Егемен Қазақстан • 15 Қаңтар, 2025

«Хат қоржын»

43 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өлшеулі өмір, өлшеусіз байлық

Тойғанын білмейтін тоғышар құс жемтігін таңдамай жұтады, салдарынан жемсауында қорытылмаған қалдықтар жиналады, оны олар құсып тастайды. Бұл – табиғаттың заңы. Ал тойымсыз жемқор жеке басының, отбасының тіршілігіне қажеттісінен артық жұтқандарын қайда жібереді? Заң орындары мәжбүрлеп құстырмаса, іштегі артық зат оның бір жерінен, ерте ме, кеш пе, бәрі бір тесіп шығады. Солай дегенмен де, түйені түгімен жұтып отырғандардың саны да, зиянды үлесі де азаятын емес, олармен күресу де оңай болмай тұр.

«Хат қоржын»

 

Бір қарағанда, жемқордың күні құрысын дегендейсің. Өйткені жегенім желкемнен шыға ма деп қорыққандықтан, жанын қоярға жер таппай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Заңсыз жолмен тапқан ақшасын қолданыстағы заңнамалар аясында ашық игерудің жолын іздеп әбігерге түседі. Осының салдарынан бойын уайым, үрей билеп, денсаулығы нашарлайды, жүйкесі сыр беріп, жаны күйзеліске ұшырайды. Оның үстіне, кешегі атам қазақ айтып кеткен «Көп асқанға – бір тосқан» тәмсілін де жемқор қауымның қаперіне алмай жүргені өкінішті, әрине.

Десек те, өлшеулі өмірдің өлшеулі байлығы болғаны да дұрыс: қоғамның даму, кеңею, көбею, биіктеу заңдылықтары бұдан кеміп қалмайды.

«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дегенді де ата-бабаларымыз тектен-тек айтпаса керек. Ал бірақ байлықтың адалдық пен әділдік қағидаларымен анықталатын өзара арасалмағын, яғни қажетті өлшем деңгейін заңмен белгілеудің қисыны келетін сияқты. Мәселен, мемлекеттік басқару жүйесінде де кедей мен байдың орташа әл-ауқатын, ең төменгі орташа жалақы мен ең жоғары орташа жалақыны салыстырып, адал еңбектің әділ нормаларын белгілеудің де ретін келтірген жөн секілді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: жемқор қаншалықты айласын асырып, өзгенің несібесіне қиянат жасау арқылы оңай олжаға кенеліп, пендешілікпен мансабын да түгендеп, байлықтың өлшеусіз шегіне жан-тәнімен ұмтылса да нәтижесі біреу ғана – өмір оның өлшеулі нүктесін қояды.

Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

мемлекеттік қызметкер

АСТАНА

 

 

Ауа райымен есептес, ағайын!

Қыс мезгілі – жолаушылар мен жоқ іздеушілер үшін аса қауіпті кезең. Жоқ малын іздеймін деп боранда адасқан, синоптиктердің ескертуіне қарамай жолға шығып кетіп, өзі мен жақындарының өмірін қатерге тіккен қанша адам құтқарушылардың көмегімен аман-есен отбасыларына оралса, дер кезіндегі көмекке қолдары жетпей, жазым болып жататындар да аз емес.

Иә, қыс мезгілінде кім-кімге де аса абай болу керек-ақ. Өкінішке қарай, осыны ескермейтін пенделер қай жерде де жетіп артылады. Биылғы желтоқсан мен қаңтар әдетте сарышұнақ аязы бет қаратпайтын солтүстік және шығыс өңірлерінің өзінде әзірше «жуас мінез» танытып тұр. Бірақ бұл көктем шыққанша осындай ауа райы сақталады дегенді білдірмесе керек. Сондықтан бір шоқып, екі қараған артық емес.

