Руханият • 21 Қаңтар, 2025

Сөздік түзген санаткер

101 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тіл білімінің тарландары – академиктер Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбай, Өмірзақ Айтбайұлы қазақ тіл білі­мінің дамуына, оның түркі әлеміне танылуына қомақты үлес қос­қанын көзі қарақты көпшілік жақсы біледі. Міне, осынау үлкен тұлға­лар­мен іліктес көрнекті тілші-ғалымның бірі – Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы.

Сөздік түзген санаткер

Ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жоғарыда аты аталған академиктермен отыз жылға жуық иық тіресе еңбек етіп, «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін» құрастыруға бастан-аяқ қатысқан сөздікті түзушілердің бірі. Байекеңді тілші-ғалымдар ғана емес, оны қол­данушылар кеңінен таныды десек, дәл айтқан боламыз. Ғалым бір өзі 75 бас­па табақ сөздік жасап әрі он томның сегіз томына жауапты редактор болып, басқалардың жасаған сөздіктерінің қол­жаз­баларын редакция­лап шыққан. Про­фессор Байынқол Қалиұлының қа­зақ тіл білімінің лексика, лексико­гра­­фия, фонетика, терминология, этно­­­­лингвистика, тіл мәдениеті, аударма салалары бойын­ша жариялаған 500-ден астам ғы­лыми зерттеу еңбегі, оның ішінде он­нан астам монография, оншақты оқу­лық, оқу-әдістемелік құ­рал, 30-ға жуық сөздіктердің бір­неше түрі туған халқының кәдесіне жарап келе жат­қа­нын екпін түсіре айт­қанымыз абзал.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясына­ мемлекеттік мәртебе беріп, оның академиктеріне президенттік стипендия тағайындап, еліміздің ғылымын дамыту бойынша ғалымдарға үлкен міндеттер жүктеген тұста, біз бір топ тілші-ғалыммен сұхбаттасқан­быз. Профессор Байынқол Қалиұлы­мен де ол зерделеген қазақ тіл білімі саласындағы лексикология және лек­­сикографияның жай-күйі тура­­лы емін-еркін әңгімелесудің сәті түскен. Сөздіктерді жасау жұмысын­да лексикография теориясының маңызы айрықша екені бесенеден белгілі. Әңгімеміздің әлқиссасын 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» қамтылмаған сөздер­дің сырын білуден бастадық.

«Қазақ тілінің он томдық түсін­дірме сөздігін» жасауға қатыс­қа­нын, күн-түн демей, мемлекеттік ма­ңызы мол мәселеге бар күш-жіге­рін сарп еткенін, нәтижесінде, еткен еңбек еленіп, Мемлекеттік сый­лық берілгенін сөз еткен ғалым, әр­түрлі сөздіктер жасау барысында бас­тан өткізген қызықтары мен қиын­дықтарын тілге тиек етті. Қазақ тілінің сөз­дік қорын байытатын барлық сөзді түгел қамтысақ деген ой сол кезде қылаң бергенін еске алды.

15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөз­дігі» толық жарық көргеннен соң, бұл еңбекке енбей қалған сөздер сөздігін жасау­ға кіріскенінен хабардар болдық.

Ұстазым, биыл ғасырлық тойы мем­лекеттік деңгейде мерекеленетін ака­демик Шора Сарыбай «Сөздікшіге ең бірінші керек нәрсе – санаткер­лік ой, жүйелілік, реттілік, жанкешті­лік, шы­дам­­дылық, ыждағаттылық, ұқып­­ты­лық, аңғарымпаздық, сабыр­лы­­лық, қа­­жыр­­лық қасиеттер» деп отыра­тын.

Академик айтқан барлық қасиет өн бойынан табылатын Байынқол Қалиұлының 2014 жылы «Қазақ тілі­нің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) жарық көргенін жалпы жұртшылық жақсы біледі. Автор­дың өз сөзімен айтсақ: «Көлемі – 59,1 бас­па табақ. Онда 15 томдықта жоқ, оған енбей қалған 10 690 атау сөз ­бен 2 645 тұрақты тіркес – барлығы ­13 335 тілдік бірлік қамтылған».

«Сүйікті іс сүйкімді келеді» дегендей, осынау қыруар еңбекті жазу үшін ғалымның көз майын тауысып, мыңдаған кітапқа үңіліп, есебі өлшеусіз шаң басқан бұқаралық ақпарат құралдарын ақтарғанын бағамдай беруге әбден болады.

Реті келгенде, жарық көрген сөз­дік­терді ғалым жалғыз өзі жазып шық­қанын айтуымыз керек. Шынтуайтына келгенде, жанкешті ғалымның бірегей еңбегін мемлекеттік қаржы көздері­нен қар­жы­ландыруды жауапты орындар қарастыруы керек-ақ еді ғой. Дегенмен «Үмітсіз – шайтан» деген сөз бар емес пе? Қазақ тілінің сөздік қоры түгел жиналып бітті деуге әлі ерте­рек еке­нін ескерсек, алдағы уақытта жарық көрер сөздіктерге қаржы қарас­тыруды Үкімет қаперіне алады деген үміт ­басым.

Сұхбаттасып отырып, ғалым­ның туған тілін ұлықтауға деген мақсатты бәрінен жоғары қоятынын аңғар­дық. «Еткен еңбегімді бұлдамай­мын, ол үшін мемлекеттен марапат та күтпеймін, бір тиын алмасам да, сүйікті ісім сөздік түзуді одан әрі жал­ғас­тыра беремін. Мақ­сатым – қазақ тіліне қызмет қылу» деген еді профессор Байынқол Қалиұлы.

«Лексикография – қолданбалы тіл білімінің өз алдына бөлек, жетек­ші саласы. Ол сөздік жасаудың теориясы мен тәжірибесімен айналы­сады, олардың ғылыми ұста­ным­дарын (қағидаттарын) жасайды. Лексикография ұлт тілінің лекси­ка­лық байлығын жинастыру, оларды ретке келтіріп, жүйеге түсіру ісі­мен шұғылданатындықтан, ол жалпы­халықтық тілді байытады, әдеби тіл­дің нормасын қалыптастырады, тіл мәде­ниетін арттырады», деп өзі берген анық­­тамасындағы тұжырымдардың шын мәнінде іске асуына ғалым­ның шә­­кірт­­тері мен лексикограф-ғалым­дар ат­са­лыса беретініне сенгіміз келеді.

Ғалым дайындаған сөздіктің аннотациясында:

«Қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігінде» жоқ 10 690 сөз бен 2 645 сөз тіркесі – барлығы 13 335 тілдік бірлік жинақталып, олар­дың әрқайсысына анықтама берілді және мысалдар келтірілді. Бұл тілдік бірліктердің барлығы әдеби тіліміздің қорына қосылған байлық деп есептеуге болады. Яғни 15 томдықтағы қазақ тілінің сөз байлығы осынша тілдік бірлікке көбейді деген сөз», деп көрсетілгені оқырмандардың есінде болар. Олай болса, қазақ тілінің сөздік қорын толықтыруда ғалымның қосқан қомақты үлесін айтып жатудың өзі артық шығар.

Профессор Байынқол Қалиұлы­ның сөздіктері әлі талай ұрпақтың кәдесіне жарайтыны сөзсіз. Өйткені қажетті сөздік кітап сөресінде шаң басып жатпайды.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры,
академик