Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2024

Албырт шақтан – ақсақалдыққа

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шығыста «қуаныш деген – рух саулығы, бұл сезім неғұрлым көбірек болған сайын кеңістіктен қуатты соғұрлым көбірек тартады» деген түсінік бар. Албырт шағында оқуға ден қойып, жігіт шағында армандаған асуларына беттеп, отызда орда бұзып, қырықта қамал алған бұл адамды Жетісу өңірінде көш басында жүргендер жақсы біледі.

Албырт шақтан – ақсақалдыққа

Алматыдағы Қазақ ауыл ша­руа­шы­лығы институтын агроном маман­дығы бойынша үздік аяқ­тай­ды. Мұнан кейін туған ауы­лына оралып «Үшарал» кеңшары­ның қауіпсіздік техникасы жөнін­­дегі инженерінен «Ынталы» кең­шарының директорына дейін сатылап көтерілген. Осында бірінші болып шаруашылық есеп-тәсіл енгізілді. Жаңашыл басшының ойлағаны орындалып, аз уақытта «Ынталы» өзге ша­руа­шылықтардан оқ бойы озық кө­рінді. Аудан басшылары жас ма­манның іскерлігіне риза болып, Алакөл аудандық ауылша­руа­шылық басқармасының төрағасы лауазымына ұсынғаны сондықтан.

1985 жылдан бастап партия және мемлекеттік атқарушы органдарда жауапты қызметтерге араласқан Тұрсынбай Шантуұлы жас та болса біліктілігімен төңі­ре­гіне танылып, Қазақстан ком­партиясы Талдықорған облыстық комитетінің инспекторы, Қаратал аудандық халық депутаттары кеңе­сі атқару комитетінің төраға­сы қызметтерін атқарды.

Қараталда атқару комитетін басқарып жүрген жылдары қа­былдауына ауданның беделді ақсақалдары келіп, Ескелді, Бал­пық бабаларының басына тас қойып, кесенелерін жаңғырту туралы ойларын ортаға салғаны бар. Олардың ұсынысын орынды деп санап, аудандық партия комитетінің бірінші басшысын құлағдар етеді. Басшы ақса­қалдар ұсынысын аяқсыз қал­дыр­ғанды жөн көреді. Тұр­сын­бай Шантуұлы бірінші басшы­ның кезекті еңбек демалысына кеткенін пайдаланып, аудандық атқару комитетінің сессиясында бабалардың есімін жаңғырту мақсатында қор құруға шешім қабылдайды. Кейін осы қор қар­жысы көпшіліктің қол­дауы­мен еселеніп, көне кесенелер жаң­ғыр­тылып қана қоймай, баба мұра­лары жарыққа шыға бастады.

Қараталдан соң мемлекеттік мүлік жөніндегі Талдықорған аймақтық комитеті төрағасының орынбасары, жаңа экономика­лық құрылымдарды қолдау және моно­полиялық қызмет жөнін­дегі Талдықорған облыстық ко­ми­тетінің төрағасы, Прези­дент Аппараты және Министр­лер кабинетінің ұйымдастыру бө­лімінің бас инс­пекторы, Тал­ды­қорған облысы әкімінің орынбасары, Баға және моно­полияға қарсы саясат жөніндегі комитеттің Талдықорған облысы бойынша төрағасы, Бөрлітөбе, Алакөл, Сарқан аудандарының әкімі болып қызмет істеді. Кейінгі жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы облысы бо­йынша департаменті­нің директоры лауазымдарында бол­ған ол қазір «Газ» шаруа­шылығының арнайы жинақтау-жөндеу басқармасы» ЖШС-ын басқарып келеді.

Тұрсынбай Ғалиновты Бөрлі­төбе ауданының әкімі болып тағайындалған 1995 жылдан бері біле­мін. Жетпіс жыл кеңес өкі­ме­ті­не еті өлген пәрменсіз пар­ламент­ті, дәрменсіз үкіметті, қау­қар­сыз қоғамды, әлжуаз заң­ды көр­дік. Балабақшалар жа­был­ды, кітапханалар құлып­талды, ру­хания­тымыз құлдыра­ды. Мил­лион­да­ған мал басы, мың­да­ған техни­камыз көз­ден бұл­бұл ұшты. Ұстағанның қолын­да, тісте­ген­нің аузында кетті. Осын­дай өліарада онсыз да кежеге­сі кейін кетіп бара жатқан аудан­ды басқару оңай емес-ті. Өтпе­лі кезеңнің өкпек желінде дірдектеген жұртқа пана болуға тырысты.

Аудан тізгінін жаңадан алғанда қарауындағыларын «ұзын арқан, кең тұсаумен» ұстайтыны талай әңгімеге арқау болатын. Берген тап­сыр­маның мұқият орындалуын қа­дағалаусыз қалдырмайтын. Еңбек адамдарының хал-жағдай­ларын біліп, істі ілгерілетудегі білгірлігін көз көргендер әлі күнге айтады.