Есесіне осыдан шамалы уақыт бұрын кең байтақ еліміздің батыстағы бір-екі облысын қоспағанда, қай бұрышында да үлкенді-кішілі жолдар көлік түгілі жаяу адам жүре алмайтындай көктайғақ болғаны белгілі. Әлеуметтік желіден тіпті ең оңтүстіктегі Жетісайдан – ақпан айында-ақ диқандар көктемгі дала жұмыстарына бел шеше кірісетін өңірден – Шымкентке қарай шығатын жолдың көк мұзға айналғанын көріп, таңғалғанымыз да рас. Бұл жайт кім-кімге де сақтансаң – сақтаймын деген қағидатты ұстануды меңзейді.

«Сақтансаң – сақтаймын» демекші, 3 қаңтар күнгі Щучинск – Астана тасжолындағы 100-ге жуық көліктің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғасы көпшіліктің жағасын ұстатқаны сөзсіз. Міне, сол оқиға, әсіресе, жеңіл көлік иелеріне бұдан былай дәл осындай жеңілтек қадамға бармаңдар, бара қалған жағдайда соңы немен аяқталатынын көрдіңдер ғой деп, ескерту жасап тұрғандай әсер береді.

Ал бұл арада жолдың ашылғанын күткен сан жүздеген көлікті топтап-топтап жібермей, күннің бұрқасындатып тұрғанына қарамастан, лақ еткізіп бірден жібере салған тәртіп сақшылары мен жылдамдығын шектен шығара асырып, сұрапыл жол-көлік оқиғасына себепші болған желөкпе жүргізушіге кінә артсақ, ешкім де мұныңыз жөнсіз дей қоймас деп үміттенеміз.

 

Ислам ЕЛТОҚОВ,

жұмысшы

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы

 

 

Болсайшы кәсіпкердің бәрі осындай

Түлкібас ауданының орталығы – Тұрар Рысқұлов ауылында Нұржан Байменов деген жеке кәсіпкер тұрады. Жастайынан кәсіпкерліктің алуан түрімен айналысқан ол қажет болған жағдайда жерлестеріне жәрдемдесе жүруді де ұмытқан емес. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдағы көмекке мұқтаж, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 60 отбасының үй-жайларына табиғи газ кіргізіп беріп, олардың шексіз ризашылығына бөленген еді. Ал 2017 жылы Т.Рысқұлов елді мекеніндегі қырат беткейден ойпаңға түсетін, ара қашықтығы жетпіс метрдей болатын жерге адамдар шығып, түсетін баспалдақ (тепкішек) жол салып, көпшіліктің алғысын алған болатын. Түсіп-мінуге ыңғайлы болу үшін баспалдақтың екі жағынан әдемі жақтаушалар бекітілгенін де айта кеткен орынды.

– Кеңестік кезеңде салынған ескі баспалдақ жол әбден тозғандықтан, жүргіншілерге едәуір қиындық туғызатын. Талай адам құлап, жарақат алып та жататын. Ал мынау бір оңды іс болды, – дейді Н.Байменовтің сыныптасы, білікті дәрігер-хирург Қуаныш Нұрлыбаев.

Нұржан Әбдінұрұлы өткен жылдың соңында тағы бір игілікті іс атқарды. Өйткені сол тепкішекке дейінгі жаяу жүргіншілер жүретін табанжолдың сапасыздығы көптен бері көңіліне қаяу түсіріп келген-тін. Сөйтіп, алдымен ұзындығы 300 метрге жуық табанжолдың маңайын түгел тазалатып, содан кейін көлік жалдап шағыл тас төсетті. Одан әрі табанжол үстіне құрылыс талаптарына сай бетоннан жабынды төсетіп, оны қыс түспей пайдалануға берді. Бүгінде Н.Байменов салдырған сол жолмен әрі-бері емін-еркін жүріп жүрген ауыл тұрғындарының үлкені де, кішісі де Нұржан жерлестеріне дән риза.

– Енді күн жылынып, көктем шыға баспалдақ жолдың екі жағындағы қырат беткейлеріне сәндік ағаштарды, шырша көшеттерін отырғызу ойымда бар, – дейді алғыс арқалаған азамат. Біз ауылын көркейтіп қана қоймай, жерлестеріне жақсы жағдай жасауға ұмтылып жүрген азаматтың ісіне тек сәттілік тіледік.

 

Орынтай КӨМЕКОВ,

Түркістан облысы,

Түлкібас ауданы