
Мен осы басылымда жүргенде елімізде тәуелсіздік таңы атып, газет атауы алдымен «Егеменді Қазақстан», көп ұзамай «Егемен Қазақстан» деп ауысты, ең бастысы, заман, ғасыр ауысты, қазақтың астанасы ауысты – осындай ел тарихындағы тағдыршешті оқиғалар қара шаңырақ басылым беттерінде қатпарлы шежіредей қатталып қалды. Ғасырдан аса ғұмырында ұлт басылымы редакциясында Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ғабит Мүсірепов сияқты ұлылардың ізі қалса, тәуелсіздік таңы атқанда оның тізгінін Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбайұлы сияқты ірілер ұстады. Маған тағдыр қара шаңырақ басылым тізгінін тәуелсіздік тұсында ұстаған басшылардың бәрімен бірге етене еңбек етуге мүмкіндік туғызыпты. Бас басылымның тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш бас редакторы – Шерхан Мұртаза кезеңінен «Егемен Қазақстан» газеті «Қазақ газеттері» серіктестігінің құрамына енгенге дейінгі жеті жетекшімен де қызметтес болудың сәті түскен екен. Бұл, әрине, журналист үшін үлкен мектеп деп ойлаймын.
Ел газеті «Егеменнің» ғана емес, барша ел тарихындағы айшықты кезең жаңа астанаға қоныс аудару болатын. Енді осы айтулы оқиғаның ортасында жүрген куәгер ретінде бір-екі ауыз сөз айтайық.
Жаңа астананың Ломоносов көшесінде қоныстанған Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігінің екі қабатты ескі ғимараты 1998 жылы Үкімет шешімімен елдің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті редакциясына берілді. Бұл кезде Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы, бас редактор Уәлихан Қалижанов болатын. Мен бас редактор орынбасары едім. Содан жөндеу жұмыстары басталып кетті. Күзге қарай бас редактор тізгінін Ержұман Смайыл ұстады да, мен бірінші орынбасар, Жанболат Аупбаев орынбасар қызметіне кірістік. Газеттің Астана филиалын басқарып, көшуге дайындықты жеделдету үшін министр тапсырмасымен шұғыл түрде бас қалаға қоныс аудардым. Арада төрт-бес ай өткенде, 1999 жылдың ақпанында редакция толық көшіп келді. Бас қалаға алғашқылар қатарында қоныс аударған бас газет ұжымы орналасып алған соң, айналамен асықпай таныса бастадық. Редакция ғимаратынан таяқ тастам жерде, тіршілігі қыз-қыз қайнаған «Артём» базарының маңайында сиқы кеткен, қысқалау «Қазақ» деген көше бар екен. Кеңес дәуірінде «Өзбек», «Ташкент» көшелерін көріп едік, мұны бауырлас көршілерге құрмет деп түсініп едік. Ойпырмай, қазақ жерінде, оның бас қаласында осындай көше бар екен-ау деп таңырқап, «Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылғы 11 қарашадағы нөмірінде мынадай жазба қалдырған екенбіз:
«Астананың қақ ортасында көріксіздеу жатаған үйлер тізілген «Қазақ» көшесімен жүрген сайын қазақ жерінде «Қазақстаннансың ба? деген сауал естігендей (студент кезімізде Қостанай жеріне астық жинауға барғанда келімсектерден осындай сөз естіп, соңы қырғын төбелеске ұласып, аурухана мен сотқа дейін жеткен едік) әрі-сәрі күй кешемін. Үндістердің өзі жойылып кетсе де, солардың көзіндей Потомак өзені Вашингтонды қақ жарып, сылдырай ағып жатқаны ойға оралады... «Қазақтың» төңірегінде орыс, неміс не кәріс көшесі деген атаудың көзге ұшыраспайтыны қынжылтады. Шүкір, біз қазақтар бармыз, түгелміз ғой, мемлекетіміз де дін аман (әлде оның өзі бар болса да рухы өліп, намысы тапталды ма?). Ал біздің, қазақтардың құрметіне ескерткіш ретінде көше берудің қажеті бар ма еді, құзыры мықты мырзалар?! Әлде бұл көшені қызыл империяның көзіндей сақтағысы келетіндер бар ма?..».