Бөрлітөбе ауданы экономика­сының ауқымды бөлігі Лепсі металл бұйымдары зауытының өні­мі­не қатысты болатын. Тұр­сын­­бай аудан тізгінін алғанда сонау қыр­қыншы жылдардан бері жұ­мыс істеп келе жатқан зауыт шикі­зат­­тың, жанар-жағар майдың жоқ­ты­ғынан шатқаяқтап тұрды. Аудан басшысы білікті мамандармен ақыл­­дасып, Қараған­дымен бай­ла­­ныс жасап, зауыт цехтарына азды-көпті жан бітірді. Кейінгі басшылық осы тізгіннен айырылып қалды.

Тұрсынбай Ғалиновтың кезін­де Қарашыған өңіріндегі көкөніс, бақша дақылдарын өсіру үрдісін жалғастыру мақсатында платина құрылысы қолға алынды. Қажетті жұмыстар қуатты техникалардың көмегімен жүзеге асырыла бастаған кезде әкім орынтағы басқа аза­мат­қа бұйырып, жұмыс жал­ға­сын таппады. Сонымен қатар аудан ор­талығы Лепсіде мешіт салуға де­меушілердің көмегі­мен қызыл кір­піш жеткізі­ліп, ірге­тасы қаланып, қабырғасы көтеріле бастағанына да куә болған­быз. Бас­тамашы басшы қыз­­мет ауыстырған соң осынау ша­ра­патты іс те аяқсыз қалды.

1996 жылы Тұрсынбай ағамыз өзі туып-өскен Алакөл ауданының әкімі болып тағайындалды. Осы ауданда жоғары оқу орнынан кейін мамандығына сай еңбек жолын бастап, шаруашылық басқар­ған тәжірибелі азамат айдынды Алакөлдің адымын ашуға бір адамдай еңбек сіңірді. Ауданға тұң­ғыш Президент жұмыс сапарымен келгенде аудан басшысы көкейкесті мәселелерді көтерді. Достық кен­тіне су тарту, кедендік ба­қылау жұмыстарын, кедендік баж салы­ғын жүйеге келтіру, Үшарал-Ақ­то­ғай аралығына жо­ғары кер­неулі электр желісін тарту жүзеге асырылғаны көпке аян. Сондай-ақ ел қорғаны Қа­бан­­бай батырға аудан аума­ғын­­да еңселі ескерткіш ор­нату үшін қор құ­рылып, әкім баста­масымен ел­дің атын шығарған ер есі­мін ұлық­тау жүзеге асып жатты. Сон­дай-ақ шекаралас аудан әкім­­де­рінің қатарында Қазақстан-Қытай арасындағы шекараны бекі­туге тікелей қатысқанын аға­мыз әңгімесіне арқау етіп отырады.

Біздің буынның «облыс, аудандарды бір-біріне қоссақ, байып шыға келеді» деп жағасын түзеп, етегін қымтап келе жатқан қа­лың елді сапырылыстырып жі­бер­ген жылдарды бастан өт­кер­­ге­ні бүгінде тарихқа айналды. Осы эксперименттен толымды нәтиже шықпағаны көпке аян. Билік шешім қабылдарда өзде­рі­мен санаспаған шерменде жұрт өз жерінде шетқақпай болып қалды. Бір парақ анықтама үшін шалғайдағы елден аудан орта­лығына жету көпшілікке мұң болды. Бөрлітөбе ауданы тарап, Сарқан ауданына қызмет бабымен ауысқан біз аумалы-төкпелі кезеңді де, біз білетін Тұрсынбай Ғалиновтың 1998 жылы іріленген ауданға басшы болып келгенін де көзіміз көрді. Алымды да шалымды іс-қимылы арқылы аудан тынысына өзгеріс енгізуге ұмтылған әкімнің жекеменшікке негізделген ауыл шаруашылығын ыдыратпай, өнімді еселеуге ұмтылған талпынысы текке кеткен жоқ. Шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында облыстық «Казсель­хозтехника» бірлесті­гінен «Джон-Дир» маркалы амери­калық 30 комбайн жеткізі­ліп, сол бір жылдарды диқандар нәтижелі аяқ­тап, қамбаға дән толды. Бұған дейін Ақсу ауданына беріліп кеткен Қарашыған ауылдық округін облыс әкімінің қолдауымен Сарқан ауданының құрамына қайтарып, шалғайда қалған шарасыз елдің еңсесін көтеруді ойластырды.

Сарқан ауданының тізгінін ұстаған кезде Тұрсынбай Шанту­ұлы ауыл әкімдерінің, учаске­лік полиция өкілдерінің ауыл тұр­ғындары алдындағы есеп беруін жұмыс тәртібіне енгізді. Кейіннен ел алдындағы жауапкершілік республика бойынша қолға алынға­нын ағамыздың көрегендігі демеске лажымыз жоқ.

Мемлекеттік қызметтегі же­місті жылдарының айғағын­дай өңірінде «Құрмет» ордені жарқырады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қос­қан үлесі үшін Алматы облысы­ның, Талдықорған қаласы­ның, Қаратал, Алакөл, Сарқан, Ескел­ді аудандарының құрмет­ті азаматы атанды, «Қазақстан Рес­публикасының табиғи монопо­лияларға қарсы қызметі­нің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Елдік мүдде, ұлт намысын ойлайтын ақсақалдарымыздың сапы нығая бергей.

 

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі