
«Еңбекші қазақ» газетінің күнделік болып шыға бастаған уағы – Қызылордаға келген соң, декабрь айының басы, 1926 жыл. Қазір жетінші айға кетіп отыр. Басқарма бұдан 2-3 ай бұрын июльдің 10-нан бастап, февральдің 10-на дейін (6 ай) «Еңбекші қазақта» мақалалардың, уақ хабарлардың қанша басылғанын, кім-кімдердің газетке жазып келгенін, қандай бөлімдердің барлығын, газеттің қай гүбірнеде қанша таралып, қай жерден хабарлардың көп жазылғанын байқауға есебін алды.
І Алты айда газетке басылған хабарлар:
- Сырдариядан 568 хабар басылған;
- Ақмоладан 222 хабар басылған;
- Ақтөбеден 196 хабар басылған;
- Семейден 191 хабар басылған;
- Орал-Бөкейден 165 хабар басылған;
- Қостанайдан 84 хабар басылған;
- Жетісудан 65 хабар басылған;
- Қарақалпақтан 36 хабар басылған;
- Адайдан 25 хабар басылған;
Бәрі : 1553 хабар.
Орта есеппен әр газетке 15-25 хабар, ел хаттары басылып отырған болып көрінеді.
Соңғы уақытта бұдан да көп басылады.
Партия бөліміндегі ұсақ хабарлар бұл есепке кірген жоқ. Олар – 80.
ІІ Алты айда қай бөлімге қанша ірі мақалалар басылған?
- Шаруашылық бөлімі – 230 мақала;
- Партия бөлімі – 91 мақала;
- Ағарту бөлімі – 73 мақала;
- Жалшы-батырақ – 55 мақала;
- Кеңес құрылысы – 50 мақала;
- Тілшілер-баспасөз жайы –33 мақала;
- Әйелдер бөлімі – 24 мақала;
- Денсаулық бөлімі – 33 мақала;
- Жастар бөлімі – 9 мақала;
- Науқанға арналған – 30 мақала;
- Айтыс мақалалар – 23 мақала;
- Сот бөлімі – 21 мақала;
Барлығы: 682 мақала.
Бұл – негізді бөлімдер. Бұлардан басқа газет сайын «Сыртқы хабарлар», «Ұлт республикаларында», «Гүбірнелерде», «Ел шаруаларымен әңгіме», «Өлкелік мекемелерде», «Сын», «Оқшау сөз, өлең», «Өнер-білім», «Басқармаға хат», «Басқармадан» сықылды ұсақ бөлімдер де болып келді. Бұл бөлімдердегі ұсақ хабарлар жоғарғы есептердің ішінде жоқ.
ІІІ Қай гүбірнеде қанша газет алдырушылар бар?
- Ақмолада – 2625;
- Сырдарияда – 1199;
- Жетісуда – 697;
- Орал-Бөкейде – 573;
- Семейде – 433;
- Ақтөбеде – 416;
- Қостанайда – 314;
- Қарақалпақта – 112;
- Адайда – 40;
- Қазақстаннан тысқары жерлерде – 625;
- Қызылорда қаласында – 475;
- Запас қалатын, жұмыскерлерге, қызметкерлерге үлестірілетін, қалада сатылатын – 450;
Бәрі: 7959 газет.
Газет саны ай сайын өспесе, кеміп келе жатқан жоқ. Жазға әр жерлерге агент жіберіп отырмыз. Осы күні де жер-жерде газет алдырушылар жинап жүргендер бар.
ІV партияның нұсқауы.
Алты ай бойына өлкелік партия комитетінен алған нұсқаулар, басқармадан сұрап жазған, ескеруге деп басқармаға жіберген қағаздар – 20.
Бұлардың ішінен:
Баспасөз бөлімінен келген – 9 қағаз;
Үгіт-насихат бөлімінен – 8 қағаз;
Бюродан – 2 қағаз;
Секретариаттан – 1 қағаз.
Қызылордаға келгеннен бері орталықтағы қазақ қызметкерлерінің газет туралы жиылысы 2 рет болды.
V Басқарма қызметкерлері.
Шығарушыдан бастап, жабайы қызметкерлердің бәрін есептегенде «Еңбекші қазақ» газетінің 21 адамы бар: шығарушы, оның орынбасары, жауапты хатшы, 7 әдеби қызметкер, 3 контор қызметкері, 2 корректор, 1 іс жүргізуші, 1 көшіруші, қағаз таситын, ат айдайтын, үй сыпыратын үшеуі – бәрі 21.
Осылардың тең жартысынан артығы (60 процент) – коммунист, комсомол.
VІ Қаражат жағы.
Әрбір шыққан күнделік нөмірге орта есеппен 530 сом ақша кетіп отырады:
1 басқан-терген үшін – 235 сом;
- қағазға (8000 дана) – 100 сом;
- адрес жапсыруға, бүктеуге – 20 сом;
- Поштамен таратуға – 30 сом;
- гонорарға (екі табақ) –50 сом;
- кеңсе шығыны, страховой местком – 5 сом;
- қызметкерлерге (бір нөмірге) – 90 сом;
Бәрі: 530 сом.
Сол уақытта «Еңбекші қазақтың» жылдық құны өзімізге 20 сом тұрады.
Жылдық газет қазір 5 сом 50 тиыннан сатылады. Сонда әр нөмірге 14 сом 50 тиын зиян қылып отырамыз.
Әрине, бұдан қымбаттатуға қара шаруаның қалтасы көтермейді.
1922-1925 жылдардан бері мекемелерден алатын ақшамыз – 8 мың сом, әр кісілерден алатынымыз – 3 мың 700 сом, агент болып, елге шыққанда соғып кеткен кісілер де жоқ емес.
Осы алашақтарымызды сот арқылы, тиісті мекемелер арқылы сұратып отырмыз. Бірақ түсуі аз. Бір нөмір газетке 530 сомнан жұмсалғанда, бір жылда шығатын 300 нөмірге 159 мың сом керек.
Биылғы үкіметтің «Еңбекші қазаққа» беріп отырған қаржысы – 89 мың сом.
Бұл күйінде газет өз шығынын өзі жаба алмақшы емес. 7 мың 500 газет жылдық алдырушыларға тарайды дегенде 5 сом 59 тиыннан 41 мың 250 сом түсірмекші. Сонда да ар жағында 30 мыңдай сом керек болады.
Алдырушылардың жарты жылдық, үш айлықтары бар екені естен шықпасын.
VІІ Газетке жазатындар кім?
Алты айдағы газеттің мақалаларын қарап отырғанда мақаласы көбірек ұшырайтын азаматтар басқарма қызметкерлерінен басқа мыналар:
Сәдуақасұлы, Тоғжанұлы, Байділдаұлы, Жәрменұлы, Аймауытұлы, Нақымжанұлы, Тоқжігітұлы, Жүсіпбекұлы, Дулатұлы, Шонанұлы, Сұлтанбекұлы, Ж. Жолдыбайұлы және басқарманың тілшілері.
Жауапкер қызметкерлердің қанша қолқабыс көрсетіп-көрсетпегені осыдан білінсе керек.
Бірсыпыра цифрлар дайын болмағандықтан мұнда жазылған жоқ. Реті келгенде оқушыларымызға оларды да таныстырамыз.
«Еңбекші қазақ» газеті 16.05.1926 жыл
Дайындаған –
Ұшқын Сейдірахманұлы