Өндіріс • 10 Қаңтар, 2025

Мырышты терең өңдейтін зауыт

38 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкентте бұрынғы қорғасын зауытының орнында «Standard Steel KZ» серіктестігі мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңін іске қосты.

Мырышты терең өңдейтін зауыт

Бүгінде ІІ дүниежүзілік соғыс тура­лы сөз бола қалса, «жауға атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған» деген дерек алдыңыздан шығады. Шымкент қорғасын зауыты 1934 жылдың 20 қаңтарында бірінші қорғасынын шығарды. 1937 жылы зауыт одақтағы қорғасын өндірісінің 75,3 пайызын өндірді. Алайда тәуелсіздікті енді алған тоқырау жылдарында зауыт қайта-қайта істен шығып, қоршаған ортаға ауыр залалын тигізе бастады. Зауыт маңындағы өңделген өндірістік қалдық көлемі 2,5 млн тоннадан асты. Ел ішінде түрлі ауру көбейді. Экологтер дабыл қақты. Өндірісте әбден пайдаланылып, зиянсыз қалдық ретінде сыртқа шығарылған үйіндіні зерттеген ғалымдар одан тұздармен ластанған мырыш, мыс және мышьяк сияқты ауыр металдарды тапқан. Қала тұрғындары демікпе, анемия, аллергия сияқты созылмалы ауруға көп шалдыға бастады.

Сол кезде техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Әшіров ағзаға сіңген қорғасынды шығару мүмкін еместігін айтып еді. Яғни қорғасын қандай мөлшерде болса да суда, ауада жинала береді. Ал уланған адамның көп өмір сүре алмайтыны белгілі. Бұл зауытта өзіміз де сан мәрте болдық. Құрылысы қаусап, ескі технологиясы лекерлеуге келмейтін зауытты сырып тастамастан басқа амал жоқ-ты. Шетел инвесторлары да тәуекелге бара алмай тұрғанда, құтқарушы өз елімізден табылды. Ол – «Саутс-ойл» компаниясының президенті, талай өндіріс орындарын аяғынан тік қойған іскер азамат Серікжан Сейітжанов. Кәсіпкер зауытқа 13,3 млрд теңге, ал жанындағы индустриялық аймаққа 30,8 млрд теңге инвестиция тартты. Мырыш оксидін өндіретін зауыт жылына 300 мың тонна қалдықты өңдейді.

Еліміз үшін аса маңызды зауыттың екінші кезеңіне арнайы келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, «Саутс-Ойл» компаниясының қалдықтарды өңдеп, одан шетелдерге экспортталатын өнім­дерді айырып отыруы – үлкен ерлік.

Мемлекет басшысы ауыр өнеркәсіп­­­тегі қал­дықтарды экологияға әсер етпей­­­­­­тіндей терең өңдеуді міндеттеген еді. Бұл өз кезегінде табысты орындалып келеді. Мәселен, осы зауыттың мырышты концентраттарын Еуропа елдері мен Қытай сатып алып жатыр.

«Мемлекет үшін ауыр өнеркәсіп те, экологиялық ахуал да өте маңызды. Мырыш оксидін өңдейтін осы жаңа зауыт екі жағын да қамтып отыр. Бұл өткен жылдың соңындағы жағымды жаңа­лық­тар­дың бірегейі болды. Сон­дық­тан ресми ашылуға арнайы келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановқа, жобаны қаржыландырып отырған «Bereke Bank» АҚ Шымкент қаласы филиалының төрағасы Марат Өтемісовке шын жүрек­­­тен алғыс айтамын», деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Серікжан Сейітжановтың сөзінше, қосымша пештер іске қосылған соң өңдеу қуаттылығы да өсе түседі. Қазір индустриялық аймақта 176 700 шаршы метрді қамтыған өндірістік нысандар да­йындалып жатқан көрінеді. Сол кезде 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыттағы құрылғылар Еуропа мен Қытайдан әкелінген. Қызметкерлер де шетелде білімдерін жетілдірген екен. Индустриялық аймақ пен зауытқа тар­тыл­ған инвестиция көлемі 50 млрд теңгені құрайды. Тиісінше, он жыл ішінде қазынаға 36,7 млрд теңге салық түсімі аударылған.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

журналист

 

Шымкент