-орын. Универси­тет Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге әрқашан үлкен көңіл бөледі. «QS Sustainability Rankings» нәтижесінде алғаш рет беделді «QS» тұрақтылық рейтингтеріне енді. Бұл жерде университет «Қоршаған ортаны зерттеу» және «Денсаулық және әл-ауқат» бағыттары бойынша бірінші орын, әлеуметтік әсер бойынша үшінші, экологиялық әсер бойынша жетінші, әлемдік деңгейдегі университет басқару көрсеткіші бойынша 416-орын. 7 жылға институционалдық ак­­кре­­­­­ди­тация алынды. 76 білім беру бағ­дарламасы аккредиттелді. Айта берсек көрсеткіштер көп, жетістіктер жетерлік. Бұл жерде ерекше мән беретін дүние Университет ұжымы тек Қазақ­станның ішінде ғана емес, елдің даңқын өзге мемлекеттерде де ­танытып жүр.

Университет басшылығының жолға қойған тағы бір міндеті ғылымды қаржыландыру мәселесі. «Қазіргі таңда университетте жалпы сомасы 4,9 млрд теңгені құрайтын 52 жоба жүзеге асады. Соның арқасында ғылыммен айналысып отырған PhD, жас оқытушылардың жалақылары 1,1 млн-нан – 2,5 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Жобалардағы докторанттардың жалақысы – 300 мыңнан 700 мыңға дейін, ал магистранттардікі 150 мың­нан – 400 мыңға дейінгі соманы құ­рай­ды. Соңғы жылы ғылыми құрал жабдықты сатып алуға жұм­­­салған сома 5 еседен аса артып 560 миллион теңгені құрады. Қар­­жы­ландырылатын ғылыми зерт­теу жұмыстары шең­берінде ұлт­тық өнім – құрт өндіру бо­йын­ша, ет жартылай фабрикаттар­ды өндіру бойынша цехтар, микро­био­логиялық және ПЦР лабораториялары ашылды. Вете­ри­нария-санитарлық сараптама зерт­ха­насының аккредитациясы аяқ­та­луға жақындады», деді ректор.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталған оқу ордасы халықаралық ынтымақтастық мәселелерге терең мән беріп, жас мамандардың жан-жақты, студенттердің білім көкжиегі кең болуы үшін әртүрлі әріптестік әрекеттер жасауда. Оған дәлел, биыл университетте алғаш рет жүзеге асырылып жатқан коммерциализация жобасы шең­берінде «MetPro инжи­ниринг компаниясы» ЖШС құ­рылды. Сонымен қатар Қытай Халық Рес­публикасының «ХЭТУ» компания­сы 15 млн көлемінде машина жасау саласын дамытуға инвес­ти­ция жасаған. Екі иницативті жоба Қытай Солтүстік-Батыс ауыл және орманшаруашылық уни­вер­ситетімен жүзеге асырылып жатыр.

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің даму бағытына сәйкес әрбір өңірде шетелдік университеттік филиалы болуы маңызды. Соған сәйкес, біздің университетте Польшадағы Быд­гощ университетінің филиалы ашылды. Ол екінші жыл қата­рынан жұмыс атқарып, биыл Спорт және рекреация білім беру бағдарламасы бойынша 30 гранттық орын министрлік тарапынан университетімізге бөлінді. Ол орындар толықтай меңгерілді», деді Д.Рымғалиұлы.

Айта кететін тағы бір жайт, ұзақ уақыт консервацияда болған «Юность» асханасы, Сoworking «ЖасStar», спорт кешені, инжиниринг орталығы, АгроБиостанса, «Ескі бекініс» оқу базасы сияқты нысан­дардың пайдалануға берілуі ұжым үшін де, студенттер үшін де қуа­нышқа толы сәулелі сәттердің бірі болды.

«Бұл жер – өзгерістер мен жаңғырулар рәмізі. Мұнда ескі кезеңнің парағы жабылды. Осы жерден жаңа дәуірдің қадам­дары басталады. Біз жаңашыл­дық­ты қабылдап, алға жылжуға дайын­быз. Дәл осы орынды өзгерт­кеніміздей, әрқайсымыз өз ойы­мызды, көзқарасымызды, жұмы­сы­мызды өзгертуіміз керек. Біз өзі­­мізді жаңа, өзекті, сұранысқа ие бағытқа бейімдеуді үйренуі­міз қажет. Басқа жол жоқ. Уақыт талабы қатаң. Уақыт өзгерді. Ол жедел шешімдер, нақты әрекеттер және жоғары жауапкершілікті талап ете­ді. Әрекетсіздік – артта қалудың белгісі. Бүгіннен бастап, өзгеріс­тер өзімізден басталуы керек. Бүгін созылуға орын жоқ. Реніш­тер­ге, түсініспеушіліктерге, астыртын әрекеттерге жол жоқ. Тек конструктивті диалог, ымыраға келуге дайындық және ашық пікірталас бар. Бүгін біз шешуіміз керек: біз өзгерістер жолында бір-бірін қолдай отырып, алға ұмтылған команда боламыз ба, жоқ па. Мен әрқашан диалогке дайынмын. Бірақ ол тек жұмыс істеуге, өзгеруге дайын адамдармен ғана болады. Бүгінгі күн шешімді, батыл қадамдарды талап етеді. Уақытты жоғалтпайық! 2024 жыл Shakarim University жылы ретінде есте қалды. 2025 жыл «Shakarim University: Жас ғалымдар, студенттер, серпінді тех­нологиялар мен инновациялар жылы» деп жарияланады. Бұл жыл — әр қадам алға ұмтылыс, әр тапсырма — біз еңсеруге тиісті сын-тегеурін болады!», деді Думан Орынбеков.

Қорыта айтқанда, ұлттың жоғын ұжым болып ойлайтын Шәкәрім шаңырағы жасампаз­дық жолынан жаңылған емес. Ұлы мұхитқа тамған ұсақ тамшы сияқты жыл сайын жалынды жастар мен білікті мамандарды шығарып, елдің экономикалық һәм әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді. Тоқсанның тұғырына қонған ордалы оқу ошағының аты асқақтай берсін.

 

Әсем Ереже,

айтыс ақыны, аудармашы