Бір емес, қайта-қайта жазып жүріп, әлгі көшенің Шәкен Аймановқа ауысуына қол жеткіздік. Астана Арқаға көшпесе, әлгі көше әлі де тұрар ма еді, кім білсін? Астана Сарыарқа төсіне келмесе, ширек ғасыр ішінде мұндағы қазақтың үлесі 18 пайыздан 81 пайызға жетпес еді. Мұны іргелес жатқан Павлодар, Петропавл, Өскемен қалаларының қазіргі жағдайына қарап анық болжайсың. Астана солтүстікке көш түземесе, қазақтың өсімі бұрынғыша Қызылорда мен Алматы арасындағы белдеуден аспай, сол өңірлерде әлеуметтік қиындықтар да өрши түсер еді. Астана елдің төріне қарай жылжымаса, халықты біріктіретін, жұмылдыратын, құлшындыратын, үміттендіретін ұлттық идея да тумас еді. Сондықтан тәуелсіздік тұсындағы ең айшықты, тағдыршешті оқиғамыз – ежелгі Ақмоланың ел ордасына айналып, оның төрінде Кенесары ханға ескерткіш орнатылуы деп қашанда риясыз айтып жүрміз және айта да береміз. «Тақ ауған жаққа бақ ауады» дегендей, Астанасы түсінікті, Кенесарысы несі, атақты хан мен батыр, билер ел ішінде жетіп-артылады ғой деушілер табылар. Еліміздің әр өңірі өз атасына, өз батырына, өз биіне, өз хатшысына, өз жазушысына, өз сауыншысына ескерткіш қойып, мектеп, көше берудің, сөйтіп біртұтас елді, халықты бөлудің, іштен ірітудің бәсекесіне түсіп кеткенде елорда салу сияқты қазақты біріктіретін идея – Кенесары хан тұлғасы (барша қазақ тәу ететін тұлғалар бейнесі шалғай өңірде емес, ел төрінде тұрмай ма?). Халқының азаттығы, болашағы үшін семсер жүзінде серт беріп, ауыздықпен алысқан атынан түспей, айқаста шейіт болған бабаның рухы, күресі, идеясы бізді біріктіреді. Қашанда ел қорғаудан, халық мүддесінен, азаттық, тәуелсіздік, дербестік, ұлттық мүдде рухынан қасиетті ештеңе болмайтынын баяндайды бізге тастұғырдағы баба бейнесі. Ендеше, әрбір ірі мегаполис, облыс орталығында Кенесары ескерткіші, Кенесары алаңы болуы керек. Ендеше, кешегі тың астанасынан Алты Алаштың анасына айналып келе жатқан бас қаланың үрдісінен басқа қалалар да үлгі алады деп сенеміз...
Бірді айтып бірге кетпейік. Тау етегіндегі әсем Алматыдан кейін бораны ұлыған Арқаның қысы кімге ұнай қойсын? Оның үстіне редакция маңына көз салсаң, көңіл құлазиды. Тың игеру басталғанда уақытша тұрғызылған екі қабатты ағаш барактар. Құжынаған сиықсыз дәретханалар үй алдында сап құрап тұр. Одан әрі іргетасы жерге сіңіп кеткен үйлер жанында жылу беретін алып құбырлар. Сол құбыр үстінде мәңгіп, өмірден күдерін үзіп, жылынып отырған үйсіз-күйсіз тағдырлар. «Жуковка» деп аталатын (Ломоносовқа қапталдас жатқан келесі көше ақын Жуковский атында екен, кейін Бейсекбаев болды) бұл аймақта айқай-шу, дау-дамай басыла қоймайды. Өйткені қалада түнде спиртті ішімдік пен есірткі сататын үйлер осында екен. Бұл өзі шаһардың дәл кіндік тұсы, Абай мен Кенесары көшелерінің ортасында. Біз көшіп келген соң, қазір аллеяға айналған гүлзарға фонарлар мен орындықтар қойылды. Ай сайын соның бәрі қирап қалатын. Бұл жерге жарық түскенін, тәртіп орнағанын қаламайтындар көп еді ол кезде. Көз алдымызда біртіндеп өзгерді осы аймақ. Оның өзгеруіне Сауытбек Абдрахманов жетекшілік еткен «егеменқазақстандықтар» да өзіндік үлкен үлес қосты. Қаламды уақытша қайлаға айырбастап, журналистер қауымы да құрылысшыға айналдық. Елуінші жылдары салынған үй едәуір қаржы жұмсап, қанша жөндеп, жамап-жасқасақ та, апатты жағдайға жеткен соң, жаңа ғимарат тұрғызу әрекетіне кірістік. Қалалық әкімдік оны тағы да жамап-жасқап жаңғырту жұмыстарына рұқсат бермеді. Негізгі міндеті газет шығару болып табылатын редакция басшылығына осы жобаны іске асыру оңайға соққан жоқ. Мекеме жарғысында қарастырылмағандықтан, белден басып, беделді салып, қаржы көзін табу, рұқсат алып, маман тауып, арзан әрі сапалы етіп құрылыс жүргізу тәуекелі де, машақаты да көп азапты шаруа екен. Сегіз қабатты ғимарат газеттің тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілді. Үнемделген қаржыға бас офис жанындағы ескі редакция ғимаратын көзіміз қимаса да сүріп тастап, екі жатақхана тұрғыздық. «Жастар» шағын ауданында 5 қабатты тұрғын үй кешенін салсақ, дәл редакция іргесінен тоғыз қабатты «Егемен» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Пәтерсіз қызметкер қалған жоқ. Басылымның тоқсан жылдық тойында Ломоносов «Егемен Қазақстан» газеті» көшесіне айналды. Айнала өзгере бастады. Реновация бағдарламасына сәйкес барак үйлердің мұрты бұзылды. Арақ сататын үйлер көлік жөндейтін шағын шеберханаға айналды. Бұрынғы барактар орнында Қаламгерлер аллеясы салынып, Алаш арыстарының ескерткіші қойылды. Енді, міне, соған қапталдасып Журналистер аллеясы ашылды. Кешегі «Жуковканы» көзі көргендер үшін бұл шынайы қуаныш емес пе? Өмірімізде осындай нақты өзгерістер болғаны, оған өзіңіз де азды-көпті үлес қосқаныңыз – бір мәртебе. Ендеше, елмен, бас қаламен бірге біз де өзгере берейік, өсіп-өне берейік! 105 жыл еліне қалам қарымымен қызмет етіп келе жатқан қара шаңырақтағы әріптестердің қашанда жазары таусылмасын!
Еркін ҚЫДЫР,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Egemen Qazaqstan» АҚ экс-президенті