Алматы • Кеше

Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарашаның 25-і әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні. Осыған байланысты алматылық полицейлер кешенді шараларды қолға алып отыр. Медеу аудандық Полиция басқармасында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» республикалық акциясы бастау алды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталды

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан науқан отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аудару, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

Биылғы науқан Медеу ауданы аумағында 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жүргізілмек. Науқанның негізгі міндеттері халықты зорлық-зомбылықтың түрлері мен салдары туралы ақпараттандыру, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру, жәбірленушілерге көмек көрсететін қызметтердің байланыс деректерін тарату, қоғамда зорлықсыз мінез-құлық, өзара құрмет, түсіністік және қолдау мәдениетін қалыптастыру, жастарды және қоғамдық ұйымдарды профилактикалық жұмыстарға тарту.

«Бұл акция зорлық-зомбылықсыз, кемсітусіз және қорқынышсыз өмірді қолдайтын әлемдегі миллиондаған адамдарды біріктіреді. Әрбір адам зорлық-зомбылық жеке отбасының ғана мәселесі емес, ол адам құқықтарын бұзу екенін және оған қарсы шара қолдану қажет екенін түсінуі маңызды. Акция аясында Медеу ауданындағы мектептерде ашық сабақтар мен сынып сағаттары өтіп, ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылады. Жұртшылыққа психологтар мен заңгерлер құқықтық кеңес береді», дейді Медеу аудандық Полиция басқармасының өкілдері.

Полиция қызметкерлері қандай да бір зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе осы сипаттағы келеңсіз оқиғаға куә болғандарды үнсіз қалмауға шақырды. Ол үшін 102 нөмірі арқылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығына хабарласуға болады. Ал, «Балаларға арналған сенім телефоны» – 150.

 Айта кетер болсақ, «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» халықаралық акциясы алғаш рет 1991 жылы АҚШ-тағы Әйелдердің жаһандық көшбасшылығы орталығының бастамасымен өтккен болатын.